Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның кабинеті алғашқы кездесуін өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның кабинеті алғашқы кездесуін өткізді

25.07.2019

Онда үкімет басшысы корольдікті биыл қазанның 31-інде Еуропа Одағынан шығаратынын тағы да ескертті. Айта кетсек, Британия парламенті одақпен ажырасу туралы келісім жобасын үш мәрте қабылдамай тастағандықтан, бұл мемлекет аймақтық интеграциялық блоктан наурыздың 29-ында шыға алмағаны белгілі.

Бүгін Джонсон парламенттің қауымдар палатасы алдында премьер ретінде бірінші рет мәлімдеме жасайды. Ал сәрсенбі күні ол «брекситшілдерге» негізгі портфельдерді тапсырды. 31 министрдің 26 пайызы – әйелдер.

Ұлыбританияны одақтан келісімсіз де шығаруға бекінген Джонсонның үкімет басқарғанын халықтың бір бөлігі қолдамай отыр. Олар өткен тәулікте шеруге шығып, Джонсонның министрлер кабинетіне жетекшілік ете алатынына күмән келтіріп, тіпті оны мемлекет үшін қауіпті деп атады.

«Брексит» қарсыластарының айтуынша, халықтың ойы 2016 жылғы референдумнан кейін өзгеріп, британдықтардың көбі қазір Еуропа Одағында қалуды қолдап отыр.

Стив, Лондон тұрғыны:

Көптеген сауалнама нәтижелері көрсеткендей, британдықтардың басым бөлігі Еуропа Одағында қалғысы келеді. Жаңа үкімет халықтың нені қалайтынын қайта сұрауы керек. Одақтан қандай келісіммен шығамыз? Мұны ешкім білмейді. Соңғы үш жыла экономика құлдырады, елге инвестиция келмейтін болды, қаншама адам жұмыстан айырылды.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу