Астананың жасыл белдеуі ұлғайып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың жасыл белдеуі ұлғайып келеді

06.07.2014
Астананың жасыл белдеуі ұлғайып келеді

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын», дейтін ұрпақпыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1997 жылдан елорданы айналдыра ағаш егіп жатырмыз. Жасампаз шаһар осы күні жасыл белдеуге оранып та қалды. Он алты жыл бұрын отырғызылған көшеттер саялы бәйтерекке айналды.

Жалпы қысы қытымыр, климаты құбылмалы мұндай өлкеде қолдан орман жасаған мемлекет жоқ жаһанда. Сондықтан, елорданың құрылысына күмәнданғаны секілді көп адамдар Есілдің атырабындағы жасанды орманға да әуелгіде жатырқай қарады. Алайда, күдікті үміт жеңді. Астананың құрылысымен бірге жасыл алқап та жайнап келеді.

Президент жыл сайын жазғытұрым арнайы барып - ағаштардың жай-күйімен танысатын. Биыл да жасыл белдеуді аралап көріп, көк желекті күтімге алған сала мамандарымен кездесті. Сосын  Астана маңындағы «Сафари» саябағын аралап көрді. Бұл   демалыс орны жасыл белдеудің  ортасында   орналасқан. 

Жайнагүл Төлеміс, тілші:

Кезінде ғалымдардың бір тобы бұл топырақта тал өспейді деген еді.  Бірақ  ғылым жеңді.  Расында да,  бұл маңға көшет бірден жерсінбейді.  Сондықтан,  жас өскін алдымен  тұқымбақта топыраққа бейімделеді. Сосын екі жылдан кейін ғана осында әкеп  отырғызады.

Ал, мынау  дәл  осындай әдіспен 2004 жылы  отырғызылған  ағаш.  Бас бағбан еңсесі  тік желекке қарап сүйсініп тұр. Өгей өскен көшет бұлайша  бойшаң болмайды. 

Орманшылар дер кезінде арамшөбін жұлды,  судан тарықтырмады, түбін қопсытып отырды.  Бірақ тал-терек сәл қараусыз қалса, биологиялық  өзгерісті орнына келтіру  қиын.

Жұматай Сүйіндіков, «Жасыл аймақ» МK Бас директоры:

Мынау 14 жыл болған ағаш.  Өзін жақсы сезініп тұр.  Қайыңның жақсы өсуі-бұтағынан белгілі.  Тік өскені - жердің жарамдылығы.

Қаулаған орманды  табиғат  тарту  етпесе,  Жер-Анаға  бұлайша  құнарлы сый жасау да кез келген   халықтың қолынан келмейді. Астана маңындағы жасыл  белдеу – адамзаттың  табиғатқа  тартуы. Мұнда қайың, шегіршін, қарағай, сары қарақат, жиде, тіпті де  шие бар.  Бұл - орманның  бас қамқоршысы Елбасының өзі. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Барлығы да  бұл ағаштар мұнда өспейді деп санаған еді. Бұл жер жарамсыз, тұзды дегендер де болды. Бірақ, біздің орманшылар мен ғалымдардың бірлесіп дұрыс әдіс табуы, тиісті көшеттерді іріктеуі нәтижесінде, жайқалған орман өсіп келе жатыр.

Елімізде орман өсіру кәсібі   іргелі ғылымға айналды.  Өйткені, сулы жерде ағаштар оңай  қаулап, өркен жаяды. Ал,  құрғақ  жерден ылғал табу тек ғылымға ғана мәлім құпия.  Жасыл белдеуді көрген жан ағаштардың арасындағы   бос кеңістіктерді бірден байқайды.  Ғалымдар су жинаудың құпиясы осында дейді. 

Кенесары Қасенов, орманшы:

Мына жерде қар суы жиналады, кейін бұл жерде су айналымы жүреді.

Келер жылдан бастап – жасыл белдеу   қалыңдайды. Өйткені, бұл бос аралықтарға қылқанжапырақты   ағаштар  отырғызылады.   Орманның тамыры  тереңге жайылған кезде   ғана жасыл белдеу  қазіргідей  үлкен қамқорлықты қажет етпейді. Ғылыми жұмыстар тек сол кезде ғана  саябырсуы мүмкін.

Елбасы жасыл белдеуді жыл сайын аралайды, мамандардың болжамдарын тыңдайды.  Көктің қалай көбейіп келе жатқанын   бақылайды. Біле білгенге  Астанада  әкімшілік ғимараттардан  бұрын  осы алқаптарға   көшет отырғызу ісі бірінші басталды. 

Өйткені,   жасыл желек - бас  шаҺарға сая болатын мәуелі бақ,  Арқаның аязы мен  ызғырық  желін  бөгейтін  берік  қорған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл біздің ел үшін жақсы бастама. Әр адам ағаш отырғызса, бай болады. Ағаштардың биіктігі 15 метрге жеткен.  Мұнда елік те, қоян да, марал да бар, жидектер өсуде. Орманшыларға рахмет.

Жасыл белдеудің  жалпы аумағы биыл  70 000 гектарды құрады. Ал,  2020 жылға қарай  орман алқабының  көлемі  100000  гектарға жетеді.   Жыл сайын 5 мың гектар аумаққа  көшет егіледі.

Белдеуде   қазір аң-құстың түр-түрі бар. Орманшылар түлкі мен қоянда есеп жоқ дейді.  Жуырда бұл маңға  15 марал,  бірнеше  елік әкелінді. Ен даланың  еркелері  орманның ортасында ойқастап  жүр.

Құстар да көп мұнда. Шіл мен Қырғауыл бар.  Қыста қорықшылар салған жемге қанаттылар  тұмсығын да тигізбеген. Бүгін  Елбасы Астанадан шеттеу жатқан «Сафари»  саябағына  150 қырғауылды жіберді.  Бұл жылдағы игі дәстүр. Көрікті құс ормандағы  зиянкестермен күреседі.  

Жыл өткен сайын  Астанда ауа райы жұмсарып келеді.  Жасыл белдеу желді бөгей бастады. Шаһарда ауа ылғалдана түсті.  Температура өзгеріп келеді. Бірақ талай жылғы   еңбектің   қайтарымы  әлі алда.  

Ерлан Нысанбаев, ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрінің орынбасары:

Біз  отырғызған ағаш арасында  біз отырғызбаған ағаштар пайда болды. Себебі микроклимат  пайда болды. Ауада ұшып жүрген тұқымдар өзінің орнын тауып 30-40 жылдан кейін жабайы орман болады бұл маңда.

Қазақтың мақтанышы, әрине,  Астана секілді сәулетті шаһары. Бірақ  ертеңгі күні халықаралық EXPO көрмесінде бізге нағыз ұпай қосатын ғалымдардың өнертабыстары ғана емес, Астана маңындағы  ну ормандар.

Жасыл белдеу Африкадағы  «Сафари»  секілді EXPO қонақтарына  елдің байлығы ретінде  таныстырылады. Президентке таныстырыған «Сафари» саябағы 300 гектар жерді алып жатыр. Бұл маңда аң-құстың түр-түрі бар.

Мұнда енді қала тұрғындары мен қонақтары келіп, серуен құра алады. Ендеше бұл қолдан өсірілген орман да  қазақтың жер бетіндегі байлығына айналады.   Тамырын тереңге  тартып, жапырағы жайқалып, талай буынға сая болады. Астана ұрпаққа құны өлшеусіз мұра дайындап жатыр.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу