Үкімет бағаны бақылауға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет бағаны бақылауға алды

16.02.2014
Үкімет бағаны бақылауға алды
Пендені құлқын тессе, қиын ғой. «Мысықтың өлімі тышқанға той» дегендей, доллар көтерілген күні алыпсатарлар алақандарын ысып, азық- түлік пен тұтыну тауарларының бағасын көтермекке тыраштанып, ақша айырбастау пункттері доллардың құнын сан құбылтып, жанармай бекеттері бензин бағасын аспандатып, пайда қарпып қалуға тырысты, халықты қайтсін?!
 
 Дегенмен, Үкімет елдегі ахуалды асқындырмай, тез бақылауға алды. Серік Ахметовтің өзі нөкерлерін ертіп, қолдан қымбатшылық жасағысы келген пысықтардың әрекетіне тосқауыл қойды.
 
Жүгенсіздерді жүндей түтпесе де, «Ендігәрі бағаны көтерсеңдер, лицензияларыңнан айырыласыңдар», деп төтесінен қойды. Әрі қарайғы ахуалды уақыт көрсетер. Әзірге жағдай қалыпты.
 
Сейсенбі   селк еткізді. Доллар «ұшты», жұрт шу ете түсті. Шын өкінген де, қара көбейтіп,  бекер өңештеген де болды, әрине.  Ұлттық  банк үн қатты. 1 доллар - 185 теңге.
 
«Болды. Бірер теңге әрі, бірер бері болады, бірақ, біздің шек -  185»,-деді Қайрат Келімбетов. Байлар бар қазақта, бірақ, көптің бар тірлігі тек доллар құнына тіреліп, самауырды ақшамен қайнатып отырған жоқ. Ендеше, ел неге елеңдеді, алаң болды? Жалғыз себеп - доллар мен теңге теңгерімінің құбылуы жаппай қымбатшылыққа ұрындырады, деген күдік.
 
Үкімет жиыны.  Серік Ахметов министрлерді шұғыл жиып, «Азық түлік, жанармай қымбаттамасын, деді. Әкімдерге пәрмен - «Базарды бақылаңдар!». Сосын іле-шала өзі де Астананы аралады, бағаны саралады, жанармай бекеттерін жағалады, валюта құнын парықтады.
 
Бұл - сәрсенбі күнгі тірлік. Артық қыламын, деп тыртық қылған банкир өзі де өкінген болар. Ұлттық банк 185 десе, бұл жерде айырбастау пункті доллар құнын 165 теңге қылып қойыпты. Әрине, жоғары биліктің көзіне түсіп, мақтау естимін деген пенделік пиғыл да. Сөгіс естіді. Хош. Үкіметтің үлкені үлгі көрсеткен соң әкім біткен тыныш ұйықтай алсын ба? Едел-жедел атқа қонды.
 
Жұрты қалың түстіктегі облыстың әкімі Шымкентті аралап шықты. Бағаны бекер қымбаттатпаңыздар, деп өтінді. Ірі-ірі 15 сауда орталығының иелерімен кездесіп, баға тұрақты болсын, деген меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, 1400 дәріханаға дәрі жеткізетін 10 компаниямен келісім бар.
 
Асқар Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:
Әзірге азық-түлік  бағасының өскенін көріп отырған жоқпыз. Оның үстіне әкімшілікке қарайтын тұрақтандыру қорында да 3 мың тонна ұн бар. Картоп, сәбіз, пияз қорлары бар.
 
Бұл әкім - Бақтықожа Ізмұхамбетов. Атырау базарларын аралап жүр. Арнайы комиссия құрған. Ірі сауда орындарымен келісім бар, баға тұрақты.
 
Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
Егер спекуляция болатын болса, кез-келген уақытта көрген нәрселеріңізді құқық қорғау органдарына, әкімшілікке хабарлауларыңызды сұраймыз. Шара қолданылады.
 
Шығыс облыс. Сауда алаңына барған әкімге әркімнің-ақ айтары бар. Сатушылар сауда орны үшін төленетін ақыны қымбатсынады. Әкім арағайынға жүрді. Нәтижесінде, сауда кешендерінің иелері орын ақысын 20 пайыз арзандататын болды.
 
Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Халық үшін ең керек нәрсенің бірі - нан. Нанның бағасы бұрынғыдай. Біздің тұрақтандыру қорының  қоры жеткілікті. Үкіметтен жеңілдетілген бағамен ұн аламыз ба, деп күтіп отырмыз. Оны алсақ, бізде нан қымбаттамайды.
 
Негізі  қазір облыста үш жұмыс тобы құрылған. Біріншісі, ақша айырбастау бөлімшелерін, екіншісі азық-түлік бағасын, соңғысы қоғамдық жағдайды назарда ұстайды.
 
Бұл жастар да шығыс облыста, жалынды һәм қарымды. Бес бірдей топ құрып, бағаны бақылайды. Олар баға неге бұлай, деп айғай-сүрең салмайды, суретке түсіреді де, штабқа жібереді.
 
Арайлым Есімбекова,облыстық «Жастар» орталығының директоры:
Мобильді топ барып, сол жерден фотосуретке түсіріп, жазып алады. Ол ақпарат ортақ штабта жинақталады. Сол бойынша біз талдау жасаймыз. Егер қайбір мөлтек ауданда бағаның өсуі байқалса, жергілікті органдарға хабарлайтын боламыз.
 
Өңірлердегі өмір - осындай. Барлық аймақта әкімнен бастап, атқамінер атаулы бағаны бағып отыр. Жергілікті органдар сабырмен қимылдап, бағаны тұрақты ұстауға тырыспақ. Хош.
 
Орталық коммуникациялар қызметі. Дүркін-дүркін брифинг. Коммуналдық төлемдер өспейді, деді бірі, дәрі-дәрмек қымбаттамайды, деді екіншісі, азық-түлік сол қалпы тұрады, деді үшіншісі. Жөн екен, дестік біз.
 
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Үкіметтен, азық-түлік корпорациясының қорынан тиісті астықты 30 мың теңгеден асырмайтындай қылып беретін механизм дайындалып қойылған. Сондықтан, бірінші сұрыптағы нанның бағасы еш өзгермейді, деп толық айтуға болады. Қымбаттауға негіз болмайды.
 
Негізі қанша сынасақ та, қазақтың ауыл шаруашылығы -  ілгері басып келе жатқан сала. Қазынадан қанша ақша құйылып, іргелі істер де атқарылды. Мұнай мен газ, темір мен көмірден пайда көп десек те, ауыл шаруашылығын ешкім сызып тастай алмайды. Доллардың қымбаттауынан бұл сала да ұтпақ.
 
Ринат Кемешов, «ҚазАгроҚаржы» АҚ ресми өкілі:
Шетел бізден алатын тауарды АҚШ долларымен сатып алады. Сондықтан, АҚШ долларының теңгеге шаққандағы қазіргі жағдайы өте жақсы. Біздің елімізде өндірілетін жұмыртқа, ет, сүт өнімдері және басқа да мал өнімдері шетелге шыққанда шетелдің нарығындағы жағдаймен қала береді.
 
Біздің жұрт «қымбаттауы мүмкін», деп күдіктеніп отырған жол ақысын да айтып өтелік. «Бензин әзір қымбаттамайды», деді басшылар. Яғни, қала ішіндегі жол ақысы қымбаттай қоймас.  Ал қала арасында екінің бірі көлікпен жүрген жоқ, әуе де сол, қалатыны темір жол, қымбаттамайды.
 
Ермек Төлегенов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы:
Былтыр бiз Қазақстан және шетел мемлекеттері бойынша 20 миллион 450 мың жолаушы тасымалдадық. Сондықтан, бiз бүгiнгi жағдайға байланысты темiржол тарифтерiн қымбаттатпаймыз. Осы мәселенi халыққа жеткiзейiн деп едiк.
 
Әуе қатынасы туралы да бірер сөз. Сырт елдерге қатынайтын ұшақтарға билет құны өзгеруі бек мүмкін, ішкі рейстер бұрынғысынша болмақ.
 
Ербол Оспанов, «Эйр Астана» компаниясының вице-президенті:
Әуе компаниясы халықаралық-ішкі рейстердің тарифін өсіруді әзірге жоспарлап отырған жоқ. Осы ретте айта кетейін, компания құрылғалы, яғни, 2002 жылдан бері баға көтерілген жоқ. 2009 жылы теңге бағамының өзгеруі болғанда да, тарифті өсірмедік. Өсім тек халықаралық рейстерде болады. Оның өзі 7-10 пайыздан аспайды.
 Дәрі-дәрмек нарығы. Бұл саланы Денсаулық сақтау министрлігі мықтап қадағаламақ. Бізде, біздің қазақ елінде дәрінің 7 174 түрі бар екен. Ал, осы дәрілерді сатып алуға жыл сайын қазынадан 140 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлінеді.
 
Ерік Байжүнісов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
Ел бюджетіне сатып алынған барлық дәрі-дәрмектердің бағасы реттеулі. Бірақ, жекеменшiк бөлшек саудамен айналысатын дәрiханалардағы жағдайды тұрақты ұстау оңай емес. Ал, бізге ондағы бағаларды да қадағалауымыз қажет. Бұл - халықаралық ережелердің міндетті талабы. Осыған байланысты қазір Кодекске тиiстi өзгертулер енгiзуге кірістік. Егер, сәуірде бұл өзгерістер қабылданса, бәрін жөнге келтіру мүмкіндігі туады. Ең негізгісі, елімізде дәрi-дәрмектердiң ұлттық формуляры жасалады.
 
Енді доллар мен теңге теңгерімінің өзгеруі бізге не береді? Біз емес, білетіндердің айтуынша, экспортқа тиімді. Қазақы қисынға салсақ, бұрын сыртқа өнімін 155 теңгеден сатып келген компания енді 185 теңеден сатады.
 
Төлеген Мұқанов, ҚР Кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары:
Ұлттық банктің теңге бағамына өзгеріс енгізуі - тау-кен металлургия саласы үшін өте тиімді. Біздің қауымдастықта 3 мыңнан аса адам жұмыс ітейді, 100-ден аса кәсіпорын бар. Өнімдерінің 90 пайызы экспортқа шығарылады. Себебі, біздің экспортқа шығатын тауарларымыз жаһандық қаржы дағдарысына байланысты күрт төмендеп кетті.
 
Сонымен, болары болды, АҚШ-тың доллары «құтты орынына»  қонды. Тірлік тоқтап қалған жоқ, бірақ. Билік  «Өзгеге жем, өзгеден кем болмас үшін осындай шешім қабылданды», деп меңзейді.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ 

Хабарламаларға жазылу