VIII Астана экономикалық форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

VIII Астана экономикалық форумы өтті

24.05.2015
VIII Астана экономикалық форумы өтті

Бұл аптаның басты жаңалығы – бейсенбі басталып, жұма жалғасқан Астана экономикалық форумы. Мәртебелі жиын. Әлемнің «ақылмандарын» осымен 8-ші мәрте жидық. Тақырыбын сұрасаңыз, таптаурын емес, күллі жұртқа керек мәселе.

«Инфрақұрылым – экономиканың тұрақты дамуының драйвері» деп аталды. Немесе, қозғаушы күші десек те қате емес. Қазақстан инфрақұрылымдық алып жобаларды соңғы 10 жыл көлемінде мықтап жүзеге асырды.

Жезқазғаннан тартылған теміржол Түрікменстанға, одан әрі Иранға ұласты. Мына жақта Қытайдың Лянюнгань порты арқылы Тынық мұхитына жол ашылды.  Тас жолдан ең үлкені  - «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі. 8800 шақырымдық бұл жол сонау Финляндиядан басталып, жаңа айтқан Қытайдың Ляньюнган портынан бір-ақ шығады.

Қазақстан өзіне тиесілі 2787 шақырым жолды төседі. Еліміздің батысы мен оңтүстігіндегі тұрғындар дәліздің қызығын қазір көріп те жатыр. Астанадан күннің шұғыласы тәртібімен салынатын тас жолдарды түгендемей-ақ қоялық. Мұның барлығы Мемлекет басшысы жариялаған кешенді бағдарлама «Нұрлы жолда» қамтылған.

Бір сөзбен түйгенде, үлкен суға шығар мүмкіндігі жоқ Қазақстан инфрақұрылымның өзге түрін түгел қамтыды. Астана экономикалық форумының мәйегі де сол, инфроқұрылым.

Неге, қазір үлкен нарық, зор инвестициялар Еуразияға, одан асып, Орталық һәм Шығыс Азияға шоғырлануда. Ең басты назар, әрине энергоресурстарда. Одан кейін тұрақтылық пен экономиканы әртараптандыруға деген талап- инвесторлардың ынтасын арттырды.

Халық – билік тындырмады,  билік – халық енжар, дейтін бітпейтін даудың бары рас.  Анығында, жарқын болашағың үшін өзің өзгер,  санаңды өзгерт, дейтін  үлкен психологиялық  қадамға біздің қоғам  енді ғана бетбұрыс жасады. 

Президент  ұсынған дамудың  5 реформасы қарапайым  ғана сапалық өзгеріс емес, аға буын мен  ара буынның кейбір құндылықтарды қайта қарап, жаңасына бейімделуге,  менталдық  көзқарасты қайта қарауға әкелетін  терең реформа. Жүз нақты қадам әр адамға жаһан көшінен қалмау үшін өзгер, дейді.

5 институционалды реформаның алдыңғы екеуінің жолы үлкен, жөні бөлек. Бұл екі тағанның бірі - кәсіби-мемлекеттік аппарат құру,  бірі – Заңның үстемдігі. Ел билеу ісіне кездейсоқ, тамыр-танысына иек артқан адамдар  келе алмайды болашақта.

Биліктің қай тармағында да білімді, білікті, тәжірибелі, адал менеджерлер топтасады.  Судьялардан да сұрау содан кем болмайды. Президент бұл өзгерістерді тұсаулауға тырысатын, соңғы демі қалғанша, қарсылық көрсететіндердің де болатынын  әуелден ескертеді.

Астанада экономикалық форум жыл сайын өтеді. Жиындағы тірек  мәселе   жаһандық экономикалық тенденцияларды  сараптау,  қауіп-қатер болса, деңгейін  болжау, сарапшылармен бірлесіп  шешім  іздестіру.

Бірақ, бұл жолға форумға арқау болған  ел болашағы үшін маңызды тағы оқшау екі тақырып болды.   Бірі – біздегі бес реформаның  жүзеге асу жолдары, іргелі құжатқа сырт көздің берер бағасы, екіншісі – елді инфрақұрылымдық жаңғыртудың мүмкіндіктері.  Осындай  ауқымды бағдарлама, бағдар бола тұра, Қазақстан үшін қауіп те жоқ емес.     

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінгі таңда ел экономикасына төніп тұрған бірнеше сын-қатерлер бар. Солардың ең бастысы – экономикамыздың бір орында тұрып қалу қаупі.  Бүгінгі күні, мен айтпай-ақ қояйын, сіздер жақсы білесіздер, көптеген елдер осы жан басына шаққандағы 12-14 мың долларлық орташа табысқа қанағат тұтып, ары қарай дамымай қалады.  

Мұны болдырмау үшін Қазақстан географиялық артықшылығын пайдаланады. Жағалай жол тартады. Инфрақұрылымды  дамыту арқылы Батысқа  жүк жөнелтетін көп   елдің ортасындағы   көпірдің біріне айналады. 

Бір ғана мысал. Еуропалық одақ пен Қытайдың арасында жылына  құны 600 миллиард  доллардың жүгі  жөнелтіледі.   Сол жүздеген миллиард сауданың  ондаған  ширегі  Қазақстан арқылы  дәлірек, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай»  жолымен  өтсе  еліміз елеулі  табыс түсіреді.

Сондықтан, біздің ел көлік саласындағы  ынтымақтастыққа, инвестицияға  мүдделі.  Астана экономикалық форумы  билік  үшін пікірталас алаңы ғана емес, инвестиция тартудың да бір жолы. Өйткені, форумға трансқұрлықтық алыптардың  басшылары, халықаралық қаржы құрылымдарының  өкілдері жиналды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен Біріккен еуразиялық экономикалық кеңістік құруды ұсынамын. Бізге барлық қатысушылардың ұлттық мүдделерін ескеретін және кедергілерді жоюға өзара тиімді ықпалдастықты арттыруға бағытталатын бірыңғай қағидалар қабылдау маңызды.

Қағидалар бірінші кезекте сауда, тасымал және ресурс қозғалысына қатысты болуы тиіс. Жібек жолының экономикалық белдеуін құру түпкі мәнінде осы қағидаттарды қалыптастырады.

Қазақстан тек көлік инфрақұрылымын ғана емес, қаржылық инфрақұрылымды қатар  қалыптастырады.  Ел дамуына екпін беретін екінші  ірі жоба ретінде шетелдік сарапшылар Астана қаржы  орталығын атайды.

Бұл орталық  Елордадағы EXPO көрмесі өтетін  алаңда орналасатын болады.  Билік қаржы құрылымдарының  жетекшілеріне бұл жерге салынар   инвестицияның    еселеп қайтарымы болатынын айтады.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

EXPO аяқталысымен, барлық ғимараттар сол әлемдік қаржылық орталыққа беріледі. Біз Дубай орталығымен келіссөздер жүргіздік және олардың заңнамаларын, экономикасын толықтай өзіміздегі орталыққа әкелеміз, деп келістік. Ол ағылшын құқығы принциптеріне негізделіп, тәуелсіз қаржылық орталыққа айналады, деп сенеміз.

Екі күнге созылған  экономикалық форумға әлемнің 90 елінен 3 мыңға жуық сарапшы, саясаткер, алып корпорациялардың  топ-менеджерлері әлемдік ақыл-ойдың көшбасшылары қатысты.

Жаһанның болашағына қатысты оларда теория көп. Бірақ,  дені Шығыс Азия, Орталық Азиядағы  әзірге әлеуеті орташа, бірақ қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің болашағына  үлкен үміт артады. 

Жыл өткен сайын әлемдік дамудың  ендігі кіндігі Евразия құрлығына тартады деген  болжам  орныға бастаған сыңайлы.   Біз де осы шешуші кеңістіктің бел ортасында отырмыз.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу