Бельгияда «Автокөліксіз бір күн» шарасы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда «Автокөліксіз бір күн» шарасы өтті

17.09.2018

«Автокөліксіз бір күн». Бельгия жұрты жылдағы дәстүр бойынша темір тұлпарларын велосипедке ауыстырып, айтулы мерекені 18-ші рет атап өтті. Күнделікті Брюссель көшелерінде 400 мыңнан астам көлік жүреді. Бірақ, бұл күні қалада автобус, трамвай мен санаулы таксиден өзге көлікке көшеде жүруге рұқсат жоқ.

Жүре қалса, көлік иесіне қомақты айыппұл салынады. Шараның мақсаты-халықтың қалтасын қағу емес, оларды экологиялық таза көліктерге көшуге үндеу. Гринпис мамандары автокөліксіз бір күнде қаладағы шуыл  6-8 есе, ал ауаға тарайтын қауіпті микробөлшектер санаулы уақыттың ішінде 5 есеге азайғанын айтады. Дегенмен, Брюссельдің ауасын тазарту үшін 2020 жылға дейін велосипедпен жүретін халықтың санын 20 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Әзірге, бұл көрсеткіш 7 пайызды ғана  құрайды.

Марк Эдельхауз, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Бұл күн біз үшін отбасылық мереке. Бала-шағамызбен велосипедке отырып, қаланы еркін аралап, тыныс алатын күн. Ауа кәдімгідей тазарып қалды. Бірақ, бір күн жеткіліксіз. Автокөліксіз күндер жылына көп болуы керек деп есептеймін.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу