«Билік айту оңай, біліп айту қиын». Бұл нақыл әсіресе, әділ төрелігін айтатын кез-келген судья үшін қаситетті парыз. Ол үшін Заң білу жеткіліксіз. Бастысы би адал, ақ болуы шарт.
Өкініштісі сол, біздегі сот жүйесі әлі күнге дейін соттардың қателігі, заң мен судья этикасын бұзу фактілерінен арыла алмай келеді. Мұны жұрт ауыр қабылдайды. Сотқа деген сенімсіздік осыдан туады.
Жекелеген судьялар дауларды қарау процесін әдейі созып, бюрократия мен түрлі әуре-сарсаңға өздері жол береді. Сондықтан, сот жүйесіндегі кадр саясатын әзірге мінсіз деу ерте.
Оның үстіне бізде құқықтық таластарды медиативтік жолмен шешу ісі өте баяу. Жұрт күткендегідей емес. Тек қылмыстық-құқықтық сипаттағы кикілжіңдерді бітімге келтіруде бұрынғы қылмыстық процестерде қолданылған шарамен шектелеміз.
Осыдан барып, сот жүйесінде отырсаң опақ, тұрсаң сопақ болып көрінетін дүние көп. Ал, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы олқылықтардың орнын толтырып, кем-кетікті түзеу үшін «5 белес, 100 қадам» деп аталатын бағдарламасында соттың үстемдігіне қатысты жеке-дара тоқталып, аталған бағдарламаны іске асыру үшін арнайы құрылған Ұлттық комиссияға біраз міндеттер жүктеді.
Қазақстанда кәсіби судьялар корпусы Тәуелсіздік жылдары қалыптасты. Жергілікті соттардан бөлек, мамандандырылған әкімшілік, экономикалық, қылмыстық, ювеналдық, кәмелетке толмағандар, әскери және қаржылық салада қазір 350-ден астам сот қызмет көрсетсе, олардың қатарында барлығы 2606 судья жұмыс істейді.
Әр жылдары жетілдірілген Заңдардың арқасында ауыр қылмыстарды қарайтын арнайы алқабилер институты да енгізілді. Тараптарды татуластырмаса да, бітімге келтіретін билік те осы сотқа берілген. Бірақ, бұл жүйенің тындырғаны шамалы болып тұр.
Оның үстіне төрт сатыдан тұратын сот алқасының кейбір құзыреті қайсыбір жылдары аймақтық соттарға берілді. Бірақ, жұрт бұл өзгерістен де сот өндірісінің өндіріп жұмыс істегенін көре алмай отыр.
Рахымбек Мамырбаев, ҚР Жоғарғы сотының судьясы:
Қазіргі кезде кассациялық саты да облыстық соттарда. Бірақ, аппеляциялық саты мен кассациялық саты арасындағы соттар дербес және тәуелсіз болуы үшін осы жерде реформа өткізіледі. Қазір талқыланып, Ұлттық комиссияда қаралып жатыр.
Төрде отырып төрелігін айтуы тиіс соттардың арасында бейқамдықтың барын Президент жиі айтады. Себебі, әлдекімдердің әділдікке әсер ететін ықпалы барын ұмытпайық. Яғни, аяқтан шалу, шындықты шідерлеп, тура биді тұсаулап тастайтындарға тоқтау болмай, тоқыраудан шығу мүмкін емес.
Нұртай Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Сотқа келіп түскен іске әрбір судья үлкен жауапкершілікпен қарап, адамдардың ең бірінші құқығы мен бостандығын қорғауға жұмыс істеуі керек. Сондықтан да, қазіргі кезде жүргізіліп жатқан реформалар осыған бағытталады.
Жаңа реформа би боламын, дейтіндердің білімі мен біліктілігіне жіті мән береді. Яғни, жұмыс іздеген соттар бұдан былай дербес құрылатын қазылық алқада сұрыпталады. Ол жерде судьялардың біліктілігі мен бірге тәртібі де терең зерттеледі. Одан соң конкурсқа қатысады.
Одан өтсең, Жоғарғы соттың кеңесі қарайды. Сосын барып, Президенттің тағайындау туралы Жарлығы шығады. Бүгінде жыл сайын еліміз бойынша белгілі себептермен 260 судья қызметтен босайды екен. Енді солардың орнын басамын, деушілерге жоғарыдағы сынақтардан сүрінбей өту шарт.
Рахымбек Мамырбаев, ҚР Жоғарғы сотының судьясы:
Соттар тек қана бір жыл мерзімінде сынақ мерзімінен өтеді. Сонан кейін барып бес жыл қызмет атқарған судьялардың білімін және соттағы тәжірибе ісін, сосын қараған істеріндегі істердің сапасын тексеріп, сот алқасы тағы да біліктілігін тексеріп, сонан кейін барып қана судья болып тағайындалады. Және қазіргі таңда судьяларды 25 жасынан тағайындаса, жаңа жоба бойынша ол мерзімді 30 жастан тағайындау көзделініп отыр.
Президент жария еткен «5 белес, 100 қадамда» Астананы арнайы қаржы орталығына айналдыру көзделген. Демек, Елорда ел экономикасының негізгі эшалоны болады. Ал, осы тұста сырттан келетін қаржы ағынына қолайлы климат қалыптастыру сот жүйесіне де тікелей қатысты болмақ.
Бір сөзбен айтқанда, елімізде енді инвестициялық сот құрылады. Ол елдегі инвестициялық ахуалды жақсартып қана қоймай, инвесторлардың құқығын қорғауға кепілдік беруі тиіс. Себебі, олардың ісі дамыған елдердегі секілді тез әрі Заң талабына сай қаралып, шығарылған үкім шұғыл іске асуы керек.
Рахымбек Мамырбаев, ҚР Жоғарғы сотының судьясы:
Ірі инвесторлардың істері мысалы жобада қазір көзделіп отыр ол – Жоғарғы соттың алқасында қаралады. Ал, басқа инвесторлардың даулары Астаналық инвестициялық сотта қаралады.
Ол шешімдермен келіспеген жақтар Жоғарғы сотқа шағымданады да аппелициялық алқамен нүкте қойылады. Сонан кейін ол тез орындалады. Инвесторлардың қойып отырған талабы осы.
Қазіргі қоғамда ең көп талқыланатын тақырыптың ең өзектісі - сот шешімдерінің сапасы. Нақтырақ айтсақ, сапасыздығы. Себебі, судьяға жүктелетін жүк ауыр. Сондықтан, күрмеудің көбі дұрыс шешілмей жатады. Мәселен, бір судья бір айда ұзын саны 200 астам істі қарап, қажетті шешім қабылдауы тиіс. Мұндайда ет пен сүйектен жаралған пенденің жаны сірі дегенге сену қиын.
Тағы бір мәселе. Сот қарайтын істердің ішінде түкке тұрмайтын, сүреңсіз іс көп. Кейде тіпті екі көрші бір тауыққа таласып, сотқа жүгініп жатады. Ал, мұндай істер судьялардың уақытын зая қылады.
Сондықтан, судьялар жеңіл-желпі істерді сотқа жеткізбей, атқарушы органдардан-ақ кейін қайтаруға болатынын айтады. Оның үстіне мұндай процестерге мемлекет жұмсайтын қаражат, ешқашан өзін-өзі ақтаған емес.
Биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесі бізде қашаннан тәуелсіз. Ал, бұл Тәуелсіздікті тұрақты дамыту үшін мемлекет соттардан еш дүние аяған емес. 2006 жылы сот қызметіне ел қазынасынан 11,2 миллиард теңге бөлінсе, қазір бұл қаржы 30 миллиард теңгеден асқан.
Өткен жылдары қазақстандық судьялардың жалақылары 60 пайызға артты. Біреуге кіріптар болмай, ашық, адал болсын, деп көбейтті. Қазір елімізде ең көп еңбекақы мен зейнетақы алатындар да осы барлық деңгейдегі судьялар.
Олардың зейнетақысы қазіргі таңда соңғы істеген қызметтік жалақысының 50 пайызы болса, келешекте бұл көрсеткіш 65 пайызға дейін жетпек.
Ілияс Сапарбекұлы, ҚР Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы:
Бірақ ол 65 пайыздан аспауы керек. Сондықтан, олар егер 65 пайыз алғысы келсе соңғы қызметтегі жалақысынан онда ол 30 жыл судья қызметінде адал, таза, абыроймен жұмыс істеуі керек.
Қазақ Тәуелсіздік алғалы түп-тамырымен өзгермесе де, талай реформаны бастан кешкен саланың бірі сот жүйесі. Қазір «соттан емес-ау, оттан келеміз», дейтін заман өткен.
Бірақ, замана желімен құбыла соғып, құрыққа сырық жалғап, мың құбылатындар әр кезде болған, әлі де бар. Ең бастысы, елге бай құт па, би құт па деген сауалдың сауабы тисе игі. Төрелігіне екі жақ бірдей тоқтаса, жеңілген де, жеңген де шешімді құптаса әрине, би – құт.
Айбек ҚОБДАБАЙ