АҚШ та жыл сайын 1,3 млн-нан астам оқушы мектепті тастап кетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ та жыл сайын 1,3 млн-нан астам оқушы мектепті тастап кетеді

06.11.2015
АҚШ та жыл сайын 1,3 млн-нан астам оқушы мектепті  тастап кетеді
АҚШ та жыл сайын 1,3 млн-нан астам оқушы мектепті  тастап кетеді

Америка құрама штаттарында жылына 1,3 млн-нан астам оқушы мектеп тастап кететін көрінеді. Бұл туралы Time журналының ресми сайты хабарлады. Алайда, мәселе орта мектептің жоғары сыныптарына қатысты болып тұр.

Батыс елдерінің білім беру жүйелерінде біздегіге қарағанда бірқатар өзгерістер бар. Олар әдетте high school деп жоғары сыныптарды атайды. Әлгі оқуды тастап кететіндер де осы «жоғары мектепке» қатысты болса керек. dosomething.org сайтының жазуына қарағанда Америкада жоғары сыныптарда оқымағандардың жұмысқа орналасуы өте қиын. Яғни, жұмыс берушілердің 90 пайызы азаматтардың мектепті толық бітіргенін қалайды. Ал, мектептен шығып кететіндердің 20 пайызы шетел азаматтары болса, тағы 17 пайызы испан тілінде сөйлейтіндер екен. АҚШ екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде азаматтардың мектеп бітіру көрсеткіші жағынан бірінші орында тұрса, қазір дамыған 27 елдің ішінде 22 орынға тұрақтапты.

Зерттеушілер орта мектепті толық бітірген азаматтардың табысы бастауыш сыныптың деңгейіндегі білімі бар адамдарға қарағанда 50-100 пайыз артық болатындығын анықтаған. Сонымен бірге, Америкада әқ нәсілді немесе тегі азиялық адамдар афро-америкалықтар мен испан тілді оқушыларға қарағанда мектепте дұрыс оқитын тәрізді. Ақ нәсілділер мен азиялықтардың 80 пайызы мектепті түгел бітірсе, афро-америкалықтар мен испан тілінде сөйлейтін азаматтардың 55 пайызы ғана орта білімді толық алатын көрінеді.

Алайда, Time журналы мектепті толық аяқтамаса да әлемге танылған, байыған 11 азаматтың тізімін берген. Олардың қатарында Ричард Брансон, Джо Льюис, Франсуа Пино, Дэвид Мэрдок сынды миллиардерлер бар. Осылайша, орта мектеп аттестатын алу даңқты һәм бай болуға нақты әсер ете қоймайтынын сипаттапты басылым. Ал, Forbes журналы Билл Гейтс те, Стив Джобс та, Марк Цукерберг те бизнес үшін университеттегі оқуларын тәрк еткенін жазғаны бар ертеректе.

Жалпы, әлемде орта мектепті тәмәмдамаған ең кемі 10 миллиардер бар.

Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу