Бельгияда банкті тонаған ұрыларды іздестіру жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда банкті тонаған ұрыларды іздестіру жалғасуда

08.02.2019

Естеріңізге салсақ, өткен жексенбі елдің Антверпен қаласындағы банктің алмаз сақтайтын қоймасына ұрылар кәріз жүйесі арқылы түсіп, сол жолмен қашып шыққан. Ұрылардың әккі әрекетіне тергеушілердің өзі аң-таң. Ал,  режиссерлер осы оқиға желісімен фильм түсіруді көздеп отыр.

Әккі ұрылар банкке қарама-қарсы үйден қалалық кәріз жүйесіне дейін 4 метрлік үңгір қазған. Диаметрі 40 см-лік сол су құбыры арқылы банкке жетіп, еденін тесіп, 30 жәшіктегі асыл тастарды сыпырып кеткен. Баукеспелердің сытылып шыққанын полицейлер тек едендегі тесіктен байқапты. Тергеушілер бірнеше күннен бері жердің асты-үстін қопарып, айғақ іздеп жатыр. Тапқандары әзірге қап-қап құм, матрас пен құрал-сайман.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

- Банк басшылығы бізге де қандай да бір мәлімет беруден бас тартып отыр. Құқық қорғаушылар осы іске қатысы бар деген күдікпен 27 жастағы ұлты грузин, Бельгия азаматын қамауға алды. Ол жақын күндері сот алдында жауап береді. Қылмыстық топтың өзге де мүшелерін іздестіру операциясы жалғасуда.

Туннельден табылған саймандағы саусақ іздері сәйкес келетін екі азамат құрықталды. Оларды да тергеп жатыр. Жалпы, қылмыскерлер қолды қылған тастардың қанша тұратыны белгісіз. Соған алаңдаған клиенттер неше күннен бері банкке ағылуда.

Бернар Мотие, банк клиенті:

- Қайта-қайта келіп, ақпарат алуға тырысқанымызбен, еш нәтиже болмай тұр. Жылдар бойғы еңбегіміз еш кетті ме деп алаңдаймын. Сеніп тапсырған бағалы затымыздан мүлдем айырылдық па, әлде бірдеңе қалды ма? Ешкім тіс жармайды. 

Марейн Веркаутерен, пәтер иесі:

- Қараша айында әдемі киінген екі еврей ұлтының азаматымен пәтерді жалдау туралы келісімге отырдық. Олар «үйді, жертөлені жөндейміз» деді, келістім. Сөйтсем, олар жөндеу емес, банкке жерасты жолын қазған екен.

«Ғасыр ұрлығы» деген атқа ие болған дәл осындай қылмыс 1976 жылы Францияның Ницца қаласында болған. Онда да банкке су құбыры арқылы түскен ұрылар 50 млн. франктың бағалы тасын қолды қылған. Қылмыскерлер сол күйі құрықталмаған. Бірақ бельгиялық банктің клиенттері жағымды жаңалықтан үмітті. Жалпы, Антверпен қаласында әлемдегі ең ірі асыл тастар нарығы орналасқан. Жылдық айналымы 54 млрд. доллар.  

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу