Президент «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілдерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілдерімен кездесті

15.11.2022

Мемлекет басшысы «Жаңа адамдар» жастар қозғалысын құру туралы бастаманы құптады. Қасым-Жомарт Тоқаев қозғалыстың өкілдерімен кездесіп, жастардың тың идеяларын қолдауға дайын екенін жеткізді. Әрі оларды толерантты, дамыған қоғамды бірге құруға шақырды.

Мемлекет басшысының пікірінше, жастар өзін-өзі ұдайы жетілдіріп, жан-жақты дамытып, тіл үйренуі қажет. Президенттің айтуынша, тек жауапкершілігі бар азаматтар ғана өзінің мемлекеті үшін міндеттеме ала алады. Ол үшін Абайдың «толық адам» деген терең ұғымын түсіндіріп берді.

«Қоғамда тәртіп пен заң үстемдігі культін орнатуға ұмтылуымыз керек. Менің міндетім – еліміздің заңдары әділ болғанын, адамдардың ол заңдарға сенуін қамтамасыз ету. Осы заң аясында қоғамда тәртіп болуын талап етеміз, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жастарды еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласып, өз ұстанымына берік болып, түрлі идеялар ұсынып, оларды іске асыруға атсалысуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев кезінде айтқан «Мен жастарға сенемін» деген сөзі бар. Шын мәнінде, мен де жастарға сенемін. Баршаңызды қолдаймын. Расында, біздің елімізге сіздер сияқты белсенді, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар керек. Еліміздің болашағы жастардың қолында.

Әсима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу