Арзан көлік алсам дегендердің машақаты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арзан көлік алсам дегендердің машақаты

09.02.2014
Арзан көлік алсам дегендердің машақаты
Тіліміз бай болғанымен, халықаралық терминдерге келгенде тәржіма таппай, тілімізді майыстырамыз, қайтеміз. Италиялықтарда «contrabando» деген сөз бар. Яғни, контрабанда. «Заңға қайшы» деген мағына береді.
 
Тауар, валюта, зияткерлік меншік заттарын кеден шекарасы арқылы ірі көлемде заңсыз алып өту - экономикалық қылмысқа жатады. Бірақ, соны біле тұра қулығына құрық бойламайтын біздің «пысықтар» көзді қысып қап, контрабандалық көліктерді жүк тиелген түйелердің керуеніндей шекарадан елге кіргізіп жатыр.
 
Құжаты күмәнді көліктерді аңқауларға сатып, байып жүр. Ал, алданып бармақ тістегендердің бетін көздің жасы шайып жүр. Әрине, көлеңкелі табыстың опа бермесі анық. Одан бірер адамның дәулет жиып, байығаны болмаса, тұтас мемлекет үшін зор зиян.
 
Шекарадан заңсыз кірген көліктердің кесірінен миллиардтаған қаржы мемлекет қазынасына түспей қалады. Ал, мемлекеттік қазына дегеніңіз, Сіз бен біздің тырбанып алатын жалақымыз.
 
Мүгедек жандардың, ана мен баланың, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұялардың жәрдемақысы. Алайда, көлеңкелі экономика суға сергіген тікендей қаулай өсіп, бой берер емес.
 
Қазір көшелерде Қырғыз, Беларусь, тіпті Моңғолия нөмірін таққан көліктер жүйіткіп жүр. Бұрын АҚШ, Еуропа, Біріккен Араб Әмірліктерінен контрабандалық көліктер ағылса, қазір Қырғыздан кейін Моңғолия дес бермей тұр екен.
 
Сары нөмірлі көлік. Сыры көпке мәлім, бірақ сыны мен шыны тағы бар. 2011-2012 жылдары Қырғыз, Моңғол елдерінен көлік көп келе бастады. Құны арзан, сосын жұрт қызығады. Ермек те сол көптің бірі. Тәуекел деді де, алды. Енді Ермектің көлігі көлік емес - ермек қана.
 
Ермек:
Жұрттардың көбі Укарина, Қырғыз Республикасынан әкелді. Маған қолайлысы, Моңғолиядан әкелу болды. Әкелдім, бірақ заңсыз деп айтпаймын, заңды түрде істегім келген. Астана қаласында жүре беруге болады ол көлікпен. Бірақ, Қарағанды қаласында жүруге болмайды екен. Өз басым Қарағанды қаласында тұрғандықтан, қазір менің көлігім бір жылдан бері тұрақта тұр.
 
Көлігін шығарса болды, жол полициясы ұстап алады. Кедендік рәсімді сұрайды, оның нақты иесін талап етеді. Құжаты күмәнді көлікті айып тұрағына қойғызады. Заң солай.
 
Ермек:
Бірге әкелген жігіттердің бір-екеуінің көлігін айып тұрағына қойды. Кейбіреуі көліктен бас тартты, себебі оның құжатын бітіргенше айып тұрағынан шығара алмайды. Оны шығарып алу үшін көп уақыт кеерк, ал бұл уақытта айыппұлдың көлемі ұлғайып кетеді.
 
Қазақстанға көліктер Беларусь, Моңғолия және Қырғыз елінен келіп жатыр. Заңдысы да, заңсызы да бар. Егер көлікті бұл мемлекеттерден заңды түрде әкеліп, кедендік баж салығын төлесе, еш қиындық болмайды. Бірақ кедендік салық көлік құнынан да қымбат шығып тұр.
 
Сұңқар Жұртбай, «Колесо-Астаны» газетінің директоры:
2010-2011 жылғы «Тайота 45» немесе «Тайота 50» көліктерін 8-9 мың доллардан бастап, 11-12 мың доллар ақшаға сатып алуға болады. Ал, кедендік салық бізде 11 мың доллардың маңында. 9 мыңға сатып алады, 11 мыңға кедендік салығын төлейді. Оны Қазақстанға әкелу 2,5-3 мың доллар тұрады. Келгеннен кейін оны тіркеу, брокерге ақша төлеу, оның СВХ-сына ақша төлеу, басқа да төлемдермен 25-27 мыңға бірақ барады.
 
Бұл Астанадағы көлік саудасын саралап отырған бірден-бір орын деуге болады. «Сатамын», «сатып аламын» дейтіндер осы газеттен табылады. Ал, директордың айтуынша, көлік саудасы жақсы. Бірақ халық бұрынғыдай көлігін 2-3 жылда бір ауыстырмайды.
 
Алғанын кем дегенде 5-6 жыл жүргізуге тырысады. Өйткені, ескісін сатып, жаңасын алуға ақшасы жетпейді. Әрі, Қазақстан 2013 жылдың шілдесінен «Еуро 4» стандартына көшкеннен бері ескі көліктер кірмейді.
 
Сұңқар Жұртбай, «Колесо-Астаны» газетінің директоры:
Беларусьтен қандай көлік әкелінді? Арзан көлік. Арзан болғандығы, ол - ескі. Ескі көлікке кім сұраныс тудырады? Қаржысы аса көп емес қарапайым халық. Енді «Еуро 4» стандартына сай көлік қазір қымбат тұрады. Беларусь елінде де қымбат тұрады. Оны қарапайым халық сатып ала алмайды.
 
Біздің жұрт икемді. Кеңес кезінен үйренген. Заңнан айла асырып, ебін табуға тырысып тұрамыз. Қу құлқын не істетпейді, тәсіл - контрабанда.
 
Ерден Жұма, ҚР Кедендік бақылау комитеті Контрабандаға қарсы күрес басқармасы, анықтау бөлімінің басшысы: 
Жалпы, 2013 жылғы деректерге сәйкес 649 контрабандалық автокөлік анықталып, ол бойынша 195 қылмыстық іс қозғалып отыр. 2012 жылдың көрсеткішіне сәйкес, 104 қылмыстық іс қозғалып, жалпы автокөліктер саны 105-ті құрады. Яғни, өсу тенденциясы байқалып отыр.
 
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 3 миллион 700 мың көлік бар. Оның 200 мыңдайы Қырғыз елінен кірген. Олар Жол полициясының базасына тіркелмейді, салық төлемейді, сақтандыру алмайды және иелері де табылмайды.
 
Ерден Жұма, ҚР Кедендік бақылау комитеті Контрабандаға қарсы күрес басқармасы, анықтау бөлімінің басшысы:
Қырғыз Республикасы аумағынан уақытша әкелінген автокөліктер де қазақстандық тұлғаларға заңсыз түрде сенімхат арқылы сатылады. Кедендік заңнамаға сәйкес, уақытша әкеленген шетелдік автокөліктерді басқа тұлғаға беру тек кедендік төлемдерді толық төлеген жағдайда мүмкін болады.
 
Кедендік төлем көлік құнынан артып кеткен соң, оны ешкім төлеуге құлықты емес. Алайда...
 
Айнұр Омар, тілші:
Алайда, адамнан қулық артылмаған. Контрабандалық жолмен әкелінген көліктерге қазақстандық құжат алу үшін дәл сондай маркалы, бірақ апатты жағдайдағы көліктің құжаттары мен мемлекеттік нөмірін сатып алады, сосын шанағындағы нөмірін кесіп, жаңасына сала салады. Екі көліктен бір жаңа, әрі арзан көлік пайда болады.
 
Заңды бұзып, осындай қылмыстық әрекетке барып жатқандар да аз емес. Шеттен заңды түрде әкелу қымбат, өзімізде де құн шарықтап тұр. Салоннан шыққандардың ең арзаны 1,5 миллион теңгеден басталады. Осылайша, көлік саудасы жан-жақты қызып тұр.
 
Ерден Жұма, ҚР Кеден бақылау комитеті, Контрабандаға қарсы күрес басқармасы, анықтау бөлімінің басшысы:
Контрабанданың объектісі, негізінен қымбат тұратын автокөліктер. Оның ішінде «Mersedes», «Toyota», «Porsche», «Land Rover» сияқты маркалар, яғни бағасы қымбат тұратын автокөліктер.
 
Қымбат тұратын көліктерге жағдайы барлар және көлікті заңдастыруға сенімі мол адамдар тапсырыс береді. Бірақ, шырылдап жалғыз көлігін айдап шығуға батылы бармай, айып тұрағынан алуға ақшасы жетпей жүрген - қарапайым халық.
 
Ермек:
Экономикасы төмен деген Моңғолияның өзінде бізден екі есе арзан, автокөлік бағасы. Сонда Қазақстанда машина міну - ауқаттылықтың белгісі сияқты болып көрінеді біздің жақта.
 
Ермек қазір көлігі бола тұра, жаяу жүр. Ал көлігін заңды түрде, заманның кең кезінде алған досы аяғын алшаң басады. Қажеттілікпен қатар мақтанға айналған ер қанатының қазіргі ахуалы осы.
 
Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу