Сауд Арабиясында 35 жылда алғаш рет кинотеатрлар ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сауд Арабиясында 35 жылда алғаш рет кинотеатрлар ашылады

12.12.2017

Сауд Арабиясы тарихында кейінгі 35 жылда алғаш рет кинотеатрлар ашылады. Жергілікті билік 1980 жылдары тыйым салынған орындардың жұмыс істеуіне қайта рұқсат бермек. Бұл ханзада Мұхаммед бин Салманның әлеуметтік және экономикалық реформасы «Көрініс-2030» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Оған сәйкес, келер жылы әйелдерге көлік жүргізуге және спорттық шараларға қатысуға да рұқсат беріледі. Дегенмен, консервативтік қоғамда мұндай өзгерістермен келіспейтіндер де бар. Муфтий Шейх Абдул аль-Шейхтің пікірінше, кинотеатрлар адамдардың ойын бұзып, моральдық тұрғыда жаман жолға итермелейді.

Соңғы жылдары әлемде мұнайдың арзандауына байланысты Сауда Арабиясы экономиканы дамытудың өзге де жолдарын іздеп жатыр. Елдің Мәдениет және ақпарат министрі Аввад бин Салехтің айтуынша, кинотеатрлардың ашылуы мәдениет секторының дамуына үлес қосып, жаңа жұмыс орындарының ашылауына сеп болмақ.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу