Атырау облысының әкімі есеп берді

19.10.2014
Атырау облысының әкімі есеп берді

Қазақ экономикасының қуаты - әзірге мұнай, мұраты - экспорт. Біз «қара алтын» деп атайтын байлықтың сол 40 пайызы Атыраудың атырабынан атқылап жатыр. Қиыр жайлап, шет қонған ағайынның ғана емес, мұнайдың есебінен мұқым елдің мұрты майланды.

Қазақтың елі жылына 72 миллион тонна мұнай экспорттайды. Соның 35 пайызы Атыраудан шығады. Былтыр орташа жалақы 187 мың теңге болып еді, биыл 200 мыңнан асты. Мұнайлы мекенде қазір тұрмыс та түзу. Әрине, мұңы да жоқ емес, экономикасы мықты болса да, экологиясы созылмалы сырқаттай оңбай келеді.

Атыраудың асты-үстін неге сонша қопарды деп таңданып отырған боларсыздар. Осы аптада кезегі келіп, есебі мен ел туралы мәліметтерін алып, Астанаға Бақтықожа Ізмұхамбетов келді. Келді де, Атырау туралы толық мағлұматты берді. 

Атырау - шұрайлы болмаса да, мұнайлы аймақ. Қазақстанның қымбат қалаларының бірі. Облыс тек мұнаймен күн көреді деу қателік. Мұнайдан түскен қаржы республикалық бюджетке құйылады.

Ал, облыстың бюджеті биыл  200 миллиард теңгеге жеткен.  Құрылыс жұмыстары, өндіріс пен тұрғын үй құрылысынан облыс қазынасына мол пайда түседі, дейді әкім.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

Бюджетке салық түрімен, Ұлттық қорға түсетін қаржылар өткен жылы рекордтық межеге жетіп, республика бойынша 2 триллион теңгеден асқан болатын. Биыл бұл көрсеткішке біз 9 айда жақындадық. Қазірдің өзінде 1 триллион 783 миллиард теңге жиналды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 300 миллиард теңгеге жетеді, деп жоспарлап отырмыз.

Халықтың дені жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы - 220 мың теңге. Биылдың өзінде 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Жүйелі жобалардың нәтижесінде Атыраудың экономикасы дамып келеді.

Қазір құны 1,6 триллион теңге болатын 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 22-сі жоспарлы қуатына шықты, 26 миллиард теңгеден астам өнім өндірілді. 4 миллиард теңгеден астам салық түсті.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

Биыл жалпы құны 8 миллиард теңге тұратын 7 жоба іске қосылмақшы. Жүзеге асып жатқан 5 жоба 2015 жылы, 4 жоба 2016-2017 жылдарға жоспарланған.

Мұнай саласындағы өндіріс көздерінен бөлек, өңірде ауыл шаруашылығын дамыту мықтап қолға алынған. Соңғы 3 жылда облыс бюджетінен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 20 миллиард теңге бөлінген. Облыста 292 гектар алма бағы, 9,5 гектар жылыжай, 4 құс фабрикасы, асыл тұқымды мал өсіретін 13 шаруашылық және 21 балық өсіретін шаруашылық бар.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

Біз тек ауыл шаруашылығының өзінен тек қалған 2-3 айдың ішінде 5,5 миллиард теңгенің қосымша өнімін алғалы отырмыз.  Биыл былтырғылармен салыстырғанда, ауыл шаруашылығынан үлкен табыс тауып отырмыз. 50 миллиард теңгеден астам.

Облыс тұрғындары ауылшаруашылық өнімдерімен өзін-өзі 100 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Сонымен бірге, экспорт көлемі де артуда. Жыл басынан бері 1900 тонна балық өнімі Франция, Финляндия, Бельгия, Германияға  жөнелтілсе, Ресейге 250 тонна көкөніс экспорттаған.

Жылдағы дәстүр бойынша, әкім есебінен кейін жәрмеңке де ұйымдастырылды.  Ауылшаруашылық өнімдері Астана халқына арзан бағамен сатылды. Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары жәрмеңкеге 700 тоннадан астам өнім әкеліпті.

Оның 130-ы Атырауға тиесілі, көбі  балық. Еттің келісі 900 теңге болса, пияз, қызылша, сәбіз бағалары 50-60 теңгеден саудаланды. Баға Астанадан 20 пайызға арзан, деп риза болды жұрт.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу