Қызылордада домбыра күні ерекше тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада домбыра күні ерекше тойланды

03.07.2023

Қызылордада домбыра күні ерекше тойланды. Ашық аспан астында халық аспаптар оркестрі күйші-концертмейстерлерінің республикалық фестивалі өтті.  «Күй мен күйші» атты өнер байқауы күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналды.

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған фестивальге күйші-концертмейстерлер барлық өңірден жиылды. Қазақтың киелі аспабын дәріптеп, ұлттық өнерді төрге оздырып жүрген өнерпаздар Сыр өңірін домбыраның күмбіріне бөлеп, өнер кешін тамашалаған жұрт ерекше әсер алды.

Берік Сәриев, фестивальге қатысушы:

Домбыра деген біздің қазағымыздың рухани азығы, жан серігі. Бұндай фестивальдер көп бола берсін. Еліміздің түкпір-түкпірінен табыла берсін. Бұдан әрі қарай жалғасын табады деп үміттенем.

Қазақтың киелі домбырасында ұлттың үні мен бабалардың тұрмыс-салты, елдің тарихы жатыр. Дәстүрлі өнер ұлықталған гала-концертте домбырашылар алты Алашқа кеңінен тараған «Ақсақ құлан», «Адай», «Қара жорға» күйлерін нақышына келтіріп орындап, өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Қайырбек Қалиев, фестивальге қатысушы:

Үлкен күйшілердің өмірбаянын есті, естімеген күйлерді естіп өнер алмасып жатқан жайымыз бар. Бұл фестивальдің әрі қарай эстафетасын басқа қала, басқа облыс алып кетіп әрі қарай жалғасы болса өте керемет болады деймін.

Сондай-ақ жергілікті Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен саз өнерінің темірқазығына айналған Құрманғазы Сағырбайұлының туындылары да кеңінен дәріптелді. Көпшілікке рухани азық сыйлаған өнер фестивалі енді жыл сайын дәстүрге айналмақ.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу