Криптовалютаға телміргендер көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Криптовалютаға телміргендер көбейді

09.11.2017

Қазір әлемде криптовалюта деген түсінік бар. «Бұл - электрондық ақша. Оның түрі көп. Биткойн, литкойн, тағысын тағылар. Енді осының технологиясын елімізде дамыту қажет», - дейді бүгін Алматыда бас қосқан Қазақстан Интернет-бизнес қауымдастығының өкілдері.

Алайда, естеріңізде болар, осыдан 15 күн бұрын Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев криптовалютаның қауіпті екеніндігін ресми түрде ескерткен еді. Ал, бағасы алтынның өзін артта қалдырған биткойнға қатысты жұрттың пікірі әр алуан.

«Біреу тиыннан теңге құраймын дегендер үшін таптырмас табыс көзі», -  дейді. Енді бірі, «бұл кәдімгі қақпанға түсіретін тұзақ»,  - дейді. Ал, Қазақстан Интернет-бизнес қауымдастығының басшысы «Электрондық ақша салық, жарна төлеуден біржолата құтылудың оңтайлы әдісі»,  - деп отыр. Оның сөзінше, мұнда еш делдал болмайды. Сөйтіп, биткойн мен блокчейнді дамытсақ, елде сыбайлас жемқорлық азаяды-мыс.

Константин Горожанкин, Қазақстан Интернет-бизнес қауымдастығының президенті:

 - Қазақстанда блокчейн технологиясы мен биткойнның болашағы зор екеніне сенімдімін. Себебі, олар бірқатар мәселелерді шешіп қана қоймай, жақсы жағына өзгертетіні анық. Бұл жүйенің кем-кетігін әлі де зерттеп жатырмыз.

Әзірге бізге жат бұл жүйе толық зерттеуден өткен жоқ. Бірақ, осы салада «оңай олжаға кенелесіңдер» деп жүрген мамандар Алматы, Астана, Павлодарда биткойн сатып алушылардың саны артқандығын айтты. Бірақ, жұрттың пікірі екіге бөлінген. Кейбіреулер криптовалютаның не екендігінен мүлдем бейхабар. Ал, желіге желімдей жабысқандар «пайдаға кенелеміз», деп қос алақанын ысқылап отыр.

Бекзат Ақжол, қала тұрғыны:

 - Мен бұл криптовалюта жүйесіне қарсы емеспін. Себебі, қазіргі таңда бір ғана жұмыспен отбасын асырау өте қиын. Қосымша жұмысты алып жүру керек.

Рамазан Пейізов, қала тұрғыны:

- Электрондық ақшаны жалпы өзім қолдамаймын. Өйткені, қазір ол бізге тиімсіз. Мен өзім қанша зерттесем де, түсінген жоқпын. Сол үшін әзір керек емес деп ойлаймын.

Енді бар ақшасын банкке емес, биткойнға құйып, желіге телміргендер  ескерсе, дейміз. Әрине, әркімнің өз таңдауы бар. Десек те, екі апта бұрын Ұлттық банктің төрағасы электрондық ақшаның қауіпті екендігін ресми түрде мәлімдеген еді. Тіпті бас банкир «Ауадағы ақшалар ғайып болса, Үкімет ескертпеді деп айтпаңыздар», - деді.

Данияр Ақышев,  ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

 - Мен криптовалютаны төлем бірлігі деп мойындамаймын. Қаржы жағынан қарасақ, криптовалютаның орталықтандырылған органы да жоқ. Сондықтан, бұл валюталарға кепілдік берілмейді. Былайша, айтқанда, алып-сатарлардың қойған құнымен бағаланады. Ал, оған салынған ақшаның сақталуына да ешкім кепілдік бермейді.

Кейбір қаржыгерлердің сөзінше, халық әліптің артын баққан жөн. Себебі, жалған ақша қашанда жарға жығады. Ауада қалықтаған бос қаржы қалай пайда болса, солай жойылады. Бұл - виртуалды дүние. 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу