Наурыз мерекесі Парижде тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз мерекесі Парижде тойланды

29.04.2014
Наурыз мерекесі Парижде тойланды
Әз-Наурыз мейрамы шетелдерде әлі де жалғасуда. Ұлыстың ұлы мерекесін Франциядағы Қазақстан елшілігі де бар сән-салтанатымен атап өтті. Тойға Францияның саясаткерлері, іскер азаматтары, Париждегі қазақ диаспорасы мен еліміздің сол елде білім алып жатқан студенттері қатысты.
 
Биыл Париждегі Наурыз мерекесін тойлау жаңбырлы күнге дөп келді. Нұр жауды деп жақсылыққа жорыған көптің көңілі көтеріңкі. Шашу шашып, барлығы биге басты. Әдетте, осы әндерді күйтабақтан тыңдайтын. Бүгін, сүйікті әншілері Алтынай Жорабаева мен Бекболат Тілеухан Париждегі қандастарды мерекемен құттықтауға арнайы келді.
 
Туған ел туралы ән, күмбірлеген күй, ата-жұртты аңсаған қандастарымызды елең еткізбей қоймады. Бәрінің жанарынан Қазақстанға деген сағыныш аңғарылады.
 
Шүкрән Нұрсанбайқызы, Париждегі қазақ диаспорасының өкілі:
Қазақстанымызға көптен- көп сәлем. Наурыз, Жаңа жылымыз құтты болсын. Ақ мол болсын.
 
Мұрат Нұрғазыұлы, Париждегі қазақ диаспорасының өкілі:
Бұл - Тәуелсіздіктің жақсылығы, рахмет ел ағасына, қазақстандықтардың бәріне рахмет айтамыз, Қазақстанның дәулетінің көмегін көріп жатырмыз, жақсылығын көріп жатырмыз.
 
Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттен кейін көпшілік мерекелік дастарханда бас қосып, наурыз көжеден дәм татты. Ұлық мерекенің мақсаты-ас ішіп, аяқ босату емес. Еуропалықтарға салт-дәстүрді дәріптеу, әрі шеттегі қандастарды осы әдет-ғұрыпты сақтауға, құрметтеуге үндеу.
 
Терезие Томе, Францияның Ножан қаласы әкімінің орынбасары:
Жаһандану көшіне ілескен Қазақ елінің өз мәдениетін, салт-дәстүрін жаңғыртуы өте керемет. Қазақстан біздің досымыз. Елдің даму қарқыны бізді таңғалдырады. Екі елдің әріптестік, достық қатынасы оң жолға қойылғанына қуанамыз. Бірліктің мерекесі құтты болсын.
 
Наурыз-қазақтың ғана емес, ұлт пен ұлыстардың мерекесі. Сондықтан, Франциядағы Қазақстан елшілігі жаңару мейрамын тойлайтын Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Ауғанстан, Түркия мен Иран елшіліктері қызметкерлерінің арасында фуболдан жарыс ұйымдастырды. Мақсат-күш сынау емес, ұлттар арасындағы достықты онан әрі нығайту.  
 
 
Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу