Сарапшылар: «100 жаңа оқулық» - интеллектуалды әлеуетті арттыратын жоба - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар: «100 жаңа оқулық» - интеллектуалды әлеуетті арттыратын жоба

24.04.2018

«Ұлттың интеллектуалды әлеуетін арттыруға жасалған қадам». Қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасына баға берген сарапшылар осылай дейді. Тұңғыш Президент - Елбасы Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында жаңа жобаның аралық нәтижесі сарапқа салынды. Ғалымдар аударма ісі қазақ тілінің дамуы мен баюына тың серпін берерін атап өтті.

Ұлттың интеллектуалды әлеуетінің артуы гуманитарлық ғылымның дамуымен тығыз байланысты. «Соңғы кезде кенжелеп қалған бұл салаға «100 оқулық» жобасы серпіліс әкелді», - дейді әлеуметтанушылар. Әрі ағылшын тілінен тікелей аударылған кітаптар арқылы ұлттық аударманың әдістемелік негізі қалануда. Жиында сарапшылар өздері шолып шыққан оқулықтарға көзқарасын білдірді.

Серік Бейсенбаев, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Әлеуметтанушы ретінде екі оқулықты қарап шықтым. Сапасы көңілден шықты.  Бұл екі оқулық жалпы әлеуметтану ғылымының негізін, ондағы теорияны, негізгі ғылымның өкілдері жөнінде мағлұмат береді. Яғни, әлеуметтану бағытында оқып жүрген жастар үшін ең алғашқы білімді беретін оқулықтар.

«Жаңа кітаптар ұлттың жаңаша ойлауына да әсер етеді», деп сенеді сарапшылар. Сөйтіп, жобаның түпкі мәні - қоғамдық сананың өзгеруіне сеп болмақ. Ұлттық кодтың бір тіні тілдік қорды байытуға да үлес қосады. Ғалымдар қазақтың ғылыми тілінің дамуына осы жобаның пайдасы зор екенін алға тартады.

Төлеуғали Бурбаев, ҚР Жоғарғы сот жанындағы сот төрелігі академиясының кафедра меңгерушісі:

- Философияға байланысты кітаптарды қарап шықтым. Біріншіден, аударма өте жақсы жасалған. Екіншіден, қысқа да нұсқа, түсінікті тілде жазылған. Яғни, ғылыми негізі бар деген сөз. Халықаралық деңгейде қалыптасқан ұғымдарды сол қалпында бергеннен тіл кемімейді, керісінше байиды. Енді осыны оқу керек.

18 кітап тек студенттерге емес, көзі ашық, көкірегі ояу жалпы оқырманға арналған. Ал, 100 кітаптың түгелі алдағы екі жылда аударылып бітуі тиіс.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу