Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездеседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездеседі

08.01.2019

Солтүстік Корея көсемі ойламаған жерден Қытай астанасына барды. Ол Бейжіңде қаңтардың 10-на дейін болып, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу өткізбек. Кейбір бақылаушылардың ойынша, бұл сапар екінші Ким-Трамп саммитіне жол ашуы мүмкін.

Мына кадрлерді Солтүстік Корея мемлекеттік телеарнасы осыдан бірер сағат бұрын көрсетті. Онда Ким Чен Ын Пхеньян вокзалынан пойызбен Қытай астанасына аттанып барады. Жалғыз емес – жұбайы Ли Соль Чжумен. Ал, оны шығарып салу үшін теміржол станциясына ресми өкілдер мен әскерилер жиналды.

Содан кейін Кимнің жасыл пойызы мен кортежі Бейжіңде журналистердің көзіне түсті. Бүгін Ким Чен Ын ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуі керек. Алайда, Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Лю Кэнг алдағы келіссөздердің тақырыбын жарияламады. Бірақ, оның мәлімдеуінше, Бейжің АҚШ пен Солтүстік Кореяның ядролық қаруға қатысты шиеленісті тоқтату жолындағы іс-әрекеттерін үнемі қолдап келеді.

Лю Кэнг, Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі:

- Біз әрқашан Құрама Штаттар мен Солтүстік Кореяның Корей түбегін ядролық қарудан тазарту жолындағы байланыстарын маңызды деп есептейміз. Сондықтан, Қытай екі ел арасындағы келіссөздердің жалғасқанын және оның оңтайды нәтиже бергенін қолдайды.

Ким 6 жыл билікте отырып, Қытай президентімен ешқашан кездеспеген-ді. Бірақ, былтыр ол көрші елге үш рет сапар шегіп, міне, төртінші рет барып отыр. Кейбір бақылаушылардың ойынша, Солтүстік Корея жетекшісі Си Цзиньпинмен кездесе отырып, Америка әкімшілігі мен Оңтүстік Кореяға өзінде дипломатиялық мүмкіншіліктер мен экономикалық байланыстар бар екенін көрсеткісі келеді. Айта кетсек, Ким таяуда АҚШ президенті Дональд Трамппен екінші рет жүздесуі мүмкін. Ал, ресми Сеулдің мәлімдеуінше, Кимнің бүгінгі сапары Корей түбегін атомдық арсеналдан тазартуға үлес қосады деген үміт бар.

Ким Эюй-Киом, Оңтүстік Корея президентінің баспасөз хатшысы:

- Біз Ким Чен Ын төрағаның Қытайға сапары Корей түбегінде ядролық қаруды толық жоюға көмектеседі деп үміттенеміз. Сонымен қатар, Кимнің Бейжіңге төртінші рет баруы Солтүстік Корея - АҚШ саммитін екінші мәрте өткізуге жол ашады деп сенгіміз келеді.

Жақында Вашингтон Пхеньяннан атомдық арсеналдан бас тарту процесін бүге-шігесіне дейін жариялауды талап етті. Бірақ, Солтүстік Корея бұл орайда қолынан келгеннің бәрін жасағанын айтып, АҚШ-тан ел экономикасының дамуын тежеп отырған халықаралық санкцияларды жеңілдетуді сұрап отыр. Ал, Трамптың ойынша, Қытай Кимді жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартуға көндіре алса, Вашингтонмен арадағы сауда келіссөздерінде өзіне тиімді шарттарға қол жеткізер еді.

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу