«Дамыған ел дегеніміз - белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дамыған ел дегеніміз - белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар»

19.01.2014
«Дамыған ел дегеніміз - белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар»
Мемлекет басшысы саяси құжатта «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз -  белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар», деген еді. Сарапшылар не дейді, алып-қосарлары бар ма? «Apta.kz»-тің бүгінгі мейманы Еуразия Ұлттық Университетінің ректоры Ерлан Сыдық.
 
Ерлан Бәтташұлы, қайырлы кеш! Алдымен, мына сюжетті көріп алайық. 
 
ХХІ ғасырдағы дамыған елдің сипаты - белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтары. Білімі мықты елдердің білегі де күшті, ал білегі күшті елдер тілегін де өзгеге орындата алатынын дәуір дәлелдеді.
 
Ал біздің балдырғандардың бір шоғыры әлі екі, тіпті үш мезгіл оқып жүр. Президент осы кемдікті жоюды бірнеше мәрте тапсырған. Алдағы үш жылда бұл түйткіл түбегейлі реттелмек.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
2017 жылға дейін орын жетіспеушілігін жойып, қажетті жерлерде елдегі барлық мектепті екі ауысыммен оқытуға көшіру керек. Үкімет пен әкімдер осы міндетті орындау үшін бюджет қаражатының бөлінуін қарастырғаны жөн. Таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек.
 
Қазақ жастары келешекте техникалық орта білім аламын десе мемлекет кепілдік беруі мүмкін. Президент мұны да айтты. Сосын Үкіметке 1-ші маусымға дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізуді міндеттеді.
 
Сосын, денсаулық саласына тоқталды. Бұл саланың құлағын ұстап отырған мамандар алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытып, әлемде бар - міндетті медициналық сақтандыру мәселесін зерделеуі тиіс. Тиімді болса, Қазақстан да енгізеді. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу керек.
 
Президент тіл мәселесіне де тоқталып өтті. Қазір Қазақстанда қазақтың тілін оқытатын 57 орталық бар. Былтырмен салыстырғанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн.
 
Президент білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттерін тағы бір мәрте қарастыру қажет екенін ескертті Үкіметке. Келер жылдан бастап, аталған салаларда еңбекақы еселене түспек.  
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу