Президентікке кімдер түседі, жаңа тұлғалар бар ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президентікке кімдер түседі, жаңа тұлғалар бар ма?

15.03.2015
Президентікке кімдер түседі, жаңа тұлғалар бар ма?

Наурыздың бел ортасына келдік. Көріп отырсыз, жаһандағы жағдай жақсармай тұр. Пікірлер қайшылығы, ішкі мүдделер қақтығысы, мың құбылған мұнай бағасы, санкциялар, жұмыссыздық, ереуілдер, азаматтық соғыстар – әлемнің ұйқысын бұзып, уайымға салды.

Экономикадан бұрын саясатты ойлайтын бірінші басшыларын қайдам, күнкөрісін күйттеп, саясаттан саяқ жүрген былайғы жұртқа – тыныштықтан басқаның керегі жоқ тәрізді.

Ал біздің халық – үлкен саяси аламанға қамданып жатыр. Елдің аузында - сәуірдегі сайлау. Президентікке кімдер түседі, жаңа тұлғалар бар ма? Мынадай жаһандағы беймаза, тынышсыз шақта Елбасы сайлауға қайта қатыса ма? Көптің көңілін күпті қылғаны да осы.

«Нұр Отан» партиясы сәрсенбі күні кезекті 16-шы съезін өткізді. Съезге екі мыңға жуық адам қатысты, оның мың екі жүз отызы - делегат. Олар ортақ шешім бойынша президентікке үміткер ретінде партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. 

Соңғы айларда жаһандағы геосаяси текетірестер - экономикалық дағдарысты ушықтырып жіберді. Осындай өтпелі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағы берік болуы тиіс. Ол ынтымақ - бұған дейін басталған іргелі істерді аяғына дейін жеткізу үшін қажет.

«Нұр Отан» партиясының ел президенттігіне үміткер қылып, Нұрсұлтан Назарбаевты ұсыну себебі де сол. Елбасы не деп жауап берді, ол ұсынған 5 реформа не?

«НұрОтан» партиясы  тағдырлы таңдау жасады. Партияның 1200 делегаты қатысқан  съезд кезінде  ел президенттігінен үміткер азаматтың  есімі  аталуы керек еді.

Алдымен,  сөз алған отандық экономика   ғылымының атасы - академик Сағадиев. Профессор «Жаһанда жағалай дүрбелең, қылышын  жалақтатқан санкциялық соғыс қаупі төніп тұр», деді. «Сын сағатта халық тізгінді тәжірибелі көшбасшыға  ғана  сеніп тапсыра алады.  Президенттікке лайық бірден бір қайраткер – Нұрсұлтан  Назарбаев», деді ғалым. 

Кенжеғали Сағадиев, Мемлекет және қоғам қайраткері:

Президентке үміткер ретінде бәріміз бірауыздан Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынайық. Сәттілік тілейік!

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгереева да  Нұрсұлтан Назарбаевты кезектен тыс  президент сайлауына  қатысуға шақырды. 

Өйткені, мұқым ел  Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент болғанын қалап отыр. Әрі сол тiлегiн  ақын қызы арқылы  жолдайды.  «Өтпелі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағы мығым болса ғана іргеміз берік. Ал, елді ұйыстыру жолында Елбасының еңбегі ұшан-теңіз», дейді ақжайықтың  ақшағаласы. 

Ақұштап  Бақтыгереева, ақын:

Бiздiң аспанымыздың ашық, өмiрiмiздiң бейбiт болуына өзiңiздi кепiлдiкке қойғаныңыз үшiн бүкiл халық Сiзге тағы  да сенiм артып отыр. Мен сол халықтың тiлегiн арқалап келiп отырмын.

Бекарыс Шойбеков, айтыскер:

Қашанда жаныңызға тірек болған,

Қолдаңыз ұлтыңызды, қорғаштаңыз.

Қаншама асулардан адастырмай,

Аман-сау алып өткен марқасқамыз.

Тағдырын жұртың Сізге тапсырып тұр,

Тәуекел тағы да бір жол бастаңыз!

Съезде «Нұр Отан» партиясының аймақтардан жиналған белсенділері сөз алды.  Бүтіндей бір өңірдің тізгінін ұстаған әкім де, жеке кәсібін  дөңгелентіп отырған  кәсіпкер де,  шәкіртті білім нәрімен сусындатқан ағарту саласының үздігі де, дәрігер  де, инженер де жиыны 11 адам  ортада кесек-кесек ой айтты.  

Атақты кардиохирург Юрий Пя   соңғы  он жылда  медицина саласында,  халықтың  саулығы   үшін қыруар шаруа атқарылғанын мақтанышпен айтады.  Әлеуметтік салаға деген қамқорлық-халықтың болашағына деген жанашырлық. Дәрігерлер қауымы  осы еңбегі үшін Елбасына ерекше алғыс айтады.

Юрий Пя, Қазақстанның Еңбек Ері:

Осыдан он жыл бұрын Қазақстанда небәрі бірнеше кардиохирург болатын.  Қазір жылына 20 мың операция жасалады. Ондаған мың адамның өміріне араша түсеміз.  

«Нұр Отан»  осы аптада құрылтай шақырып,   ел президенттіге  үміткер ретінде  партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Барлық делегаттар   Елбасы  кандидатурасын  бірауыздан қолдады. Қалыс қалған  бір де бір жан  жоқ.

Ел ақсақалдарының, қоғам қайраткерлерінің   пікірін тыңдағаннан кейін  Елбасы шешімін де  жария етті. Сайлауға    қатысатынын  мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әр айтылған лебіз,  сүйектен өтетін сөз, әр саясаткер үшін одан артық қуаныш жоқ,  рахмет.

Мемлекет басшысы өз кандидатурасын тек  бір мақсат жолында ұсынғанын айтады.  Ол  халыққа алда тұрған  қиын да, күрделі міндеттерді шешудің жолын  көрсету.

Президент  алға қойған міндеттер:

1.         Мемлекеттік құрылысқа сыртқы ықпалдардың теріс әсер етуіне жол бермеу; 

2.         Елдің  даму қарқынын сақтау;

3.         Әрі қарай өсуге қажетті жағдай жасау;

4.         Әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарай ілгерілеуді жалғастыру.

Осы орайда Елбасы  жаһандық сын-қатерлерге   қуатты тойтарыс беру үшін  бес институционалдық реформаны  ұсынды.   

Бірінші реформа заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Мемлекеттік аппаратта  енді  зердесіне емес, көкесіне сенетін басшылардың қатары сирей бастайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Егер әкім, не болмаса министр ауысатын болса, онда онымен ілесіп команда жүреді. Біреуі жақыны, бірі  - туысы, бірі досы, оған сөзің өтпейді. Жемқорлық та, барлығы да солардан шығады. Содан кейін өзіңді құртады. Біз көріп отырмыз. Олай болмауы керек.

Екінші реформа –заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Елдің екінші қалқаны - Заңның үстемдігі. Сот жүйесінің  тәуелсіздігі, судьялардың әділдігі. Елбасы  бұл  саланың  кем-кетегін де   атады, судьяларды іріктеу талаптарын жетілдіруді тапсырды.

Соты әділ елге  инвесторлардың  іші жылиды. Ал, инвестиция ел дамуының кепілі. Сондықтан, әділетті құқықтық жүйе  шешуші бес саладағы   реформаның   екінші тармағы.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Заңның үстемдiгi, қарапайым айтқанда, соттардың тәуелсiздiгi экономикамыздың дамуына ықпал ететiн меншiк иесi құқығын сақтайды, кәсiпкерлiк үшiн жағдай жасайды, келiсiм мiндеттерiн қорғауға кепiлдiк бередi.

Үшінші реформа – индустрияландыру және әртараптандыруды негіз еткен экономикалық өсім.

Кәсіби аппарат  жемқорлыққа бармаса,  сот жүйесі әділ қорғаса, бизнестің қаңқасы берік. Үшінші таған экономикалық реформалардың нәтижелілігі.  Индустриялық  жоспарды мығым орындау. Өңдеу өнеркәсібін  дамыту. Бұл  қазақтар шығарған төл өнім деп марқаятын  отандық өнімді  шетке саудалау.

Төртінші реформа -біртұтас болашақтың ұлты. Аталған үш міндет те бірлігі жарасқан қоғамда ғана мүмкін. Төртінші екпінді Елбасы  бірлікке салды.   Қазақстандықтар - бұл болашағы бір халық.

Өз жерімде  сұлтанмын деп төсті керген,  тектіліктің белгісі емес, қазақ   кеңдіктің  арқасында ғана – тыныштықта, молшылықта өмір сүре алады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекет құраушы  ел ретінде қазақтар барша ұлысты ұйыстырып отыр. Асығатын ешнәрсе жоқ.

Бесінші шешуші реформаның міндеті - транспарентті  және есеп беретін мемлекетке айналу.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Саяси мәдениетсіз кей елдер еңбек етуден қашады. Митингіге күнде жұмысқа барғандай барады. Сайлау бауырлы бөлетін, бір-біріне қару кезендіретін болмауы керек. Ол  ақылды елдің жолы емес. Сайлау елді бірлікке шақарса ғанибет.

Партия төрағасының айтуына қарағанда, аталаған реформалар еліміздегі  қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертеді.  Сондықтан, оларды жүргізу үшін Президент жанынан  Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылатын болды. Бұл жаңа құрылым бүкіл реформалар кешенінің жүзеге асуын үйлестіреді.    

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу