Басты Жаңалықтар Президент дзюдошыларды тарихи жеңісімен құттықтады

Президент дзюдошыларды тарихи жеңісімен құттықтады

Мемлекет басшысы қазақстандық дзюдошыларды жастар арасындағы әлем чемпионатында табысты өнер көрсетуімен құттықтады. Дзюдодан Қазақстан құрамасы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының аралас командалық жарысында алғаш рет жеңіске жетіп, тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Әлем біріншілігі Эквадордың Гуая киль қаласында өтті. Командалық чемпиондық атақ қазақстандық дзюдошылардың жекелей жарыстардағы рекордтық көрсеткішінің жалғасы болды. Спортшыларымыз үш алтын, үш күміс және төрт қола - барлығы 10 медаль жеңіп алды. Ұлдар командалық есепте бірінші, ал қыздар екінші орынға ие болды. Фатима Супығалиева жасөспірім қыздар арасында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық дзюдошы ретінде тарихқа енді. Президент жас чемпиондардың спорттағы жолы жарқын болуына және жаңа биіктерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, кеше кешкісін Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен сөйлесіп, Ұйым жетекшісі Мемлекет басшысын балуандарымыздың әлемдік жастар турниріндегі бұрын-соңды болмаған бірегей жеңісімен құттықтаған еді.


Бөлісу