«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының жаңалықтары жаңаша жүйеде берілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының жаңалықтары жаңаша жүйеде берілуде

29.10.2015
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының жаңалықтары жаңаша жүйеде берілуде

Еліміздегі және әлемдегі күнделікті өзекті жаңалықтар – «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының бетке ұстар бағыттары. Осыған орай, телеарна басшылығы жаңалықтар топтамасын заман талабына сай түрлендіру туралы шешім қабылдады. Ақпаратты жаңаша форматта беру мақсатында телеарнаның ақпараттық жаңалықтар қызметі бірыңғай тұтас «КazNews» брендіне орталықтандырылды. 

Республиканың ең ірі жаңалықтар базасын қамтитын «КazNews» өзінің мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, қоғамды мемлекеттік саясат ньюсмейкерлеріне бір табан жақындата түсті. Бұл еліміз бен әлемдегі түрлі қызмет саласындағы соңғы және объективті жаңалықтарды көрерменнің назарына ұсынуды қамтамасыз етті. Жетілдірілген тілшілер желісі «КazNews» жаңалықтар қызметіне әлемнің түкпір-түкпірінен оперативті, нақты, әрі өзекті ақпаратты алуға мүмкіндік береді.

Көрермендерді жедел ақпараттандыру мақсатында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы кешкі жаңалықтар бір сағатқа (19.30-да) ерте беріле бастады. Жаңалықтар топтамасының жаңа форматының тағы бір ерекшелігі негізгі жаңалықтар блогынан кейін «Кaznews» студиясында арнайы қонақтармен эксклюзивті сұхбат жүргізіледі.  Саясат, экономика, мәдениет және өнер саласындағы танымал тұлғалар тікелей эфирде көрермендерді толғандырған сұрақтарға жауап береді. Бұл –  мемлекеттік билік органдары мен тұрғындар арасындағы байланыс көпірі болмақ.

Сонымен қатар, қоғамдық өмірдің түрлі аспектілеріндегі өзекті мәселелерді шешуге көмек беретін заң және атқарушы билік органдарының арнайы мамандары қатыстырылады. Осындай сұхбаттардың басты мақсаты тұрғындардың экономикалық, заң және әлеуметтік білімін жоғарылату, сондай-ақ, азаматтарды өздерінің конституциялық құқықтары мен міндеттерін білуге қызығушылықтарын арттыру.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының тікелей эфиріндегі «КazNews» жаңалықтарын дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 8:00; 9:30; 17:30 және 19:30-да өткізіп алмаңыздар. Сондай-ақ, соңғы және өзекті жаңалықтарды «КazNews»-тің ресми сайтынан www.kaznews.kaztrk.kz көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу