Остенде қаласында дәстүрлі құм мүсіндер фестивалі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Остенде қаласында дәстүрлі құм мүсіндер фестивалі ашылды

19.07.2019

Бельгияның Остенде қаласында дәстүрлі құм мүсіндер фестивалі ашылды. Мүсіндерінің биіктігі мен ауқымы жағынан бұл көрме 2010-жылы Гиннестің рекордтар кітабына енген. Содан бері шеге құмнан жасалған кейіпкерлерді көруге келетіндердің қарасы да көбейген. Осымен 22-ші рет ұйымдастырылып отырған көрменің бұл жолғы тақырыбы «Арман қала» болды.

Солтүстік теңіз жағалауында «Арман қаланы» тұрғызуға сәулетшілер су тимеген көне дәуірдегі үңгірдің құмын пайдаланған. Міне, мынадай 240 жүк көлігімен тасылған 6 мың тонна шеге құмнан кино, мультфильм жұлдыздарын айнытпай сомдау үшін шеберлер барын салыпты. Кейіпкерлердің бет-бейнесін, көңіл-күйін, тіпті, маңдайындағы әжіміне дейін қалыпқа жақсылап құйған. Бұған жасы да жасамысы да аң-таң.

 

Ярнер Хойлен, Антверпен қаласының тұрғыны:

Анаммен бұл жерге бірінші рет келіп тұрмыз. Ертегілер елінде жүргендеймін. Мүсіндер күшті жасалған. Кейбірі қорқынышты, ал кейбіріне қарасаң күле бергің келеді.

 

Пассар Верике, турист:

Маған да көрме қатты ұнады. Сусыма құмнан мүжілмейтін осынша көп мүсін жасауытаңдай қақтырмай қоймайды. Бұл асқан төзімділікті талап ететін нағыз еңбек, шеберлік деп айтар едім.  

 

Француздың үздік актеры Луи Де Фюнес, испандық суретші Пабло Пикассо. Аты әлемге әйгілі тұлғалардың жанында журналист, экономист, дәрігер, жазушы сынды қоғамдағы маңызды деген 85 мамандық иесі де тұр.  Жақында өртке оранған Париждегі Нотр-Дам шіркеуін де мүсіншілер көрменің ең көрікті жеріне орналастырыпты.

 

Александр Деман, құм мүсіндер фестивалінің директоры:

Нотр- Дамның биіктігі 9 метр. Үңгірдің құмы желім сияқты кез-келген мүсінді ойдағыдай жасауға мүмкіндік береді. Күнге тез кебеді. Құм суға да төзімді. 40 елден келген суретші, мүсіншілер осы туындыларды жасауға бір ай тер төкті.

Қанша жерден қатып тұрғанмен, құмнан жасалған «Арман қала» тұрғындары мәңгілік емес. Остенде қаласында тек қоңыр күзге дейін ғана тұрады. Оған дейін көрмені  200 мыңнан астам адам көріп үлгіреді деген болжам бар.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу