«Нұротандықтардың» қатары толықты

01.03.2018

Бүгін Партия күніне орай 19 адамға билет табысталды. Олар әр салада жетістікке жеткен азаматтар. Мемлекет басшысы «Нұр Отан» инновацияға бейім, жоғары технологиялы болуы тиіс деп тапсырма берген еді. Бүгін атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы жоспар талқыланды.

1999 жылдың бірінші наурызы. Бұл күні партияның алғашқы съезі өтіп, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағасы болып сайланды. Еліміздегі жетекші саяси күштің қазір 5643 бастауыш партия ұйымы, миллионға жуық мүшесі бар. Еңбек жұмысшылары, жастар, зейнеткерлер, барлық санаттағы адамдар кіреді.  Бірақ, олардың мақсат-мүддесі бір. «Нұр Отан» – еліміздегі саяси және экономикалық реформалардың басты бастамашысы және іске асырушысы. 

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Осы жылдары үлкен жұмыстар атқарылды. Ең бастысы, партиямыз Елбасының сенімді тірегіне айналды. Біздің біраз жетістіктеріміз бар. Елбасының қасында барлығымыз нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін.

19 жылда партия қазақстандықтарды топтастырудың негізгі тетігіне айналды. Бүгін тағы 19 адам  қатарына қабылданды. Олардың ішінде ұстаз бен дәрігер, белсенділер мен кәсіпкер де, паралимпиадашылар мен инноваторлар бар. Барлығы да жас та болса, еселі еңбек етіп, қоғамға пайдасы тиген жандар. Солардың бірі - Мәулен Бектұрғанов. Жас өнертапқыш автоматты түрде басқарылатын жасанды бионикалық протездің бес түрін жасаған, оның игілігін қазір екі адам көріп жүр. Осыған дейін қазақстандықтар осындай протездерді шетелден тым қымбат бағада сатып алуға мәжбүр еді.

Мәулен Бектұрғанов, жас өнертапқыш:

- Мен енді «Нұр Отанмен» бірге жұмыс істеймін деп сенемін. Бұл протез аяқ-қолынан айырылған адамдарға толыққанды өмір сүруге мүкіндік береді. Жобамызды кеңейтіп жатырмыз, енді осындай протездердің санын көбейтеміз. Қазір құны төрт мың доллардың шамасында.

Жалпы әлемде жасанды қол шығаратын компаниялар өте аз. Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде бар болғаны он шақты компания жұмыс істейді. Енді біздің елде де арзан бағаға сатып алуға болады. Бүгін Мәулен Бектұрғанов сияқты әр саланың үздігі «нұротандық» атанды. Бірақ, олар қолдарына тек партбилет алып қоймай, мойындарына үлкен және абыройлы жауапкершілік жүктелгенін түсінеді.

Бүгінгі таңда партияның жұмысы ширай түсті. Бірінші кезекте халықтың партиясы болғандықтан азаматтарды алаңдатқан проблемаларды тыңдап, түйіні көп түйткілдерді шешеді. Өткенді ескермей, болашақты болжау мүмкін емес. Сондықтан да, бүгін 19 жыл бойы партия жұмысына белсенді араласқан аға буынға құрмет көрсетілді. Себебі, оларға қарап жастар бой түзейді. Ал, «Нұр Отан» алдағы уақытта да инноваторларға, жас ғалымдарға, жалпы жарқын бастамаларға қолдау көрсетуге дайын, есігі баршаға айқара ашық.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу