Моңғолиядағы қазақтардың бір күнгі тіршілігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моңғолиядағы қазақтардың бір күнгі тіршілігі

23.11.2014
Моңғолиядағы қазақтардың бір күнгі тіршілігі

Жұмыр жердің 32 елінде 5 миллионға жуық қазақ тамырларын тереңге жайып, ұрпақ өрбітіп, өмір кешіп жатыр. Олар жұмаққа балап, жерұйық іздеп кеткен жоқ, түрлі нәубеттер мен тарихи драмалар кезінде шет асып, жырақ кетуге мәжбүр болды.

Сол қалың қазақтың үлкен шоғыры біз «Бақ қонған өлке – Бай бесік» деп әспеттейтін Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында тұрады. 130 мың қандасымыз түтін түтетіп отыр осы күні.

Бір қызығы, Баян-Өлгийге іссапармен немесе қыдырыстап баратын Моңғол ұлтының өкілдері «біз тап бір шетелге келгендей әсер аламыз», дейді екен. Өйткені, бай өлкенің қазақтары біз секілді ұлттық киімдерін тек Наурыз тойында желпілдетіп киіп, басқа уақытта сандыққа салып қоймайды. Жасандылық жоқ.

Ұлттық киімдерін күнделікті киіп, әшекейлі киіз үйінде ұлттық тағамдарын жасап, Қазақ радиосын тыңдап, Қазақтың Ұлттық арнасын көріп, қазақ драма театрынан қазақ тілінде спектакльдер тамашалап, қазақ тілінде білім алып, шұрайлы сөйлеп, шырайлы қарсы алғанда, моңғолдардың неге таңырқай қалатынын түсінген де боларсыз.

Бай-өлке аймағы. Бай десе бай жер. Қайда қарасаң да, сары жондар мен мөп-мөлдір көк аспан. Бізде ұмыт болған кей салт-дәстүр мұнда әлі күнге дейін берік сақталған. Оны көру үшін, сезіну үшін малшылардың ауылын аралау керек.

Аузын ашса, жүрегі көрінетін мейірім бар халқында. Сандығына сақтап отырғанын мейманына беруге дайын. Біздің қалалық киім Моңғолияның қатал ауа райына келмейтінін бірден айтты.

Айнұр Омар, тілші:

Соңымызда Алтай тауалырының сары жондары. Бұл жер жыл он екі ай төрт түліктен арылмайды. Малшылардың қыстауы да әр жерден ағараңдап көрінеді.

Ел күзеуден көшіп, қыстауларына қонған кез. Малды өріске жібереді. Қой-сиыр қысы-жазы жайылымда. Біз бірінші түскен үй Қабдықұмар ақсақалдың қыстауы.

Өйткені, біз жолаушылап, көзімізге көрінген бірнеше үйге кірдік. Кірдік те таңқалдық. Қаймағы бұзылмаған қазақы салтқа куә болдық. Бұл жақта қораны тастан қалайды. Әр үйде кемінде мың бастан қой-ешкі бар.

Тағы бір қызығы, төрт емес, бес түлік мал деп атайды. Оның ішіне бізде тізімнен сызылып қалған ешкіні де қосады. Біз барғанда ақсақал «Қазақстан» Ұлттық телеарнасын қосып қойып, «Қара шаңырақ» фильмін көріп отыр екен. Қазанда сүт қайнап жатыр.

Тотан Қабдықұмар, Баян-Өлгий аймағының тұрғыны:

Жағдайымыз жақсы. Бәлен дейтін жоқ. Малымыз жақсы. Жаманшылық жоқ. Моңғолияда жырғаулы тұрмыстамыз. Өзімен бірге. Мынау қазір дүние, ішіп-жем деген мол. Мал-дәулетіміз мол. Қорамызда қазір 1000-нан астам қой бар. 100-ден астам сиыр, 100-ден астам жылқы бар. Бес түлік малымыз түлігімен.

Бұл жақтың қазағы дәстүрге берік. Ұлттық киім деген түсінік жоқ, біз үшін мұражайда тұратын не наурызда ғана киетін киімдер мұнда күнделікті киім есебінде.

Үлкендерінде күміс белдік, пұшпақ тымақ, қолдан сырылып басылған ықшам шапан. Күміс түймелі шапанда қаптаған ою-өрнек жоқ.

Тотан Қабдықұмар,  Баян-Өлгий аймағының тұрғыны:

Мына тымақтың төбесі мынау осы күнгі каска. Жығылса, адамны басын жараламайды. Жығылсаң бет-аузыңды жарақаттамайды.

Үлкендері тұнып тұрған шежіре. Өзге мемлекетте отырса да, елдегі жағдайға қанық. Қазақстанды «ата-шаңырақ» деп қабылдайды. Ал, моңғол халқын  «үлкен ауыл кісілері» деп айтады екен. Баян-Өлгий қазағының біразы тарихи отанына көшкенмен, халық саны көбейіп келеді екен.

Қалыбек Қобландин, Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

Негізгі қазақтардың бөлігі Баян-Өлгий аймағында 90 мыңға жуық халық бар. Аймақтың 97 пайызы қазақтардан тұрады.

Қобда аймағында 10 мыңнан астам қазақ қандастарымыз тұрады. Ал, Ұлан- Батор маңайында Налайых, елдің шығысындағы Дархан, Эрденет, Шарынғол деген елді мекендерде де 4-5 мыңнан астам қазақтар тұрады. Ұлан-Баторда 7-8 мың қазақ бар.

Моңғолия 1991 жылға дейін КСРО ықпалында болған мемлекет. Бейресми болса да, он алтыншы республика деп атайтыны да сондықтан. Тау-кен өндірісінің қарыштап дамуы да сол кезеңде басталған.

Ал, мал шаруашылығы моңғолдың да, сол жақтағы қазақтың да ата кәсібі. Одақ кезінде Моңғолия Ресейге жылына 40 мың тонна ет экспорттап отырған. Қазіргі күні түрлі себептерге байланысты экспорт  көлемі азайғанымен, мал басы күн санап көбейіп келеді.

Қалыбек Қобландин, Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

Биыл 60 миллионнан астам мал басы болды деп есептеп отыр. Бұл 3 миллион халыққа шаққанда өте жоғары деңгей.

Қой мен ешкі әр қырдың астынан көрінеді. Табынға қарап, көңілің семіреді. Ал, сиыр дегеніңіз, сәл бөлектеу. Келесі түскен үйіміз қыстауға көше қоймапты. Күзеудегі бір ауыз үйдің өзінде жылылық бар. Кестеленген төсек жапқыш, жастық жапқыштар, тұскигіз. Оған ілінген түлкі терісі. Бұл көріністі кез -келген үйден көруге болады.

Моңғолия үкіметі үздік малшылардың еңбегін елеп, үнемі марапаттап отырады. Бұл үйден мақтау қағазы мен сол атаққа лайық адамға берілетін бас киімді көрдік. Мал – тірі ақша. Малшылардың күйі жақсы. Есіктерінің алдында қос-қостан көлігі бар. Мұнда екі-үш ағайын бірігіп, мыңғыртып мал бағып отыр. Қой-ешкіден бөлек, 100 бастан аса сиыр бар.

Айнұр Омар, тілші:

Қодас деген осы. Бұл жақтың қазағы оны сарлық деп айтады. Сарлықтар суыққа өте төзімді. Малдар қазір күзеуде жайылып жүр. Ал, қыстауға шыққанда анау шыңын қар басқан таудың ең биік жеріне барып жатып алады екен.

Қодастар жартылай жабайы мал. Қысы-жазы жайылымда. Қарны тойса, сол тойған жеріне жата кететін жалқау. Ақ қар көк мұзда қорған болатын бауырындағы түгі ұзын, қылы қатты жүні. Өздері сарлық деп атайтын сиырдың бұл тұқымы сүтті аз береді.

Әзкен Яқия, Баян-Өлгий аймағының тұрғыны:

Бір сиырдан 1-2 литр сүт шығады. Сарлық болғанда сүті қою. 5 литр сүт пісірсеңіз, 1 литрдей қаймақ түседі. Біз қазір 10-15 сиыр сауамыз. Етінің майы аз болады да, қаракесегі көп болады.

Сарлықтың сүті, етінен өзге, қатты қылшығын да тәп-тәуір пұл ғып отыр, халық. Оның жүнінен тоқылған  шұлық, қолғаптар өте жылы. Малды таң ата өргізіп жібергенімен, малшылар күндіз-түні қасында қарап отырмайды. Өйткені, ұры-қары жоқ. Қой-ешкінің есебінен жаңылады.  Оны тек жылына бір ретсанаймыз дейді.

Нұрқанат Найман, малшы:

1100 мал бар. Биыл жаз өте жақсы өтті. Мал тойынды. Қойдың бағасы қазір 80 мың. Басы - 120  мың. Ешкі 40 мың.

Теңгемен айтсақ, қой 8-10 мың, ешкі 4 мың, жылқы 100 мың. Бір қарағанда, қой-ешкілер кішкентай көрінеді, әрі белуардан келетін шөп байқалмаған соң, олар ағаш кеміріп, тас жалап жүрме дерсің. Бірақ күйлері жаман емес.

Нұрқанат Найман, малшы:

Сіздердің шөптеріңіз ұзын. Біздің шөп болғанда қысқа шөп құнарлы болады.

Келесі аялдаған үйіміз Нұрланның қыстауы. 3-4 ағайынды бірігіп осы жерде отыр. Үйлі баранды, балалы-шағалы. Тау арасы демесеңіз, өркениет дамыған. Электр болмағанымен, күннен қуат алатын батареялар әр үйде бар.

Бұл жақтың, жалпы Моңғолиядағы қазақтың баласының тілі «Балапан» телеарнасымен шығып жатыр. Үлкендер біз ұмыта бастаған сөзді осы балалар біледі  деп дән риза болып жүр.

Мектеп жасындағылар жақын жердегі аудан орталықтарында интернатта оқиды. Сенбі, жексенбі үйлеріне келеді. Біздің камераға іліккен сәбилердің бәрі демалыста тапжылмай «Балапан» көріп отыр.

Ішкен-жегені табиғи таза тамақ, таза ауа. Тілдері де тап-таза қазақша. Көз сүйсініп, көңіл қуанады. Мал қайыруға үйдің отағасы Нұрланмен біз де шықтық. Кеш бата тау іші суып кетеді. Күздің қара суығы. Бірақ мен тоңа қоймадым.

Айнұр Омар, тілші:

Үстімде мәлін жағалы, қара торғын елтірі ішік, басымда түлкі тымақ. Қыстың ақтүтек боранында да, қара суығында да мұндай ішікпен қыз-қыз қайнап жүре беруге болады.

Мұндай киім кез келген үйден табылады. Қаймағы бұзылмаған қазақылық, даладай дархандық сол қалпы сақталған. Қонақ келсе, бір қойын сойып тастайтын жомарт.  Соғымға соятын мал санын  естісеңіз таң қаласыз.

Нұрлан Дөрбітбайұлы, Баян-Өлгий аймағының тұрғыны:

Бір үй болғанда 10 ұсақ, 1 ірі қара соямыз. Енді көп сойғанда көп жейді дейтін емес, қонақ келеді. Соларға ет асамыз.

Нұрланның айтуынша, мал баққандар бұл күні озып тұр. Сұраныс бар. Жыл сайын төлін сатып, пұл қылады. Баян-Өлгийдің өзінде үйлері де бар көбінің. Бірақ, көшпелі мәдениетке үйренген ағайын ондай жерде тұра алмаймыз дейді.

Малдың жүн-терісін өткізеді. Әр үйде бүркіт бар. Қыста аңға шығады. Бұл жақта сирек кездесетін аңдар да көп. Қасқыр ішік, түлкі пұшпақ бүркіттен келген несібе дейді. Табиғи теріден тігілген жылы киімді  қимай шешіп, иесіне табыстадық.

Қос аттың бірін мініп, бірін жетегіне алған Нұрлан жылы қоштасып, үйіне аяңдады. Иен таудың арасы. Өркениетке ұмтыл, балалар техниканың тілін білсін деп айтқың-ақ келеді. Бірақ, көшпелі қазақтың салтын сақтаған соңғы көштің иесі де осы азаматтар сияқты. Бұл өлкені, бай өлкені жайлаған халықтың берекелі, қоңыр тірлігі осындай.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу