«100 жаңа есімге» кірген шебер тұрмыс тауқыметін тартып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«100 жаңа есімге» кірген шебер тұрмыс тауқыметін тартып жүр

13.11.2018

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «100 жаңа есім» жобасына еніп, үздіктер қатарынан табылған семейлік қолөнер шебері тұрмыс тауқыметін тартып жүр. Мүмкіндігі шектеулі болса да, қазақтың ұлттық дәстүрін сақтап, насихаттауға үлес қосып жүрген талант иесі Абылайхан Асылбай «шәкірт тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптесем», дейді.

22 жылдан бері балдаққа сүйеніп қалған Абылайхан Асылбай ешкімге қол жайып көмек сұрап көрген жан емес. Керісінше, «қоғамға пайдам тисін», деп қазақтың қолөнерін дамытып келеді. Сол еңбегі ескеріліп өткен жылы Қазақстандағы ең танымал «100 жаңа есім» жобасы аясында таңдаулылар қатарына енді. Президенттің қабылдауында болды. 

Абылайхан Асылбай, шебер:

- Елбасының қабылдауында болдым. Кездесу керемет болды. Қуаныштымын. Өйткені, ол жерге ең мықты, таңдаулы адамдар ғана барды.

«100 жаңа есімге» енгелі оқу орындары жастарға үлгі етіп, кездесулерге жиі шақырады.   Қолөнерге әуес жандар да көп іздеп келетін болған. Алайда, өнеріне құштар жастар көбейгенмен, қоңырқай тірлік кешкен талант иесінің тұрмысы көңіл құлазытады. Шебер отбасын мүгедектігі үшін берілетін 55 мың теңгемен асырап отыр.

Абайгүл Асылбай, жары:

- Дипломдардың бәрі, міне. Барған сайын диплом алып келеміз. Облыс бойынша бас жүлдені неше рет алдық?! Республика бойынша да бас жүлделерді алып жатырмыз. Осының бәрі шаң басып тұр. Іліп қоятын баспанамыз жоқ.

Абылайхан Асылбай 2012 жылдан бері үйдің кезегінде тұр. Өз күшімен баспана сатып алуға шамасы жоқ. Мемлекеттік бағдарламамен алу үшін алғашқы жарнаны жинаудың өзі мұң.  Қолөнер шебері күні-түні тынымсыз еңбек етеді. Жасаған ұлттық бұйымдарының денін көрмелерге қойып, мектептерге сыйға тартады. Тұрмысы түзелсе, әлі талмай еңбектенуге дайын.

 

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу