Екі Корея лидерлері түбекті ядролық арсеналдан тазарту мәселесін талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екі Корея лидерлері түбекті ядролық арсеналдан тазарту мәселесін талқылады

27.04.2018

Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея лидерлері осы түбекті ядролық қарудан толық тазарту, екі елді біріктіру, гүлдендіру, бейбітшілік туралы Панмунджом декларациясына қол қойды. Бұл – бүгін өткен тарихи саммиттің қорытындысы. Екі басшы 1950-1953 жылдардағы соғысты ресми түрде аяқтау үшін АҚШ-пен, Қытаймен бірлесіп жұмыс істеуге уәде етті. Бұған қоса, Сеул мен Пхеньян 80 миллион халықтың алдында әскер санын біртіндеп қысқартуға, дұшпандық әрекеттерді тоқтатуға да сөз берді.

Күлімдеген көздер, ілтипат пен қошемет. Бүгін екі Корея ортасындағы Панмунджом ауылында Оңтүстіктің президенті Мун Джэин мен Солтүстіктің лидері Ким Чен Ын кездесті. Екеуі де ондаған жылдарға созылған тайталасты доғарып, бейбітшілікті көздейтіндерін айтып отыр.

Ким - Корей түбегінде 1953 жылы соғыс аяқталғалы, Оңтүстік Корея жеріне аяқ басқан алғашқы Солтүстік Корея жетекшісі. Оның бүгінгі жүзіне қарап, әзілін тыңдап, өткен жылдар ұмыт қалғандай. Былтырдың өзінде Пхеньян талай рет ракета ұшырды, атомдық қару сынады. Сол үшін оған қарсы халықаралық санкциялар күшейіп, аймаққа жаңа соғыс қаупі төнді.

Келіссөздердің бірінші раундында екі жақ Корей түбегін ядролық арсеналдан тазарту мәселесін талқылады.

Ким Чен Ын, Солтүстік Корея лидері:

- Бұл бастама әлі мұздықтың төбесі ғана. Бірақ, бірінші кездесуіміз бен әңгімеміз халықтың үмітін ақтайды деп сенгім келеді.

Мун Джэин, Оңтүстік Корея президенті:

- Көп жайтты талқыладық. Оның нәтижелері Оңтүстік және Солтүстік Корея халықтары мен әлем жұртына сый болады деп үміттенемін.

Бірінші раунд жабық есіктің арғы жағында 1,5 сағатқа созылды. Одан кейін екі лидер ортақ дастархан басында отырған жоқ. Сағат 12-ге таяғанда, түскі асқа деп, Ким өз еліне аттанып кетті. Түстен кейін ол Мун Джэинмен бірге бейбітшіліктің символы ретінде қарағай ағашын отырғызып, келіссөздерді әрі қарай жалғастырды. Содан соң тараптар кешкі дастархан басында кездеседі. Банкетке Ким мен Мунның жұбайлары да қатысып, концерт пен фильм тамашалайды.

Алғашқы раундта Оңтүстік Корея президенті Солтүстікке барғысы келетінін айтқан. Бірақ, Ким өз елінде көлік жүйесінің қолайсыздығын мәлімдеп, қарындасының Қысқы Олимпиада кезінде Оңтүстік Кореяның зымыран-пойыздарынан керемет әсер алғанын айтып берді.

Сонымен қатар, Ким түн ішінде ракета атып, Мунның ұйқысын бұзғаны үшін әзілдеп кешірім сұрады. Солтүстіктің жетекшісі Оңтүстікке екіжақты жанжалды доғару үшін барғанын мәлімдеген.

Юнь Йон Чан, Оңтүстік Корея Президентінің қоғаммен байланыс жөніндегі хатшысы:

- Солтүстік Корея басшысы осында жанжалдар тарихын тәмамдауға, екі ел арасындағы бөгеттерді жоюға келгенін айтты. Екі лидер Корей түбегін ядролық қарусыздандыру, онда өмір-бақи бейбітшілік орнату, Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады.

Саммиттің негізгі тақырыбы – «Пхеньян атомдық арсеналдан бас тарта ма?» деген сауалға жауап табу. Бұл жүздесу Ким Чен Ынның биыл АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуіне жол ашуы мүмкін.

Айта кетсек, Солтүстік Корея өзінің ядролық-зымырандық бағдарламасын дамытып, адам құқықтарын бұзғаны үшін ондаған жылдар бойы экономикалық санкциялардан арыла алмай келеді.

 

Арыстан РЫСБЕК

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу