Германия, Франция, Украина, Ресей президенттері бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Германия, Франция, Украина, Ресей президенттері бас қосты

15.02.2015
Германия, Франция, Украина, Ресей президенттері бас қосты

Сөз жоқ, осы аптада әлемді елең еткізген басты оқиға - Минск саммитінің сәтті аяқталуы. Беларусь астанасында өткен келіссөздерде Ресей, Украина, Франция, Германия басшылары Донбасстағы соғысты тоқтату туралы мәмілеге келгені мәлім.

Төрт ел басшыларының келіссөзі 11 ақпан күні түнге қарай басталып, 12-ші ақпанда түс ауа аяқталды. Жиын ортасындағы үзілісте Порошенко келіссөз «қиын жүріп жатқанын», Ресейдің қақтығысты реттеуге қатысты ұстанымы «көңілге қонбайтынын» мәлімдеген. Дегенмен, «ат құйрығын кесіскен» бауырлас елдердің көңілдері сәл де болса жібігендей болды.

Ең маңыздысы – олар Украинаның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын құрметтеу керектігіне күмән келтірмей тарқасты. Бірақ, мұның бәрін қағазға жазу бар да, оны орындау бар.

Келісімге қол қойылғаннан кейін де, Луганск және Донецк облыстарында атыс әрі қарай жалғасып, ондаған адам қаза тапты. Қысқасы,  бұл құжаттың ережелері де қыркүйектегі келісім тәрізді қағаз жүзінде қалуы мүмкін деп те ойлаймыз біз.

Алайда, Минск кездесуінің нәтижесі әлемдік экономикаға оң әсер етіп отыр. АҚШ пен Еуропа биржаларында ірі компаниялардың акциялары мен мұнай бағасы қымбаттады.

Келісім жасалмауы да мүмкін. Өйткені, бір жақ екінші жаққа орындалмайтын талап қойды. Минск саммиті басталарда,  Киевтен осындай да хабар жетті.

Бірақ, сәрсенбінің кешінде Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұл келіссөздерге  «суперден артық» деген сипаттама бергеннен кейін Донбасстағы соғыстың әйтеуір бір тоқтайтындығына аз да болса сенім пайда болды.

Үміті мен күдігі қатар жүрген саммит 16 сағатқа созылып, бейсенбі күні бейбіт келісіммен аяқталды.

Владимир Путин, РФ Президенті:

Бұл менің өмірімдегі ең жақсы түн болмады. Бірақ, бүгінгі таңымыз қайырлы болып тұр. Өйткені, келіссөздер процесі қанша қиын болса да, ең басты мәселе бойынша уағдаласудың сәті түсті.

Украинаның шығысында үкімет әскері мен сепаратистер арасындағы соғыс былтыр сәуірде басталды. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне қарағанда, содан бергі 10 айда кемінде 5400 адам қаза тауып, 1 миллионнан астам тұрғын үйлерін тастап, босқынға айналды.

Қарулы жанжал кесірінен Батыс пен Мәскеу арасындағы тайталас «қырғи-қабақ соғыс»  кезеңіндегі деңгейге жетті.  Ал, жаңа жылда Донбасста оқ ату қайта жиілеп, қақтығыс тіпті өршіп, Шығыс Еуропаның қауіпсіздік жүйесінің өзі үлкен қатерге душар болды.

Сондықтан, 70 жыл бейбіт өмірге үйренген, сол бейбітшілікті басты байлыққа балаған Еуропа одағының локомотивтері - Франция мен Германия басшылары бірде Киевке, бірде Мәскеуге барып, арағайындық жасап,  ақыры Украина мен Ресей президенттерін Беларусь астанасында кездестірді.

Франсуа Олланд, Франция Президенті:

Ұзақ түн, ұзақ таң зая кеткен жоқ. Келісім жасадық. Ол – атысты тоқтатуға, Украинадағы жанжал мәселесін саяси тұрғыдан шешуге арналады. Қантөгісті доғару келісімі ақпанның 15-де күшіне енеді.

Дональд Туск, Еуропа кеңесінің төрағасы:

Шын мәнінде бұл мәселе Еуропа қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Украинаның шығысындағы қақтығыстың аймағымыздағы бейбітшілікке қауіпті екені айқын.

Түнгі сағат 00.00-де күшіне енген құжаттың негізгі тармақтарына жүгінсек, оның басты талабы – атысты доғару. Екіншіден, тараптар қаруларын калибріне қарай  бір-бірінен 50-140 шақырымға дейін әкетуі керек.

Ал, тұтқын алмасу «бәріне бәрін» қағидасына сай жүргізіледі. Тағы бір пунктке сәйкес, Донбасстан барлық шетелдік қарулы топтар шығарылмақ. Келісімнің өзге бір тармағында Украина Ресеймен арадағы шекарасын өзі бақылайды деп жазылған.

Бұл сөздерді қағазға түсіру бар да, орындау бар. Қазір осының екіншісі маңызды болып тұр. Үміт жоқ емес, бірақ, алда атқарылар іс-шаралар жеткілікті.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

Жалпы алғанда, біз осы келісімге көбірек үміт артып отырмыз. Ештеңеге қолымыз жетпесе не болар еді? Бұл құжат үмітімен құнды. Ал, атысты тоқтату туралы келісім күшіне енуі үшін президент Путин сепаратистерге қысым жасады.

Бірақ, бос қиялдан аулақпыз. Атқарылар іс аз емес. Жағдайды түзеуге шынайы мүмкіндік туып отыр. Оған Еуропа атынан Франция мен Германия мол үлес қосты.

«The Associated Press» агенттігінің хабарлауынша, 13 тармақты келісім Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аудандарында өз полициясын құруды және оларға Ресеймен еркін сауда-саттық жасауға мүмкіндік беруді қарастырады.

Бірақ, бұл екі мәселе қоғамға жік салып, ел болашағын белгісіз етіп, Украинаның келешекте НАТО-ға кіруіне кедергі жасауы мүмкін. Ал, Донбасста басқару органдарына сайлау биылғы жылдың соңына дейін өтуі керек.

Және де оның нәтижесінде жергілікті биліктің өкілеттігі кеңейтіледі. Алайда, бұдан Украинаның унитарлық құрылымы өзгермек емес.

Петр Порошенко, Украина Президенті:

Қанша жерден қысым жасалса да, Донбассқа автономия беруге келіспедік. Біз мынаны ескердік: оның мәртебесі өзгерген конституция, децентрализация және ел тұтастығы аясында анықталуы керек. Бізде автономия да, федерализация да болмайды.

Минск келісіміне сәйкес, Донецк және Луганск облыстарының бөлінбек болған аудандары қай тілді қолданатындарын өздері анықтап, соттары мен прокурорларын да өздері сайлайды. Ал, Киевтегі билік оларды экономикалық блокададан босатып, айлық мен зейнетақы төлей бастауы керек.

Шығыс облыстардың билігін кеңейтуге бағытталған жаңа конституция болса, жыл соңына қарай қабылдануы тиіс. Бірақ, оған парламенттен қолдау қажет. Бұл пунктердің жүзеге асу барысын бақылау ЕҚЫҰ-на жүктеліп отыр. Украинаның территориялық тұтастығын сақтауды да ескерген бейбіт келісімге сепаратистердің жетекшілері де қол қойды.

Айта кетсек, осыған ұқсас құжат былтыр қыркүйекте де қабылданып, орындалмады. Сондықтан, бұл жолы да солай бола ма деген қауіп тағы бар.

Петр Порошенко, Украина президенті:

Келіссөздер қиын болды. Оның қорытындысын жүзеге асыру оңай, деп ойламаймын.

Дэвид Кэмерон, Ұлыбритания премьер-министрі:

Егер бұл шын келісім болса, оны құптағанымыз жөн. Бірақ, бізге атыстың бір жапырақ қағаз бетінде емес, нақты тоқтағаны керек.

Батыс елдері Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдады деп Ресейге қарсы санкция жариялағаны белгілі. Алайда, Кремль Донбассқа тек гуманитарлық көмек көрсетіп отырғанын мәлімдеп келеді.

Егер Минск келісімі орындалатын болса, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри мәлімдегендей, Вашингтон бұл санкцияларды жеңілдетіп, тіпті доғаруға әзір.

Бірақ, бейбітшілік келісіміне қол қойылғаннан кейін де Донбасста атыс тоқтаған жоқ. Сондықтан, Еуропа одағы елдерінің басшылары Еурокомиссияға жаңа санкция дайындауды тапсырып отыр.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

Біз көп күш жұмсалуы керек екенін жақсы білеміз. Келісім жүзеге асып жатса, бұл процесті қолдап, қанағат білдіріп, оны ескеретін боламыз. Ал, егер келісім орындалмаса, келесі санкцияларды енгізуден бас тарта алмаймыз.

Саяси тұрақсыздық пен соғыс салдарынан Украина қазір банкрот болуға жақын. Сол себепті, елдің қаржылық жағдайын тұрақтандырып, экономиканы өсім жолына қайтару үшін ресми Киев Халықаралық валюта қорынан алдағы төрт жылда 40 миллиард доллар көмек алудан үмітті. Соның 17 жарым миллиарды Украинаға келесі айдың басында-ақ  жетуі мүмкін.

Арсений Яценюк, Украина Премьер-министрі:

Бұл төрт жылдық бағдарлама – Украинада экономикалық және қаржылық жағдайды тұрақтандыру үшін реформа жүргізіледі дегенді білдіреді.

«Донбасста атыс тоқтайды» деген хабар әлем экономикасына игі әсер етті. Жұма күні Нью-Йорк биржасында Nasdaq индексінің нарқы соңғы 15 жылдағы ең жоғары деңгейге көтерілді.

Еуропа биржаларында да акциялар рекордтық дәрежеге дейін қымбаттаған. Оған бір жағынан Минск келісімі, екіншіден Швецияда экономиканы ынталандыру бағдарламасының іске қосылуы, үшіншіден Грекия шетелден несие алып, дефолттан аман қалады деген үміт себеп.

Ал, Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы биылдыққа алғаш рет 60 долларлық белестен асты. «Қара алтынның» қайта қымбаттауына Минск келіссөздерінің нәтижесі ғана емес, бірқатар энергетикалық компаниялардың шығын мен өндірісті қысқарту бағдарламасы да ықпал етіп отыр. 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу