Қысты болжау мүмкін бе?
Қазақ ежелден қаңтар - аяздың, ақпан - боранның айы деп білген. Бірақ, кей-кезде аяз бен боранның қатар келіп, қыспаққа алатыны бар. Тіпті, өткен желтоқсанның өзі «құтырған бурадай ақкөбікке оранып», шат-шәлекейімізді шығарды.
Сол кезде қалта телефоныңызға 112 нөмірінен қайта-қайта хабарлама келіп, мазаны да алған шығар. Бірақ, шамданудың қажеті шамалы, құтқарушылар сіз бен біздің қамымызды ойлап жатыр ғой. Сол ескертпелерді елемей, сапарға шығып, жол ортасында қалып жатқандар да бар.
Сонымен, жаңа жылдан бері қытымыр қыс ә дегеннен әуреге салды. Жолдар жабылып, мектептерде сабақ тоқтатылды. Қыстың қырық күндік шілдесі келсе, жылу қазандықтары жарылатын Шығыс облыста қайта биыл қыс жұмсақ. Көк мұз құрсаулайтын өңірде биыл қар аз екен.
Жалпы біз ғана емес, жаһан жұрты да қазір суық күндерді бастан кешіп жатыр. Әсіресе, АҚШ. Бұл елде үскірік аяз. Мыңдаған тұрғынды үсік шалған. Тіпті Кентукки штатында түрмеден қашып кеткен бір тұтқын аязға шыдамай, басы салбырап, тістері сақылдап, абақтыға қайта оралыпты.
Біздің қыс олардан қаһарлы, бірақ жолда қалып, ажал құшып жатқандар жоқ. Бұл бәлкім аттан түспейтін төтенше жағдай қызметінің әбжілдігінің арқасы болар. Қыстың қырық қырсығымен күресте құтқарушылар бұрын жеке батырдай жалаң қолмен қайрат қылатын, бүгінде бес қаруы сай, қажетті техникалармен қамтылған.
Мінсек көлік дейтін Жылқы жылы кіргелі еліміздің күре жолдарында біраз оқыс жағдаяттар тіркелді. Мәселен, мынау қаңтардың төртінші күні болған оқиға. Өскеменнен шыққан жолаушылар автобусы Астанаға ат шаптырым жер қалғанда аяқ астынан отқа оранған.
Әйгерім Жұмаділова әлгі автобуста болған жолаушылардың бірі. Астанадағы медицина университетінде оқитын тәлімгер Жаңа жылды Өскемендегі ата-анасының жанында қарсы алып, сосын оқуға оралған беті. Екі ортаға үнемі қатынап жүрген ол мұндай оқыс оқиғаға бірінші рет куә болғанын айтады.
Әйгерім Жұмаділова, студент:
Жүргізуші біздің барлығымызға автобустан шығыңдар, деді. Біз басында не болғанын түсінбедік. Әдеттегідей сынып қалды ма, деп ойладық. Бірақ бір уақытта салонның ішінде түтін шыға бастады.
Қыстың басы бірде жай, бірде ерте түсетін қараша мен желтоқсан жайлы болды. Тек қаңтардың қақаған аязы аймақаралық жолдарға шыққан тұрғындарды біраз әбігерге салғаны рас. Мәселен, желтоқсанның соңғы күнімен осы уақыта дейін Қостанайда оншақты көлік қар астында қалған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.
Уәлихан Досанов, Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметкері:
Күні кеше ғана жедел ескерту шаралары болды. Жыл басынан бері облыстың жолдары бірнеше мәрте жабылды. Өкінішке қарай, жолаушылар ескертулерге құлақ аспайды. Сосын жолда қалып, бізден көмек сұрауға мәжбүр болып жатады.
Қостанай облысында болған құтқару операциялары негізінен Денисов, Әулиекөл аудандары мен Арқалық қаласының аумағында жүргізілген. Аймақтағы құтқарушылар ауа райының болжамдарына қарамастан, ауыл арасына жаяу шығып кететіндерге қынжылады. Әлбетте, дер кезінде хабар берсе, адасып кететіндерге де көмекке келуге әзір олар.
Уәлихан Досанов, Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметкері:
Облыста аймақтық «Раосо» аэроұтқыр құтқару тобы бар. Егер көмекке зәру адамдардың тұрған жері белгісіз болған жағдайда құтқару операциясын осы топ жүргізеді. Олар далада қалған адамдарды іздеп табуға арналған спутниктік құрылғылармен, жол таңдамай жүретін көліктермен жабдықталған.
Оңтүстік пен солтүстіктің арасын жалғайын орталық аймақта қандай қыс болмасын қашанда қарбалас. Сөйтсек, оның өзіндік себебі бар екен.
Қуаныш Мүтәллапов, Қарағанды облысы ТЖД-нің баспасөз хатшысы:
Мынау оңтүстіктен біз арқылы, Қарағанды облысы арқылы өтетін автокөліктердің көбісінің қожайындары жазғы жанар-жағармаймен шығады жолға, жазғы дөңгелектермен шығады, соның салдарынан көптеген қиындықтар туып жатады.
Биыл қыс бойы Қарағандыда 200-ден астам адам жолда қалған. Бірінің көлігі сынса, енді біреулері жоқ іздейміз, деп жолға шығып, адасып кеткен. Соның салдарынан Шет ауданында бір малшы үсік шалып, мерт болған. Сондықтан, ауа райын болжаушылар күн райының қас қабағына қарамастан, қарекет етуді доғару керек, дейді. Өйткені, алдағы аптадан бастап еліміздің біраз аумағына Сібір циклоны келмек.
Нұрсәуле Қуандықова, жетекші инженер-синоптик:
Бұл уақыттарда солтүстік, шығыс және орталық аудандарда -27, -35 градусқа дейін төмендейді. Оңтүстік аймақтарда -17, -25 градус аязға дейін төмендейді. Ал батыс аймақтарда -20 градусқа дейін төмендейді.
Мерекелік демалыс күндері еліміздің солтүстігі де қатты суытты. Салдарынан Тайынша мен Уәлиханов аудандарында 4 автобус сынып, жолда қалды. Сақылдаған сары аяздан көліктердің жанар-жағармайлары қатып, тежегіштері істен шыққан. Осындай оқиға тіркелген жерлерге жедел әрекет ету топтары шұғыл жетіп, барлығы 62 жолаушыны құтқарған.
Александр Ушаков, СҚО жол-патрульдік полиция инспекторы:
Сынып қалған автокөліктің тізгіншісі ыстық тамақпен қамтылды. Біз де олармен бірге түні бойы осында болдық. Себебі, күре жолдың бұл бөлігі біздің қарамағымызда. Солтүстік аймағын білесіздер, суық түссе болды, жолда түрлі оқыс оқиғалар үнемі тіркеліп жатады.
Теріскейде аяздың беті әлі де қайтар емес. Төтенше жағдай қызметкерлері күшейтілген жұмыс кестесімен қызмет етуде. Олардың айтуынша, оқыс жағдайларға көбінде жүргізушілердің өздері кінәлі. Дені жолға көліктерін тексермей шығады.
Евгений Журавлев, СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
Алда әлі де аязды күндер болады. Сондықтан, сақтық шараларына мұқият болыңыздар. Алыс сапарларыңызды кейінге шегерген жөн. Жолға шыққан күннің өзінде, көліктің техникалық жағдайына мән беру керек.
Жалпы, жаңажылдық мереке күндері еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты барлық құрылым күшейтілген тәртіппен қызмет істеген. Республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарға күні-түні кезекшілік қойылып, кірпік қақпай қызмет жасаған санитарлық авиация да бірнеше бағытқа тік ұшақпен қатынап, жолда қалған жолаушыларға дер кезінде көмек көрсеткен.
Руслан Иманқұлов, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:
Жалпы, 31 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында республиканың автожолдарында 266 адам, оның ішінде 37 бала құтқарылды. 16 бірлік техника эвакуацияланды.
Биылғы қыстың қаһары оңтүстік аймақтарын да айналып өтпеді. Жылдағыдай емес, көп аудандарды қар басып, жолдар жабылған. Соның салдарынан Қызылорда облысында жолда қалған жолаушыларға көмек көрсетілді. Бір жарым тәулік далада қалған жолаушылар жол бойындағы асханаларды паналап, аман қалған.
Рүстембек Нұркенов, автобус жүргізушісі:
Бәріміз де пендеміз. Ақша тауып, бала-шағаны асырауымыз керек. Не істейміз енді? Амал жоқ, ауа райының осындай екенін біліп тұра, жолға шықтық.
Жаратқанның алдағы күндерге не жазғанын тану қиын. Бір қызығы жыл сайын қарлы бораннан көз ашпайтын Павлодар мен Шығыс Қазақстан өңірінде қазір қырбақ қардан басқа түк те жоқ. Оның сырын кім білген. Бірақ алда әлі ақпан барын ұмытпайық, дейді жауырынға қарап ауа райын болжайтын Назарбек Қожамсейіт.
Назарбек Қожамсейіт, жұлдызшы:
Ақпан айының басында салқын болады да, 9-13-інде қатты суық болады. -40, -42, шығыста -45 градусқа дейін баруы мүмкін.
«Жол мұраты - жету» екенін біздің қазақ жақсы біледі. Бірақ, «сақтанғанды ғана сақтайтынын» ең болмағанда, сол сарышұнақ аязды күндері естен шығармаған абзал.
Айбек ҚОБДАБАЙ
Дәуренбек ӘБДІБЕК
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
Сағындық СӘБИТҰЛЫ
Автор
Дәуренбек Әбдібек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
«Qazaqstan» телеарнасы жаңа жылда көрерменге естен кетпес кеш сыйламақ
23.12.2025, 20:55
Әлемді бағындырған қазақстандық өнерпаздар
23.12.2025, 20:54
Павлодар облысында колледждерде 48 жаңа мамандық ашылды
23.12.2025, 20:52
Биыл науқастарға 870 мың ота жасалды
23.12.2025, 20:17
Халықаралық олимпиадаға қатысқан әр екінші оқушы жүлдемен оралды
23.12.2025, 20:12
Алматыда жүрекке алғаш рет арнайы құрылғы орнатылды
23.12.2025, 20:10
Әлем жаңалықтарына шолу
23.12.2025, 20:09
Алматыда жолаушы автобустан құлап, омыртқасын сындырып алды
23.12.2025, 20:08