Террористерге қарсы пайдаланылатын әскери техниканың құны– 30 млрд доллар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Террористерге қарсы пайдаланылатын әскери техниканың құны– 30 млрд доллар

10.12.2015
Террористерге қарсы  пайдаланылатын әскери техниканың құны– 30 млрд  доллар
Террористерге қарсы  пайдаланылатын әскери техниканың құны– 30 млрд  доллар

Жерорта теңізінің шығыс бөлігіне топтастырылған түрлі елдердің әскери техникалары мен қару-жарағының жалпы құны шамамен 30 млрд доллардан асады. Осы техника мен әскерлер Сирия мен Ирактағы террористермен күрес үшін топтастырылыпты. Бұл туралы түркиялық Haberturk арнасының сайтында жарияланды.

Террористерге қарсы  пайдаланылатын әскери техниканың құны– 30 млрд  доллар

Сирия мен Ирактағы террористермен соғысу үшін Жерорта теңізінің шығыс бөлігіне аса қуатты әскери күш топтастырылып жатыр. Олардың біразы теңізде болса, біразы құрлықта орналасқан. Деректерге қарағанда өңірдегі әскери техниканың жалпы құны 30 млрд долардан асады.

Жерорта теңіізінің шығыс бөлігінде қазір АҚШ-тың 1 ұшақ тасымалдаушы кемесі, 1 эсминеці, 1 фрегаты, 1 сүңгуір қайығы, 1 барлау катері, 1 электронды шабуыл кемесі, 1 AEGIS класындағы әуе қорғанысы кемесі, 2 логистикалық қолдау кемесі жүзіп жүр. Одан бөлек Түркияның Інжірлік әуе базасында АҚШ-тың 6 дана F-15C және 6 дана F-15E жойғыш ұшағы, 12 дана А-10 ұшағы, 12 дана КС-135 танкер ұшағы, MQ-1 пилотсыз ұшатын аппараты бар. Америкалықтар осы өңірге 1200 әскерін әкелген көрінеді. Ал, террористермен күреске арнап әкелген әскери техникасының жалпы құны 9 млрд 456 млн долларға тең екен.

Ұлыбритания болса аймаққа 1 эсминец, 1 фрегат, 1 сүңгуір қайығын жіберген. Бұлардың жалпы құны 3 млрд 111 млн доллар.
Германия Інжірлік базасында 550 әскер, 6 дана Tornado деп аталатын барлаушы ұшақ пен 1 танкер ұшақ ұстап отыр. Бұл техникалардың құны 235 млн доллар деседі.

Франция Жерорта теңізінің шығыс бөлігіне 1 ұшақ тасымалдаушы кеме, 1 эсминец, 2 фрегат, 1 сүңгуір қайық жіберді. Бұлар 5 млрд 220 млн долларға бағаланатын техника.

Италия Түркияның Қаһарманмараш және Газиантеп қалаларының төңірегіне SAMP/T маркалы зениттік-зымыран кешенін орналастыруға дайындалуда. Ал, Сирия жағалауына жақын маңайда Италияның 1 сүңгуір қайығы мен 1 фрегаты жүзіп жүрген көрінеді. Итальяндықтардың террористермен күрес үшін аймақта ұстап отырған әскери техникасы мен құрал-жабдықтарының құны 947 млн долларды құрапты.

Террористерге қарсы  пайдаланылатын әскери техниканың құны– 30 млрд  доллар

Ал, Түркия болса Інжірлік базасында 18 дана F-16, Диярбақырда 18 дана F-16 ұшағын, Малатия Ерхач базасында 25 дана F-4/2020 ұшағын террористерге қарсы ұрыстар үшін даярлап қойған. Сонымен қатар, түріктер Жерорта теңізінің шығыс бөлігіне 1 фрегат, 2 корвет, 1 десанттық кеме, 1 сүңгуір қайық, 1 логистикалық кеме жіберген. Түрік порттарында кез келген бұйырықты күтіп 28 әскери кеме тұрған көрінеді. Ресми Анкара террористермен күрес үшін 55 мың жауынгер, 500 бронды техниканы сақадай сай етіп даярлап қойған. Есеп-қисап жасаушылар түрік әскери күшінің жалпы құны 3 млрд 442 млн доллар деген болжам айтады.

Испания болса Адана қаласының төңірегінде Patriot зениттік-зымыран кешендерін орналастырып қойған. Сонымен қатар, теңізде 1 фрегаты жүр. Сондай-ақ, Дания да осы өңірге 1 фрегатын жіберген. Сөйтіп, екі елдің ДАИШ-қа қарсы қолданбақ болған әскери техникасының жалпы құны 330 млн долларды құраған. Бұлардан бөлек Жерорта теңізінің шығыс бөлігіне Грекия, Бельгия, Португалия және Голландия әрқайсысы бір-бір әскери кеме аттандырған. Бұл техникалардың жалпы құны 2 млрд 185 млн доллар.

Ал, «Сириядағы террористерді құртамыз» деп жүрген Ресей билігі Жерорта теңізіне 2 фрегат, 2 эсминец, 2 сүңгуір қайық, 1 барлау кемесін жіберіпті. Одан бөлек Сирияның Хмеймим әуежайында ресейлік Су-24, Су-25, Су-30 маркалы 35 ұшағы, Ми-24 тікұшақтары, С-400 зениттік-зымыран кешені орналастырылған көрінеді. Бұл техникалардың жалпы құны 3 млдр 22 млн доллар шамасында болса керек. Бір сөзбен айтқанда, Сирия мен Ирактағы террористерге қарсы күрес бастаған елдер тәуір шығындалып жатыр. Әрине, бұл есеп-қисап өңірге шоғырландырылған әскери техниканың құны. Одан бөлек күнделікті қызмет көрсету шығындары тағы бар.

Қысқасы, Жерорта теңізі қазіргі кезде ең көп әскери кемелер жүзетін аймаққа айналды. Теңіздегі әскери күштердің басым бөлігі НАТО-ға мүше елдердің техникалары мен жауынгерлері. Бәрінің көздегені Сирия мен Ирактағы террористерге соққы беру. Алайда, аймақтағы әскер күштер шындап кіріссе ДАИШ-ты әлдеқашан тас талқан етуіне болар еді. Бірақ, әзірге тек әуе шабуылдарымен ғана шектеліп отыр. Керісінше, Жерорта теңізіне жиналған әскери кемелер НАТО мен Ресейдің бір-біріне сес көрсетуіне ұқсап бара жатыр.



Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу