Парламент «Брексит» жобасын дауысқа салады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парламент «Брексит» жобасын дауысқа салады

12.03.2019

Бүгін кешке британ парламенті премьер-министр Тереза Мэйдің елді Еуропа одағынан шығару туралы келісім жобасын тағы дауысқа салады. Егер бұл құжат депутаттардың басым бөлігінің көңілінен шықпаса, Біріккен Корольдікті одақтан келісімсіз шығару мәселесі дауысқа салынады.

Халық қалаулыларының көбіне Ұлыбритания құрамындағы Солтүстік Ирландияны «Брекситтен» кейін ортақ нарығында белгісіз уақытқа қалдыру идеясы ұнамай отыр. Өйткені, олардың пікірінше, бұл ұсынысқа келіссе, Лондон Солтүстік Ирландияға билігін жоғалтып алуы мүмкін. Сондықтан, қауымдар палатасы қаңтардың 15-де Мэй жобасына қарсы дауыс берді. Айта кетсек, Ұлыбритания Еуропа одағынан наурыздың 29-да шығуы тиіс.

Ал, үкімет басшысы Брюссельге аттанып, Еуропа одағымен екі Ирландия шекарасындағы даулы мәселені шешу үшін 2020 жылдың 31-ші желтоқсанына дейін қосымша келіссөз жүргізуге уағдаласты. Дегенмен, Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкердің мәлімдеуінше, Лондон қазіргі келісім жобасын қабылдамайтын болса, «Брексит» мүлде жүзеге аспай қалуы мүмкін.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу