Киіктердің жаппай қырылу себебі әлі анықталмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киіктердің жаппай қырылу себебі әлі анықталмады

24.05.2015
Киіктердің жаппай қырылу себебі әлі анықталмады

Айдың күннің аманында киіктер қырылып жатыр. Кейбір дерек көздері үйлеген жануарлардың үйіндісі 90 мыңға жеткенін хабарлайды. Кең даланың киесі саналатын киіктердің өлімі алдымен, Қостанай облысында тіркелген.

Іле Ақтөбе мен Ақмола облыстарының жазықтарынан да жазатайым болған жануарлардың жемтігі табылды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі осы аптада шұғыл брифинг өткізді. Онда киіктер қырылған өңірлерде карантин жариялануы мүмкін деген мәлімдеме жасалды.

Себебі, аталған аймақтарда баудай түскен ақбөкендердің саны күн өткен сайын артып барады. Өкінішке қарай, жазық даланы еркін жайлаған жануарлардың нақты неден өліп жатқанын ешкім дөп басып айта алмай отыр.

Бұған дейін киіктердің 30 пайызы пастереллёз ауруынан мерт болуы мүмкін деген болжам жасалған. Алайда, бұл да айшықты дәлел емес. Сондықтан, жауапты мекеме өкілдері киіктердің өлекселерін енді өзге елден келетін мамандар тексереді, деп отыр. 

Ерлан Нысанбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

Биологиялық қауіпсіздік институтына 3 жыл бойы Үкіметтен ақша бөлінді. Олар 2011, 2012, 2013 жылдары пастереллёзге қатысты зерттеу жүргізді. Бірақ, көңіл толатындай нәтиже ала алмадық.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу