Ішуге жарамды жаңбыр суы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ішуге жарамды жаңбыр суы

16.08.2019

Бүгінде ауызсу тапшылығын ғасыр қатерінің біріне жатқызамыз. Өйткені әлемде 2 миллиардтай адам тіршілік көзіне көзіне зәру. Осы түйткілді шешудің бір жолын америкалық компания ойлап тапқан. Олар жаңбыр суын тазартып, оны ішуге жарамды етіп отыр. АҚШ-тың Техас штатына іссапармен барып келген Фариза Мұсақызы толығырақ баяндайды.

Фариза Мұсақызы, тілші:

Америка халқы жаңбыр суын пайдалануға болады дейді. Оны қайта сұрыптап, ішуге жарамдылығын көрсетіп жатыр. 53 300 жаңбыр тамшысы бар. Яғни, бұл ішуге жарамды.

«Жаңбыр суын жерге тиігізбей, арнайы орнатылған шатырлар арқылы жинап, 3 рет тазартудан өткізіп, осындай нәтижеге жетуге болады», -дейді компания өкілдері. Бірақ біз жаңбыр суының құрамында түрлі химиялық элемент пен радиация бар дегенді бұрыннан естіп келеміз. Ол рас. Алайда, мамандар бұл элементтер жауынның алғашқы тамшыларында 10-15 минуттай болып, кейін жерге ағып кететінін айтады. Әрі қарай аспаннан таза су келеді екен.

Тэйлор Онэйл, ауызсу өндіруші компанияның бас директоры:

Алдымен жаңбыр суын жерге тиігізбей жинап аламыз. Құрамындағы вирус пен бактериаларды жою үшін артынша ультракүлгін жарығын пайдаланамыз. Кейін резервуарларға қатты қысым жіберіп, суды тазартудың екінші сатысынан өткіземіз. Ол озондау деп аталады. Суды хлорлап, түрлі дизенфекциялық әдістерді пайдаланғаннан көрі, тазартудың осы жолы анағұрлым тиімді және денсаулыққа зиян келтірмейді.

Жауын суы - қайта өңделетін табиғи ресурс. Оған көзіміз жетті. Жаңбыр суын тазартудағы тағы бір ерекшелік – жер асты немесе жер үсті сулары сияқты өндірісте көп энергияны қажет етпейді. Химияның да араласуының қажеті жоқ.

Бұған қоса, компания суды газдандырады. Бөтелкедегі судың құны да қымбат емес. Нарықтағы бағамен бірдей. Пластик бөтелкелері қайта өңделеді. Компания алдағы жылдары өндіріске күн энергиясынан қуат алатын панельдерді қолдануды да жоспарлап отыр. Бастысы, мұндай ерекше әдіс арқылы арқылы ауыз су тапшылығы мәселесінің шешілуіне аз да болса үлес қоспақ.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу