Қазақстандықтар көкөністі Ресейге саудалай бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар көкөністі Ресейге саудалай бастады

20.04.2014
Қазақстандықтар көкөністі Ресейге саудалай бастады
Өзгеге қақпамызды ашып, өнімін ішке кіргізгенімізбен, өзіміздікін сыртқа шығара алмай әуреленуші едік бұрын. Отандық өнімдер, әсіресе, біз күнделікті тұтынатын көкөніс пен жеміс-жидек шет мемлекеттерден импортталып келді. Өз тауарларымыз бәсекеге қабілетсіз болды.
 
Сыртқа жүнімізді қампайтқанымыз емес, осы күні біздің де тауарлар көрші елдердің нарығына шыға бастады. Өзгелер қазақ кәсіпкерлерінің де күйлі- қуатты екендерін ұға бастады. Бір-екі жыл бұрын нарық бәсекесінде отандық өнім шетелдік тауарлардың тасасында қалса, осы күні сауда сөрелерінде қасқайып тұр.
 
Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов та осы аптада көңіл семіртерлік жаңалық айтты. Жыл басынан бері қазақтың экспорт мөлшері 15 миллиард 715 миллион АҚШ долларына жетіп, былтырғымен салыстырғанда 22 пайызға өсіпті. Ал, импорт керісінше, 8 пайызға азайыпты. Бір ғана ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемі 3,6 пайызға өскен.
 
Біз өткен аптада Ресей халқы тұтына бастаған қазақтың қазысы туралы айтып едік. Бұл жолы шетелге экспортталатын көкөніс, оның ішінде қияр өнімі туралы айтсақ дейміз. Иә, қазақтың қиярын тек біз емес, өзге елдер де жеп жүр. Қияр өсіретін шаруашылықтардың бірін көзбен көрейік.
 
Мейіржан Әлібек, тілші:
Бұл шағын шаһар Астанадан екі жүз шақырым жерде жатыр. Елу мыңға жуық тұрғыны бар. Сонау Кеңес заманында картада аты болмаған. Әскери жабық қала. Бүгінде экспорттың жайына қанық қала. Степногорск.
 
Қиялдары қиянды шарлаған Степногорск кәсіпкерлері голланд қиярын өсірмекке бел буыпты, осыдан алты жыл бұрын. Сол кездегі шағын ғана жылыжайдың қазір аумағы ат шаптырым. Үш жарым гектарды алып жатқан кешеннің жер көлемі бір қызығы, Ватикан мемлекетіндей болады екен.
 
Вячеслав Кунгуров, жылыжай кешенінің директоры:
Өнімге сұраныс жоғары болғандықтан, жылыжай кешенінің көлемі бұдан да кеңейтіледі. Томат әзірлейтін бөлім ашамыз. Қазір өзіміздің Степногорскіден бастап, Астана, Қарағанды, Көкшетау, Павлодарды қиярларымызбен қамтып отырмыз. Жалпы, жиналған ішкі өнімнің он пайызы экспортқа шығады.
 
Жылыжай іші +21 градус. Тымырсық ауа тынысты тарылтады. Төбеден өткен күн қызуы тағы бар. Бізге жақпағанмен, күн көзі көктеген қиярларға жақсы. Бұл өсімдік өзі жылуды, жарықты, ылғалды ұнатады. Тізіле өрілген қияр сабақтарының тынысы әлсін-әлсін бүркілген сумен ашыла түседі.
 
Валентина Гаврилюк, жылыжай бағбаны:
Қиярларды өз балаңдай бағу керексің. Сонда әдемі болып, түзу қалпында өседі. Ерекше күтім керек қой негізі. Артық жапырақтарын қиямыз, айналасын арам шөптерден тазалаймыз.
 
Мева, Цветогор, Кураж. Бұл осы жылыжайда өсірілетін қияр сұрыптары. Жаңағы Валентина секілді білікті бағбандар егеді, тұқымын себеді. Бар мейірімін төгеді. Жалпы саны 120 адам еңбек етсе, барлығы да осы Степногорск қаласынан. Күніне 8-10 тонна қияр жинайды.
 
Назира Шейхисламова. Жергілікті тұрғын. 3 жылдан бері осында. Терілген қиярларды қорапқа бірінші сорт, екінші сорт деп іріктеп салу міндеті. Әр қазақ тек қазақ жерінде өсірілген қиярды жеу керек деген пікірде. Патриот  өзі.
 
Назира Шейхисламова, қиярларды іріктеуші маман:
Қымбат болады және қытайдың қиярларының түрі тіпті қорқынышты. Қайта біздің қиярлар қанша тұрса да, түрін жоғалтпайды. Олардың құрамына не қосатынын білмейміз. Ал мына қиярларды өзіміз көзбен көреміз. Қорықпай, емін-еркін сатып аламыз.
 
Қазақтың қиярларын қорықпай, емін-еркін сатып алатын елдің бірі - Ресей. Былтыр мысалы, дәл осы жылыжай көрші елге алпыс тонна қияр экспорттапты. Биыл алпыстан да асырмақ. Өзге елдерден де сұраныс түскен.
 
Назира Шейхисламова, қиярларды іріктеуші маман:
Қиярлардың сапасы өте жоғары. Осы жақтан үлкен көліктер кезекке тұрып алып кетеді. Қыста өзіңіз білесіз, кімнің қияр жегісі келмейді. Сұраныс жақсы.
 
Мына жігіттер осы жылыжай қызметкерлері. Әмбебап болып алған. Қияр егеді, қол қалт етсе, құрылысқа араласады. Дәл қазір аумағы 40 мың шаршы метр болатын қосымша жылыжай салып жатыр. Технологияны меңгеріп алды, тек әттеген-айы сол жылыжайға қажет жабдық жоқ өзімізде.
 
Қызғалдақтар елі. Біз Голландияны айтып тұрмыз. Олар тек алқызыл раушан гүлдерімен емес, шатыры күнмен шағылысқан осындай жылыжайларымен де әлемді таңғалдырып келеді. Олардың әсіресе, өсімдік өсіру, өнім жинау технологиялары мықты. Мына Степногорскідегі жылыжай да осы Голландияның үздік технологияларын тұтынып келеді.
 
Жоғарыда айтпаппыз, мына бөлім перзентхана тәрізді. Қиярдың жас көшеті алдымен мына құтыларға отырғызылады. Құтының ішінде тыңайтқыштар бар. Сәл-пәл өскен соң, өзге бөлімге ауыстырылады. Айтпақшы, салатты жақсы көрмейтін жан жоқ шығар, сірә. Мына Мария сол қиярлармен қатар салаттарды да егеді.
 
Мария Митрофанова, бағбан:
Еккен салаттарымыз 30-35 күннен кейін дайын болады. Әр өскен күнін қызықтап жүреміз. Қанша дегенмен, еңбегің ғой. Сондай-ақ, аскөк пен ақжелкен егеміз.
 
Айына 120 мың теңге алатын бағбандар басшыларына разы. Ал, басшылары бизнеске мүмкіндік берген Үкіметке разы. Назира болса, туған қаласының экспортқа үлес қосып жатқанына қуанады.
 
Назира Шейхисламова, қиярларды іріктеуші маман:
Степногорскіде осындай қиярлар шығып жатқаны мақтаныш біз үшін. Бізден де осындай нәрсе шығаруға болады екен. Біз мына жәшіктерге атымызды жазып қоямыз. Соны басқа қалаларға барғанда көріп қаламыз, ой мынау біздің қиярлар ғой деп. Мына жақта да бар екен деп қызықтайсың.
 
Біз Астанаға кері шыққанда қазақтың қиярлары жүк көлігіне тиеліп жатты. Ресейге бет алмақ. Бұрын қазақтың базарлары шетелдің импортталған өнімдеріне лықып тұратын, қытайдың қызанағы мен өзбектің қиярына бықып тұратын. Дегенмен, соңғы жылдары біздің өз өнімдеріміз оларды шетке ысыра бастады. Бұл әлбетте, кәсіпкерлікті қолдаудың арқасы.
 
Мейіржан ӘЛІБЕК

Хабарламаларға жазылу