Өзбекстанда Ұлыс күнін ұлықтау жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда Ұлыс күнін ұлықтау жалғасуда

22.03.2018

Наурыз - тазару мен жаңару мерекесі. Сондықтан да, Өзбекстанда Наурызға дейін барлық жерлерде міндетті түрде арық-атыздар тазаланып, ағаш көшеті көшеттері отырғызылады.

Абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жалпыхалықтық сипат алады. Ондағы мақсат - ескіден арылып, Жаңа жылды таза табиғатпен, пәк көңілмен қарсы алу.

Срожидин Юсупов, Ташкент қаласының тұрғыны:

- Наурыз мерекесімен бірге даламыз малға толсын, дастарханымыз дәнге толсын, денімізге саулық берсін, елімізде тыныштық болсын. Әр уақытта күндей жарқырап, жаздай жайнап, халқымыз өсе берсін!

Көршілеріміздегі Наурыз мерекесінің тағы бір басты нышаны - «Сумәләк» деп аталатын ұлттық тағам пісіру. Парсы сөзін қазақшаға аударсақ отыз періште деген мағынаны береді. Бұл күндері ел астанасы Ташкент пен алыс қыстақтардың тұрғындарына дейін осы тағамды дайындайды. Өндірілген бидай, өсімдік майы және ұн қосылған бұл тағамды әйелдер өз арман-тілектерін ниет етіп, түнімен тоқтаусыз қозғай отырып пісіреді. Осы «Сумәләкті» тойып, жақсы ниетпен жеген адам келесі жылға басы аман, бауыры бүтін жетеді деген ырым бар.

Мукаром Файзиева, Навой облысының тұрғыны:

- «Сумәләк» - бұл Наурызда, көктем мезгілінде табиғатпен бірге адам ағазасының жасаруына күш беретін ұлттық тағам. Жауанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында бойға қуат, денге шуақ дарытады. Оны әзірлеп жатқанда сансыз періштелер қазанды қорғап тұрады. Олар біздің тілек-дұғаларымызды есітіп, қабыл етеді.

Бүгін елде түрлі жәрмеңкелер мен ойын-сауық, думанды шаралар өтіп жатыр. Осы жиында дәстүр бойынша көктем аруы Бахор ханум, егін атасы Деқкан-баба көпшіліктің ортасында болып, оларға ізгі тілегін арнады. Көпшілік сайыстар өткізілді. Жұрт спорт ойындарына қатысты.

Наурыз мерекесін өзбек халқы осылайша тойлап, бір-біріне қамқорлық, қайырым жасады. Ізгі тілектерін арнайды.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу