Ресейдің Хабаровск өлкесіндегі балалар лагерінде болған өрттің себебі анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Хабаровск өлкесіндегі балалар лагерінде болған өрттің себебі анықталды

24.07.2019

Ресейдің Хабаровск өлкесіндегі балалар лагерінде болған өрттің себебі анықталды. Жергілікті биліктің айтуынша, жылытқыш жабдықтың үстіндегі орамал тұтанса керек. Балалар жабдықтың үстіне киімдерін кептіргенін айтқан. Өрттен 26 шатырдың 20-сы жанып, жалын 15 метр биіктікке дейін көтерілді.

Апаттан 4 оқушы қайтыс болды. Бүгін олармен қоштасу рәсімі өтіп жатыр.

11 жастағы қыз оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ал екі оқушы қыз бен ер бала ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, бірнеше сағаттан соң көз жұмды. Сонымен қатар зардап шеккен тағы 3 бала мен 5 ересек ем қабылдап жатыр.

Құзырлы органдардың хабарлауынша, шатырлы лагерьдің жұмысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Қазір «Холдоми» туристік кешенінің бастығы, лагерь директоры, сонымен қатар жергілікті төтенше жағдайлар қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оларға «абайсыздықтан болған кісі өлімі», «қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін қызмет көрсету» баптары бойынша айып тағылып отыр.

 

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу