C-300 кешені Сирия мен Израиль аумағын бақылайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

C-300 кешені Сирия мен Израиль аумағын бақылайды

27.09.2018

Израиль армиясы жақын арада Сирия аумағына шабуыл жасап, тағы да араңдатушылық әрекетке баруы мүмкін. Сол арқылы олар Ресейдің Сирияға беретін С-300 зенитті-зымыран кешенін сынап көреді. Бұл туралы Мәскеу қаласында өткен жиында ресейлік әскери сарапшылар мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, алдағы 2 аптаның ішінде Сирияға жеткізілуі тиіс С-300 кешені аймақтағы жағдайдың өзгеруіне айтарлықтай ықпал етеді. Ресей тарапы «қорғанысқа да шабуылға да жарамды бұл кешеннің Сирияға берілуі әбден дұрыс және барынша қажет» деп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Сирия аумағында ресейлік әскерилер мінген ИЛ-20 ұшағы атып түсірілген соң, Ресей тарапы «бұл апат Израиль ұшағының кесірінен болды» деп мәлімдеген. Алайда, Израиль оны мойындаған жоқ. Содан соң Ресейдің қорғаныс министрлігі бірнеше аптаның ішінде Сирияға зенитті-зымыран кешенін жеткізу туралы шешім қабылдады. 

Владимир Евсеев, әскери сарапшы:

- Егер С-300 кешені Дамаск қаласының маңына құрылатын болса, бүкіл Израиль аумағы толық бақылауда болады деген сөз. Яғни, аэродромнан ұшып шыққан Израиль ұшақтарын Сирияда отырып-ақ алдын ала анықтауға болады. Израиль тарапы С-300 кешенін орнатып жатқан сәтте құртып жібереміз деп ойлайтын шығар. Бірақ, ол мүмкін емес. Себебі меніңше, ол Панцирь деп аталатын зымыранға қарсы жүйемен қорғалуы мүмкін. Сондықтан енді Израиль тарапы, қандай да бір әрекетке бармас бұрын жақсылап ойлануы тиіс.

 Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу