Гавайлық Килауэа жанартауы жарылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гавайлық Килауэа жанартауы жарылуы мүмкін

10.05.2018

Гавайлық Килауэа жанартауының кратерінде өткен түні болған жойқын жарылыс оның күшті атқылауына себеп болуы мүмкін. Мұндай ескертуді АҚШ-тың Геологиялық қызметі таратты. Мамандардың деректерінше, қазір лаваның деңгейі төмендеп жатыр. Сондықтан, қызған көлге су тиіп, дүмпулер басталуы ықтимал. Мұндай жағдайда кратерден салмағы 12 тоннаға дейінгі тастар жүздеген метр қашықтыққа ұшып, шоқ пен күл бірнеше шақырым жердегі елді мекендерге қауіп төндіреді.

Осыған байланысты Гавай штатының губернаторы президенттен көмек сұрап отыр. Өйткені, тұрғындарды эвакуациялау үшін тікұшақтар жеткіліксіз. Бұдан бөлек, ақша атқылаудан келген залалмен күреске қажет болмақ.

Есте болса, әуелде аймақтан екі мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген еді. Ал, лава ондаған үйді қиратқан. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.  

Мадина РАХЫМБЕК

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу