Ресейдің алдағы Қысқы Олимпиададан шеттетілген 22 спортшысы Лозаннадағы сотқа шағымданбақ. Бірақ, Мәскеу допингке қарсы тергеу жүргізуге кеткен 15 млн. долларды қайтаруы тиіс.
Естеріңізге сала кетсек, Ресей атлеттері Кореяда өтетін ойындарға мемлекеттік тусыз, Әнұрансыз ғана қатыса алады. Олар Пхенчханға бара ала ма? Кремль бұл туралы шешімді жан-жақты сараптамадан кейін қабылдамақ.
Ресейдің Мемлекеттік Думасы ресейлік атлеттердің Пхенчханда өтетін Олимпиададан шеттетілуінің саяси астары бар деп мәлімдеді. Сондай-ақ, Дума депутаттары олар Қысқы ойындардан аластатылғаны үшін елдің спорт саласындағы барлық шенеуніктерді отставкаға жіберуге шақырды. Сонымен қатар, парламентарилердің сөзінше, Лозаннада қабылданған шешім Олимпиада қозғалысының басты қағидаттарына нұқсан келтіріп отыр.
Андрей Исаев, Ресей Парламентінің мүшесі:
- Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімі саяси күрестің лас қаруына айналды. Олимпиада қозғалысының принциптерін бұзатын мұндай шешімдер тек сынауға тұрарлық.
Светлана Журова, 2006 жылғы Олимпиада жеңіпазы:
- Оңтүстік Кореяда өтетін Қысқы Олимпиададан аластатылған 22 ресейлік атлет Лозаннада сотқа шағым түсірді. Олардың әрқайсының арызы жеке түрде қарастырылмақ. Айта кетсек, Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімі бойынша, ақпанның 9-да ашылатын Олимпиадаға Ресейдің допингтен таза спортшылары елдің туын ұстамай, бейтарап команда ретінде қатыса алады.
Светлана Журова, 2006 жылғы Олимпиада жеңіпазы:
- Бірінші кезекте біз әділ шешімді күтеміз. Кінәдан таза атлет өзгелердің әрекеті үшін жауап бермеуі тиіс. Екіншіден, допинг дауына қатысы жоқ спортшылар Ресей туын ұстап, жарысқа қатысулары керек.
Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен Ресейдің вице-премьері Виталий Мутко Олимпиада ойындарынан өмір-бақи аластатылды. Өйткені, ол 2014 жылғы Сочи Олимпиадасы кезінде Спорт министрі қызметін атқарған. Сонымен қатар, дәл сол жарыста ресейлік 20-дан астам спортшы допингпен ұсталды. Оларды бұл заңсыздықта мемлекет қолдады деген мәлімет бар. Алайда, Мәскеу мұны жоққа шығарып келеді.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ