Алдағы 15-17 жыл - Қазақстанның ауқымды, ірі серпілісі үшін мүмкіндіктер кезеңі болмақ. Ел Президентінің айтуынша, бұл кезеңде сыртқы ортаның қолайлылығы, ресурстарға, энергияға және азық-түлікке сұраныстың артуы, үшінші индустриялық төңкерістің пісіп-жетілуі сақталады. Біз бұл кезеңді мүлт жібермеуге тиіспіз. Сарапшы қандай ойда? Студия қонағы – Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев.
-Мәулен Сағатханұлы! «Дамыған ел» деген ұғымға тоқталыңызшы. Ол қай жағынан дамыған, қай жағынан әлем таныған мемлекет болуы тиіс?
-Дамыған ел дегеніміз – біріншіден, экономикалық жағынан дамыған мемлекет болуы керек. Адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі - ең бірінші мәселе. Екінші - сол елдегі денсаулық сақтау, білім беру жүйесі. Үшінші – халықтың табысы. Осы мәселелерге қатысты бағаланады. Сондай-ақ, тағы бір қолданылатын критерий - саяси жүйенің дамығандығын көрсететін факторлар. Жалпы, бүгінгі күні сарапшылардың айтуы бойынша, бұл тізімге 35-40 мемлекет кіреді.
-Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы деген бар. Оған әлемдік ІЖӨ-нің 60 пайыздан астамын өндіретін 34 ел кіреді. Қазір оған Бразилия, Қытай, Үндістан, Индонезия, Ресей және Оңтүстік Африка Республикасы үміткер. Ақиқатын айтсақ, кілең марғасқа мемлекеттер. Олармен үзеңгі қағыстыру біз үшін қиял емес пе?
-Бұл мақсатқа жету үшін біраз жұмыстар атқарылуы керек. Жалпы, бүгінде экономикамыз 220 миллиард доллардың көлемінде. Бүгінгі 30 дамыған елдің соңғысының даму көрсеткішін қарайтын болсақ, 400 миллиардтан астам.
Сондықтан, біз олардың санатына қосылу үшін, ішкі жалпы өнімімізді, жалпы, экономика көрсеткішін екі есегеарттыруымыз керек. Қазір бәсекелестік заман. Әр мемлекеттің өз стратегиясы бар. Сондықтан, оларға жету үшін біздің қарқынды дамуымыз керек.
Елбасының Жолдауда көрсеткені бойынша, адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 13 мың АҚШ доллары. Мұны 60 мың АҚШ долларына жеткізуіміз керек, деген мақсат қойды. Бұл 4,5 есе өсуіміз керек деген сөз.
-Біздің мемлекет уран өндіруде ешкімге бәйге бермей тұрған әлемдік көшбасшы. Президент биылғы Жолдауында «Атом станциясын салуға тиіспіз» деді. Мұндай қажеттілік неден туындап отыр? Пайда қандай, зиян жоқ па?
-Қазір экономика дамуы үшін энергия көздері керек. Соның бір көзі - атом электр станциясы. Біз дайындалып жатқан EXPO көрмесінің негізгі тақырыбы – осы. Халықаралық көрмені ұйымдастыру кезінде Қазақстан өзінің энергия көздеріне байланысты идеяларын ұсынады, энергия көздерін дамытуға үлесін қосады деп сенеміз.
-Тағы бір мәселе - мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру. Бұл әрине, озық отыздықтың қатарына кіру жолында аса қажет тетік. Сіз мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіруде қандай ой қосар едіңіз?
Жұмыстың орнына бір-бірімізге есеп беріп отырсақ, көп жұмысты тек қағаз жүзінде берсек, ол біздерге стратегиялық даму мақсатымызға көмектеспейді, кері әсерін тигізетін болады. Содықтан, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру керек, үшін үш мәселе бар. Бірінші, Қазақстандағы демократиялық процестерді жалғастыру, әкімшілік реформаны жалғастыру, қоғамда мықты құндылықтар қалыптастыру.
-Қазақ елінің арманы - озық отыздыққа кіру. Әрине, мемлекет пен адам - тұтас ұғым. Бірақ, саясаткер әрі депутат ретінде Әшімбаевтың арманын білгіміз келеді?
-Әкем Сағат Әшімбаев - қазақтың тілін сақтап қалуға, ұлттық рухты күшейтуге өзінің бар күшін салған қайраткер. Әкем сияқты елімнің дамуына үлес қоссам деген арманым бар.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ