Қырғыз Республикасының бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тұтқындау кезінде 1 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғыз Республикасының бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тұтқындау кезінде 1 адам қаза тапты

08.08.2019

Қырғыз Респубикасындағы жағдай шиеленісе түсті. Қазіргі мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбековпен бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев арасындағы текетірес шарықтау шегіне жетті. Бүгін кешкі алтылар шамасында Бішкек маңындағы Атамбаевтың резиденциясына арнайы жасақ сарбаздары екінші шабуылын бастады деп хабарлады Қырғыз елінің ақпарат құралдары. 200-ге тарта арнайы жасаққа қарсы тұруға Атамбаевтың 400-дей жақтасы жиылған. Олар сарбаздарға тас пен жанғыш шөлмектер лақтырып қарсылық көрсетті. Кеше кешкісін басталған оқиғаның мән-жайын тілшіміз баяндайды.

Экс-президентті ұстау операциясы кеше кешке басталды. Оның Қой-Таш ауылындағы үйіне келген арнайы жасақ сарбаздарына Атамбаевтың қолдаушылары қарсылық көрсетті. Екі жақ бір-біріне оқ атып, 50-ге жуық адам зардап шеккен. Арнайы жасақтың бір өкілі көз жұмды. Атамбаевтың жақтастары 6 әскериді тұтқында ұстап отырғандығы туралы ақпарат таралды. Ақырында бұрынғы мемлекет басшысы жергілікті тұрғындардың жәрдемімен үйінде қалған.

Алмазбек Атамбаевқа бірнеше айып тағылған. Қырғыз парламенті: оны Бішкектегі Жылу электр орталығын жаңарту бойынша жемқорлыққа, ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы Азиз Батукаевті босатуға және басқа да заңсыз әрекеттерге қатысы бар деп отыр. Егер сот кінәсін дәлелдесе экс-президент өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұған дейін ол қол сұқпаушылық мәртебесінен де айырылған еді. Ал мына тұтқындау операциясы ол бірнеше рет сот отырысына келмеген соң жасалған болатын. Бұл туралы Қырғыз елінің Президенті Сооронбай Жээнбеков: «Алмазбек Атамбаев заң аясында жүргізілген тергеу операциясына қарсылық көрсетіп, Қырғыз Республикасының Конституциясы мен заңдарын өрескел бұзды",-деп мәлімдеді.

Көрші елдегі ахуалға қатысты отандық саясаттанушылар да пікірлерін білдірді.

 

Санат Көшкімбаев ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

Көп жағдайда Атамбаевтың жеке басына қатысты жағдайлар Қырғызстандағы шиеленістердің күшеюіне ықпал етіп отыр. Біз оның басқаруындағы соңғы уақытты және одан кейінгі кездегі көзқарастарын өзгертуіне куә болғанбыз. Ол: «Саясаттан кетіп, басқа бірдемемен айналысамын»,- деген. Бірақ ауық-ауық саясат иірімінде көрінеді. Осылайша, заңсыз әрекеттерімен заңды билікке әсер етпекші.

 

Ерлан Сайыров, саясаттанушы:

Мынау 30 жылды қарайтын болсақ, Қырғызстанның саясатының өзі орталықтан қашу саясаты тәрізді. Аймақтық қаншама бір лидер немесе саясаттанушылар шығатын болса, солар Қырғызстанның белгілі бір аймағының мүддесін айтады да Қырғызстанның жалпы мемлекеттігін шашыратып жібереді. Енді мынау істеп жатқандары әлеуметтік әділеттілік фактілерді қалпына келтіру емес, керісінше ахлократия, құқықтық нигилизм.

Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы шекарада жағдай қалыпты. Шиеленіскен жәйт тіркелмепті.

 

Қанатбек Солтанов, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің БАҚ пен жұмыс бөлімінің басшысы:

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы барлық тексеру-өткізу пункттері штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Әрине аздаған сақтық шаралары қолданылған. Дегенмен, жүктерді, көліктерді және жүргіншілерді өткізу штаттық режимде атқарылып жатыр.

«Көрші елдегі оқиға әзірге туризмге ешқандай әсерін тигізген жоқ. Адамдар Ыстықкөлде алаңсыз демалып жатыр»,-дейді туристік компания өкілдері.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу