Ұлттық домбыра күні Парижде тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық домбыра күні Парижде тойланды

02.07.2018

Ұлттық домбыра күні Парижде бар сән-салтанатымен тойланды. Еліміздің Франциядағы елшілігі «Қорқыт» қазақ мәдени орталығымен бірлесіп, ұлық мерекеге орай концерт ұйымдастырды. Француздар асырап алған қазақ балалары мен дипломаттар ұлттық аспаптарда ойнап, қазақтың ән-күйінен шашу шашты.

Қазақтың қара домбырасын француздарға, әлем жұртына Әміре Қашаубаев атамыз осыдан 93 жыл бұрын дәл осы Париж төрінен танытып еді. 2014 жылы ЮНЕСКО ұйымы домбыра мен қазақтың күй өнерін материалдық емес, мәдени мұра тізіміне енгізді. Бабалар жолын балалар жалғастырсын, әрі ұлттық аспапты, өнерді тағы бір ұлықтау үшін еліміздің Франциядағы елшілігі мен «Қорқыт» қазақ мәдени орталығы концертті арнайы ұйымдастырыпты.

Мұрагер Сауранбаев, ҚР Франциядағы елшілігінің кеңесшісі, Қазақстанның халықаралық көрмелер бюросындағы өкілі:

- Қазірдің өзінде домбыраны үйренеміз, қазақ тілін үйренеміз деген жастар өте көп келіп жатыр. Әсіресе, бізді қуантқаны, асырап алған қазақ бүлдіршіндерінің осы курсқа қызығушылығы. Шетте жүрсе де өзінің Отанын, тілін, салт-дәстүрін ұмытпаса деген ниетіміз. Қолдан келгенше домбыра үйретіп тұруға, тіл үйретіп тұруға тырысамыз.

Франциядағы қазақ диаспорасының өкілдері, француздар асырап алған қазақстандық балғындар ана тілін, ұлттық аспаптарда ойнауды Париждегі «Қорқыт» қазақ мәдени орталығында үйреніп жүр. Тілін, ділін, дәстүрін білуге талпынған балалар мерекелік концертте ән айтып, би билеп, күй тартып, көпшілікке бар өнерін паш етті. Осылайша, француздардың Қазақ еліне деген қызығушылығын одан сайын арттырды.

Шарль Кульбуа, Париж қаласының тұрғыны:

- Қазақ тілін үйренгім келеді. Қазақстанда үш рет болдым. Астанада, Шарында, Бурабайда, Алматыда болдым. Өте ұнады. Өте сұлу ел, барлығы ұнады.

Елшілік қызметкерлері мен балғындардың өнері, сырға толы қазақы әуендер француздарды тәнті етті. Жат жерде қазақ мәдениетін дәріптеуге үлес қосып жүрген кішкентай балғындарды еліміздің Франциядағы елшісі Жан Ғалиев алғыс хатпен марапаттады. Артынша сүйінші хабарды жеткізді. Енді бүгіннен бастап «Қорқыт» орталығы елшілік ғимаратына көшіріліп, шеттегі қаракөздеріміз ұлттық өнерге осы жерде сусындайтын болады.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу