Қостанай облысында астықтың әлі 25 пайызы орылмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында астықтың әлі 25 пайызы орылмаған

26.10.2014
Қостанай облысында астықтың әлі 25 пайызы орылмаған

Астық үшін айқас! Қостанай облысындағы биылғы жиын-терім науқанын бір сөзбен осылай сипаттасақ болар. Байдың ерке қызындай қысқа күнде қырық құбылған күн райының қолайсыздығынан егін орағы бұрын соңды болмаған мерзімге кешеуілдеді.

Қазан айы бітуге таяды, ал алқаптағы астықтың әлі 25 пайызы орылмаған. Бұл шамамен 1 миллион гектардан асады.  Әсіресе, солтүстік аудандарға ауыр соғып тұр. Мұнда егіннің тең жартысына орақ түспеген.

Суыққа ұрынып, суға малшынған дәннің сапасы да жоғалады. Әйтсе де, диқандар қауымы ала жаздайғы еңбектерін зая қылмауға тыраштанып, шыққан өнімді ысырапсыз жинап алуға тырысып-ақ жатыр.

«Қайтсек те далада бір түйір дән қалдырмаймыз», дейді. «Тек сапасы төмен бидайды тиімді бағаға өткізе алмаймыз ба», деп алаңдайды. 

Қостанайда жауын-шашынның толастамағанына айдан асты. Диқандардың дымын құртқан да осы. Техника біткен аулада қаңтарылып тұрды. Көктегі қалың бұлт сейіліп, күннің көзі жылт еткен кезде орып алған астықтың да сапасы шамалы. Дымқылдығы шектен тыс өнімді  кептірудің өзі қыруар шығын.

Сайран Бұқанов, Қазақстанның Еңбек Ері, шаруа:

Бізде екі кептіргіш бар. Алқаптағы бір тонна бидайды жинап қамбаға әкелу үшін 10-12 литр жанармай керек. Ал, бір тонна бидайды кептіріп, 25 пайыз ылғалдылықты 14 пайызға дейін түсіру үшін 17 литр кетеді тоннасына.

Мырзахмет Шәкеев, элеватор директоры:

Біз әкелінген астықтың бәрін қабылдап алуға дайынбыз. Биылғы астықтың ылғалы өте жоғары. Тіпті, кейде 40 пайыздан асады. Қар араласып кеткен. Сондықтан, 2-3 қайтара кептіреміз. Бұл, әрине, шығынды көбейтеді. Сол себепті диқандарға көрсетілетін қызметіміздің бағасын көтеруге мәжбүрміз.  

Биыл облыс бойынша 4 миллион 800 мың гектар жерге дән себілді. Оның 3 миллион 900 мыңы бидай. Көктемгі егіс ойдағыдай өтті, химиялық өңдеу, жермен жұмыс істеу технологиясынан да кемшілік кеткен жоқ.

Соның арқасында егін бітік шықты.  Әсіресе, облыстың солтүстігінде көрсеткіш жоғары. Мысалы, Федоров ауданында шығымдылық гектарына 15 центнерден келіп тұр. Ендігі мақсат - осы мол өнімді ысырапсыз жинап алу.

Нұржан Өтегенов, Федоров ауданы әкімінің орынбасары:

Егіс даласында 35-36 пайыз астық әлі тұр. Осы науқан басталғалы 88 миллиметр ылғал түсті жерге. Бұл қалыпты нормадан 4 есе көп. Соған қарамай, барлық техника, сайманымызды сайлап, күн ашық болған уақытты қалт жібермей, барлығы егін даласына шығып жатыр.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Алқаптарда қазір тура мағынасында астық үшін арпалыс жүріп жатыр. Бір ай бойғы толассыз жаңбырдан соң күн күрт суытты. Қазір ауа температурасы 10 градусқа дейін төмендеп, тіпті оқтын-оқтын жапалақтап қар жауып кетіп тұр.

Бірақ, диқандар осының өзіне тәубә айтады. Себебі, аяз ылғалды құрғатады. Соның арқасында ұзақ уақыт қаңтарылып тұрған комбаиндар егінге орақ салып жатыр.

Ашық күнді қалт жібермей, астық үшін арпалысып жүргендердің бірі - Асқар Кенжеғарин. 4 мың 600 гектар жерге дән сепкен оның, егіні бітік, кей жерлері гектарына 35-40 центнерден өнім берді.

Бірақ, алқабының 30 проценті әлі орылған жоқ. Өкінштісі осы 30 проценттің енді сапасы төмендейді. Салмағы азайып, құнары кемиді.

Асқар Кенжеғарин, шаруашылық жетекшісі:

Үсіген бидай былай қарағанда, мысалы,  комбаиндардың бір бункерінде құрғағы 4200 тонна болса, қазірде 3 тонна 600 келі. Сонда 600 келі болып тұр айырмашылығы.

Облыс диқандары қалай болғанда да жерде бір түйір дән қалдырмаймыз деп жанталасып жатыр. Бес қаруы сай шаруашылықтарға ауа райынан басқа ештеңе де кедергі емес.

Тек сапасы төмен бидайды кейін ойдағыдай бағаға өткізе алмаймыз ба деп алаңдайды.

Александр Гербер, шаруашылық басқарушысы:

Бұл жағдай жұмыскерлеріміздің жалақысына, басқа да әлеуметтік төлемдерге кері әсер етпейді. Бәрі уақытында,  толық төленеді. Тек шаруашылықтың өзін шығынға батыруы мүмкін.

Қазірдің өзінде элеваторға ылғалды астықты кептіру үшін қыруар қаржы төлеп отырмыз. Бірақ, мемлекет тарапынан өнімді өткізуге көмек берілсе, шаруашылықтар да табыстан кенде болмас еді.  

Шаруалардың бұл ұсыныс-тілектері ескерусіз қалған жоқ. Егін орағының барысы  жергілікті биліктің де айрықша назарында.  Тығырықтан шығудың жолын іздеп аймақтың басшы-қосшылары арнайы жиылып, алқалы кеңес те өткізді.

Жиында қалыптасқан жағдайға байланысты  шаруалардың несиені қайтару мерзімін кейінге қалдыру қажеттілігі айтылды. Сонымен қатар, сапасы төмен бидайды  сатуға билік тарапынан көмек көрсетілмек.

Нұралы Сәдуақасов,   Қостанай облысының әкімі:

Бұдан былайғы  өнім 4-5 кластың бидайы болады. Оның да бағасы 40 мыңға жақындайды. Бұл жаман  баға емес. Мелькомбинаттарға сатуға болады. Сонымен қатар, продкорпорацияға осы сұрақпен шыққалы отырмыз. Қалай оның бағасын көтеру керек, деп.

Ал, ылғалды бидайды кептіру үшін шаруаларға  көмек ретінде Үкіметтен жеңілдетілген бағамен 15 мың тонна жанар-жағармай берілді. Оның 10 мың тоннасы тиісті жеріне жеткізілді. Қалғаны қарашаның басында әкелінеді.

Қысқасы, аймақта алтын астықты алқапта қалдырмаудың бар амалы жасалып жатыр. Оңтүстіктегі егін орағы аяқталған аудандардан терістікке көмеккке техника мен адам күші жіберілуде. Мамандар табиғат оң қабақ танытса, алдағы екі апта көлемінде жиын-терін толық аяқталады, деп болжайды.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу