Шығыс Қазақстанда орманды қорғау үшін мобильді топ құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда орманды қорғау үшін мобильді топ құрылды

27.12.2022

Жаңа жыл жақындаған сайын заңсыз шырша кесетіндер көбейеді. Сондықтан шығыстағы орман қорғаушылар қалалардың кіреберіс жолдарына бірнеше бекет қойды. Ол бекеттерде көліктер тексеріледі. Қазір бес мобильді топ құрылған. Олар тәулік бойы қарда жүретін арнайы көлікпен орман аумағын бақылайды.

Жалпы еліміз бойынша 1,5 миллион гектар орман қоры болса, оның үштен төрт бөлігі шығыста өседі. Бірақ осыншама аумақты қалт жібермей қадағалау мүмкін емес. Сондықтан орманшыларға табиғат қорғау полициясы да көмектеседі. Олар қаладағы ірі сауда орындарын да бақылайды.

Ал қалаға жақын аумақтардағы орман қоры 200 гектарға жуықтайды. Бұл жерді қазір 30-ға жуық орманшы күзетіп жүр. Бүгінге дейін өңірде рұқсатсыз шырша кесу дерегі тіркелген жоқ. Қылқан жапырақты ағашты заңсыз кескен жағдайда 300 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.

Бейбіт Омарбеков, «Өскемен орман шаруашылығы» КММ директорының орынбасары:

Мобильді топтардың негізгі мақсаты-орманға кіретін жолдарды қадағалап, шырша ағаштарын заңсыз кесуді болдырмау болып табылады. Осындай жұмыстардың арқасында соңғы жылдары мекеме бойынша орман заңнамаларын бұзу фактілері тіркелген жоқ. Бұл дегеніміз атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу