Жапан далаға жан бітті десек жарасар. Соңғы екі жылдағы елдегі ең елеулі оқиғалардың бірі - «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол желілерінің салынуы.
Ауқымды жоба 2012 жылы басталып, өз мерзімінен бұрын аяқталды. Турасы 753 күннен соң, екі магистраль да іске қосылып, жаңа жолдармен жүк тиеген вагондар жүре бастады.
Мәселен, осы шойын жол желілерінің жалпы ұзындығы - 1250 шақырым. «Жезқазған-Бейнеу»- елдің шығысы мен батысын жалғайды. «Арқалық-Шұбаркөл» тұйық жолда жатқан Арқалықты орталықпен байланыстырады.
Жаңа магистральдар Таяу Шығыс пен Парсы шығанағындағы мемлекеттерге, Әзірбайжан, Грузия, Түркияға жол ашты. Демек, пайда зор. Қазірдің өзінде адам сирек баратын жерлерде жаңа станциялар мен ауылдар бой көтерген.
Сол ауылдарда теміржолшы болсам дейтін жастар көбейген. Кезінде шетке жұмыс іздеп кеткен талай тепсе темір үзер азамат ауылдарына қайта көшіп келген.
«Жезқазған-Бейнеу» теміржолының бойында бірнеше ауыл бар. Солардың бірі Қарағанды облысына қарасты – Қоскөл. Шалғайда жатқан шағын елді мекеннің іргесінен теміржол түскеннен бері мұнда біраз халық жұмыспен қамтылды. Олардың қатарында 30 жыл білім саласында еңбек еткен Ғалымжан Жәнділдинов те бар.
Ғалымжан Жәнділдинов, Қосқөл ауылының тұрғыны:
Қазір міне, осында коммендант болып жұмыс істеп жатырмын. «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы келіп, халыққа жұмыс болып жатыр.
Жаңа жолдың бір бөлігі Ақтөбе облысы арқылы өтеді. Осы жазда Шалқар қаласының қасында теміржолшылардың қалашығы пайда болды. Алғашқылардың бірі болып жаңа 3 бөлмелі үйге қоныстанып жатқан Қаниевтер отбасы. Екі баланың анасы Арай қуанышын жасырмай, келген қонақтарға бөлмелерді көрсетіп жүр.
Арай Қаниева, Шалқар қаласының тұрғыны:
Қонақ бөлмеміз кең, жайлы. Жиһаздары әлі әкелінген жоқ. Теледидар, диван креслосымен орналасады.
Шалқар мен Бейнеудің арасында 5 станция бар. Олардың ішіндегі ең үлкені Тассай болады. Бұрынғы жазық дала бүгінде үлкен құрылыс алаңына айналған. Мұнда жұмыс істеп жатқан 350 адамның 70 пайызы жергілікті тұрғындар. Мысалы, Мұратбек Рановтың бригадасы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан келген.
Мұратбек Ранов, құрылысшы:
Қай жерде құрылыс, сонда барып істейміз ғой. Осыдан нәпақамызды табамыз, отбасымызды асыраймыз.
Бүгінде шойын жол өткен өңірлердің барлығында теміржолшы болуға талпынған жастар көбейген. Маңғыстау өңіріндегі Сам ауылының тұрғыны Манарбек Нәбиханов мектепті осыдан 5 жыл бұрын бітірсе де, студент атануға асықпапты.
Тек іргеден теміржол салына бастағанда, осы саланың оқуына түскен. Электро-монтердің дипломын алған соң, туған ауылына оралып, теміржолға жұмысқа тұру жоспары бар.
Манарбек Нәбиханов, Сам ауылының тұрғыны:
Станция салынып жатыр осы жерде. Теміржол қасымыздан 200 метрден өтеді, соған жұмысқа кірсем. Осы оқу орнын келесі жылы бітіремін, сосын бұйырса жұмысқа орналасамын.
Сам ауылы ауызсу, газ және электр энергиясымен толық қамтылған. Тұрғындарды тек жол мәселесі қинайтын. Жазда құмға, қыста қарға, көктем мен күзде балшыққа батып жүретін. Ел-жұрт бұл мәселенің оңды шешілгеніне өте разы.
Бақтылы Жапарова, Сам ауылының тұрғыны:
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымыз, рахметіміз өте көп. Ауыл атынан, халық атынан, аналар атынан. Еліміз тыныш, басымыз аман болсын, теміржол тек жақсылық жағынан жүрсін.
Алдағы уақытта мұндай жолаушылар пойызы Арқаның төсінде тұрған Арқалық қаласына еліміздің орталығынан тікелей жүре бастайды. «Арқалық-Шұбаркөл» жобасы басталғалы бері шағын шаһардың еңсесі көтеріліп, тұрмысы түзеле бастады.
Мұны жолаушылар вокзалына қарап-ақ, байқауға болады. Осыдан 37 жыл бұрын салынған ғимаратта биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Сонымен қоса, осы жазда сәні мен сәулеті жарасқан көпқабатты үй де пайдалануға берілді. Бұл еліміз егемендік алғаннан бері Арқалықта жаңадан салынған бірінші үй.
Мұндағы 45 пәтердің барлығы теміржол саласының жұмысшыларына берілді. Жаңа баспанаға енді қоныстанып жатқандардың бірі – Жақыповтар отбасы. Үш баланың анасы Айнұр кілтті алып, пәтерге алғаш кірген қуанышты күндерін әлі ұмытпапты.
Айнұр Жақыпова, Арқалық қаласының тұрғыны:
«Барып көрулеріңе болады», деді. Сол кезде қуанғанымыз енді, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұндай үй алу деген ертегідегідей болды.
Жаңа жолдың шарапатын шалғайдағы ауылдар да көріп отыр. Шағын елді мекендердің бойына қайтадан қан жүгіріп, халықтың еңсесі көтеріліп келеді.
Берік Көшербаев, тілші:
«Арқалық-Шұбаркөл» теміржолының бойында екі шағын елдімекен бар. Бірі Қарағанды облысының аумағында орналасқан Терісаққан ауылы. Ал екіншісі Қостанай аймағына қарайтын Жалғызтал. Тура жанынан шойын жол салынған соң, шаруасы шатқаяқтап тұрған бұл елдімекендердің де жағдайы жақсара бастады.
Бұл ауылдардың бойына қайтадан қан жүгіргенін шөп лақтырып жатқан жігіттердің жұмысынан-ақ байқауға болады. Көңіл-күйлері көтеріңкі, қимылдары ширақ. Көбі соңғы екі жылдан бері шойын жолдың бойындағы құрылысқа қатысып, тиісті еңбекақыларын алып келеді.
Ербол Сұлтанбеков, Терісаққан ауылының тұрғыны:
Жаз бойы сол теміржолдың станциясында үй салдық. Өзім дәнекерлеушімін, сол үйде жылу жүйелерін тартып, техникалары сынса жөндеп, көмектестім. Қазір үйді салып болдық, енді өзіміздің шаруашылығымызда шөп түсіру науқаны.
400-ден астам тұрғыны бар шағын ғана ауылда қазір 4 дүкен жұмыс істеп тұр. Біреуі таяуда ғана ашылған. Иесі 4 баланың әкесі - Сәкен Мұратов. Теміржолдың салынуы мен оның бойында станцияның ашылатынан ескеріп, кәсіпкерлікпен айналысуға бел буыпты. Себебі, бұйығы жатқан ауылда, бұрынғыдай емес, халық саны көбейіп келеді.
Сәкен Мұратов, кәсіпкер:
Теміржол келіп жатыр, бұл жерде тіршілік болады, халық көп. Сол былтыр салдым, аяқталмады. Биыл бітіріп, аштым.
Сағат Смағұлов осыдан 8 жыл бұрын Терісаққаннан Жезқазғанға қоныс аударыпты. Алайда, кәсіби энергетик жуықта еліне қайта оралды. Теміржол станциясы оны өз мамандығы бойынша жұмысқа шақырыпты. Жақын арада жаңадан салынып жатқан мына бір үйдің кілтін алуды күтіп жүр.
Сағат Смағұлов, Терісаққан ауылының тұрғыны:
Өзім бұрын ауылдың подстанциясында жұмыс істегенмін. Тоқтың бәрі жекешеленіп кетті, еңбекақы төленбеді, сондай жағдайлармен көшіп кеткенбіз. Қазір міне, елге оралып жатырмыз. Осы елге қызмет етейік деп, туған ауылымыз, оның көркейгені кімге жаман болады.
Осылайша, «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдары дамуды қарқындатып, алысты жақындатты. Қашықтықты қысқартып, шығынды азайтты. Адам аяғы сирек басатын сайын далада жаңа станциялар мен бекеттер пайда болып, ұлы жобаның игілігін бүкіл ел-жұрт көріп отыр.
Берік КӨШЕРБАЕВ