Әлемдегі ең ұзын ер адам мен ең кішкентай әйел Мысырда кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдегі ең ұзын ер адам мен ең кішкентай әйел Мысырда кездесті

31.01.2018

Гиннестің рекордтар кітабына енген Түркияның 35 жастағы фермері Сұлтан Косен мен Үндістанның 24 жастағы азаматшасы Джиоти Амге бұл елге арнайы туризмді дамыту бағдарламасы аясында шақырылып отыр.

Косеннің бойы - 2 метр 51 сантиметр. Гипофиз ауруына шалдыққандықтан, оның ағзасында бойдың өсуін жылдамдататын гормондар өте көп. Ал, Джиотидің бойы - бар-жоғы 62,7 сантиметр. Үнді қызы ахондроплазия дертіне шалдыққан. Бұл тұқым қуалайтын аурудан оның сүйектері жетілмей ергежейлі болып қалған. Соған қарамастан, Джиоти киноға түсіп, көптеген реалити-шоуларға қатысады екен.

Рекордсмендер пирамида алдында фотосессияға қатысып, елдің туризм саласын дамытуға үлесін қосты. Былтыр мұнда атақты Голливуд жұлдызы Уилл Смит пен аргентиналық футболшы Лионель Месси де шақырылған екен.

Джиоти Амге, Әлемнің ең кішкентай әйелі:

- Мен көптеген жерлерге барып үлгергенмін, бірақ, бір арманым Мысыр елін көру еді. Бұрын бұл мемлекет жайлы суреттерді «Google»- дан қарайтынмын. Енді, пирамидаларды өз көзіммен көргеніме және мұнда суретке түскеніме өте ризамын.

Сұлтан Косен, әлемнің ең биік ер адамы:

- Бұл сапарым маған өте ұнады. Пирамидалар мен Ніл өзенін көрдім. Барлық адамдардың осындай мүмкіндікке қол жеткізуіне тілектеспін. Мысыр өте керемет мемлекет екен.

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ                 

Хабарламаларға жазылу