Нұрлан Қаппаров кенеттен дүниеден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрлан Қаппаров кенеттен дүниеден озды

29.03.2015
Нұрлан Қаппаров кенеттен дүниеден озды

Осы аптада қаралы хабардың бірі Қытай астанасы Бейжіңнен жетті. Аман болса, ертең тура 45 жасқа толатын атпал азамат, «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының Басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаров кенеттен дүниеден озды.

Нұрлан Қаппаров 1970 жылы туған. Алматы технология институтын, Гарвард университетінің Кеннеди атындағы Жоғары басқару мектебін тәмамдаған. 1991 жылдан 1997 жылға дейін жеке кәсіппен айналысып, «Акцепт» корпорациясын басқарды.

Одан кейінгі жылдары «ҚазТрансОйл» және «ҚазақОйл» Ұлттық мұнай-газ компанияларында басшы болды. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрінің орынбасары, 2003 жылдан  «Ланкастер групп Қазақстан» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, 2012-2013 жылдары Қоршаған ортаны қорғау министрi, 2013-2014 жылдары Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі секілді жауапты қызметтерді атқарды. Былтыр 7-ші тамыздан бастап - «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ Басқарманың төрағалық тізгінін ұстаған.

Мемлекет басшысы Нұрлан Қаппаровтың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Нұрлан Қаппаров жастар арасынан дараланып шыққан кәсіпкер ретінде танылғаны айтылған.

«Ол лауазымды қызметте болған әр жылдары өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарды. Нұрлан Қаппаров өзінің мол білімі мен тәжірибесін әрдайым еліміздің өсіп-өркендеуіне жұмсаған дарынды ұйымдастырушы болды. Халқымыз оның есімі мен еңбегін ұмытпайды», делінген жеделхатта.

Өз ортасына қашанда сыйлы, кішіпейіл азаматты ағайын-туыстары сенбі күні ақтық сапарға шығарып салып, Алматыдағы Кеңсай қорымына жерледі.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу