Қырғыз елі Наурыз мерекесін тойлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғыз елі Наурыз мерекесін тойлады

22.03.2018

Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз күнін көрші Қырғыз елінің жұрты да қарсы алды. Республика көлемінде мерекелік шаралар өтті.

Бішкек шаһарының орталық «Алатау» алаңында кеше Қырғыз халқы Наурыз мерекесін атап өтті. Мемлекеттік мереке болғандықтан, халық бір күн демалды. Ал, бүгін жұмысқа қайта кірісті. Ал, күні кеше осы алаңда Қырғыздың белгілі өнер ұжымдары концерт қойып, театрландырылған қойылым ұсынды. Ал, біз ел астанасымен бірге әр аймақтағы ауылдардағы Наурыз мерекесіне қатыстық. Мәселен, шаһардан алыс емес Манас ауылында болып, «Сүмәләк» тағамын дайындау сәтін көрдік. Бұрын сумәләкті егін жұмыстары басталғанда дайындайтын болған. Қазір арнайы Наурыз мерекесінде жасалатын тағам. Оны жаңа өсіп шыққан бидай және ұннан мақта майына пісіру арқылы дайындайды. Сонымен қатар, оған майда тастар, жаңғақ салған. Жеті түрлі дәм қосады. Ал, мұны біз «Наурыз көже», дейміз. Осылайша, әр жерде ұйымдастырылған шараларды таспаға басып, көрші ағайынның тойын тамашаладық.

Сайнагүл Абдылдаева, Бішкек қаласының тұрғыны:

- Наурыз мерекесі құтты болсын! Қазақ-қырғыз ынтамағы жараса берсін!

Нұрқан Молдабаева, Бішкек қаласының тұрғыны:

- Наурыз екі елге де ортақ мереке. Бірлік болсын!

Айта кетерлік бір ерекшелік, Наурыз мерекесінде сәби туса, қырғыздар оған Наурыз есімін берген. Ал, қар жауса, жақсылықтың нышаны деп білген. Себебі, көп жағдайда Қырғыз елінің оңтүстігінде дәл осы мереке күнінде қар жауатын көрінеді. Сондай-ақ, қазақ, қырғыз, өзбек халқында бұрыннан айтылатын «Самарқанның көк тасы жібитін күн» деген тәмсіл бар. Сондықтан, кеше жұртшылық бір-біріне ыстық ықыласын білдіріп, «Жаңа жылда жақсылық болсын» деген тілектерін жеткізді. Міне, бұл бауырластық пен ынтымағы жарасқан Қырғыз ағайынның жерінде өткен, біз көрген Наурыз мерекесі.

 

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу