«100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңінің жеңімпаздары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңінің жеңімпаздары анықталды

13.02.2019

Қазақстанның ең үздік, талантты, талапты тұлғалары анықталды. Бүгін «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Елдің дамуына ерекше үлес қосып, өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген жаңа есімдер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиында жарияланды.

Бұл - 10 жылда 10 мың баланың математикаға махаббатын оятып, құлшынысын арттырған азамат. Математиканы пәндердің төресі деп танитын Асан Жолдасовтың шәкірттері бүгінде әлемнің алып компанияларында жемісті еңбек етуде. Тағы жүздегені республикалық, халықаралық жарыстардың жүлдегері.

Бір қол, бір аяғынан айырылған Ержанның ерлігі  көпке үлгі. Үшінші сынып оқып жүрген кезінде, тоққа түсіп, мүмкіндігі шектелген. Бірақ, тағдырдың бұл сынына сынбады, керісінше, ерік-жігерін жанып, күш-қайратымен ел тамсанатын ерлік жасады. Қазір ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Әлем кубогының 4 дүркін иегері.

Ержан Сәлімгереев,  халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

Спорт менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Қайсар мінезімнің арқасында, ешқандай қиындыққа қарамай, алдыма мақсат қойып, күніне екі сағаттан жаттығып, түрлі жетістіктерге жеттім. Жапония елінің Токио қаласында өтетін жазғы паралимпиада ойындарында  көк Туымызды желбіретіп, байрағымызды әлемге таныту – мақсатым.

Алмаз Ибрагимов сәбиге зәру мыңдаған отбасына қуаныш сыйлап келеді. Дәрігер репродуктологтың арқасында 5000-нан астам бала дүниеге келді.

Алмаз Ибрагимов, дәрігер-репродуктолог:

Компания еңбегінің арқасында 9000 сәби өмір есігін ашты. Біз өз жетістігімізбен мақтанамыз. Мыңдаған отбасына бақыт сыйладық, үміт отын жақтық.

Тәуелсіздік тудырған есімдердің тізімі мұнымен шектелмейді. «100 жаңа есім» жобасының ІІ кезеңінің өзінде 2300-ден астам өтінім түскен. Олар әр саланың өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосып жүргендер. Қазақстанның әр жетістігінің артында алуан түрлі тағдарлар бар.

Никита Амоскин:

Мен күн сайын 9 жасымнан аптасына 6 рет дайындалып келемін. Осындай еңбектің арқасында әлемдік ареналарда көк Туымызды желбіретіп жүрмін.

Назгүл Кенжетай - от пен оқтың ортасындағы өмірді өз көзімен көріп жүр. Мамандығы – әскери журналист. Әлемдегі соғыс болып жатқан елдерден бірнеше мәрте репортаж дайындаған. Ол отандастарын барды бағалауға шақырды.

Назгүл Кенжетай, әскери журналист:

Өзендей ағып, жоқ болып кеткен бір мемлекет көрдім. Босып кеткен халықты көрдім. Байрағы жерде тапталған ел көрдім және сол байрағын қорғай алмаған ер көрдім. Осының бәрін көрдім және қолымнан келгенше әлемге көрсетуге тырыстым. Барша отандастарымды қолда бар алтынның қадірін білуге шақырамын.

Тәуелсіздік жылнамасы жазыла басталғанына ширек ғасырдан сәл асты. Осы жылдар ішінде қаншама жалындаған жастар тәрбиеленді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тәуелсіздіктің баласысыңдар. Қазақстан тәуелсіз болмаса, мұндай жастар өсер ме еді, өспес пе еді? сондықтан, барлығы тәуелсіздіктен басталады. Ата-бабамыз аңсаған, бабалар қанымен аяғынан тік тұрғызған ұрпақпыз. Бізден ары қарай жалғастыратын сіздерсіздер. Соны ұмытпау керек.

Жобаның мақсаты да осы – өзін сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген жандарды тарих бетіне бедерлеу. Өйткені, олардың игі істері өзгелерге үлгі болары хақ.

Биыл жобада 100 емес, жеңімпаз небәрі - 29. 2388 үміткердің арасынан ең үздіктері ғана іріктеліпті. Дегенмен, «100 жаңа есім» жобасы аз уақытта өз нәтижесін беріп үлгерді. Сол себептен жемісті жобаның желісі одан әрі де жалғаса беруі тиіс, деді Елбасы.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу