Асқар Мамин Түркістан қаласына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мамин Түркістан қаласына жұмыс сапарымен барды

26.04.2019

Бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин Түркістан қаласына жұмыс сапарымен барып, құрылыс жұмыстарын күшейтілген режимге көшіруді тапсырды. Одан соң жауапты мамандармен бас қосып, тұрғын үй, тарихи-мәдени нысандардың құрылысы, инфрақұрылымды жақсарту, туризмді, ауыл шаруашылығын ілгерілету және арнайы экономикалық аймақты дамыту жайын талқылады. Селекторлық режимде өткен жиында Түркістан қаласында салынатын нысандарға жауапты өзге өңірдің әкімдері де тыңдалды.

Түркістан қаласында биыл 2 300 отбасы жаңа үйге жайғасып, қоныс тойын өткізеді. Оның жартысына жуығы тұрғындарға жалдамалы пәтер ретінде беріледі.Мұнан бөлек әлеуметтік жағдайы нашар 270 отбасы да баспаналы болады. Өткен жылы құрылысы басталған тұрғын үйлердің бүгінде негізгі жұмыстары аяқталған.

Тәжібай Егетаев, Түркістан қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда 10 үйде инженерлік жүйелерді құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда су, жарық, жылу барлығы жеткізілген. Бұл үйлердің барлығы толық болып бітіп пайдалануға беріледі.

Биыл шаһардағы Отырар, Шауғар, Яссы және Бекзат мөлтек аудандарына 193 шақырым газ құбыры жүргізіледі. Ал, келер жылы қала тұрғындары түгелдей көгілдір отынның игілігін көрмек. Сондай-ақ, облыс орталығында қазір жол құрылысы да қарқынды жүріп жатыр.

Роллан Ибрагимов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Түркістан қаласында 845 шақырым көше бар. Оның 100-ден астамына орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 18 шақырым жерде күрделі жұмыстар атқарылуда. Одан бөлек, топырақ жолдарды жою мақсатында 47 көшеге 41 шақырым тас төселуде.

Үкімет басшысы сапар барысында Түркістанның 2024 жылға дейінгі кешенді даму жоспарын да талқылады. Алдағы 5 жылға түзілген жоспар бойынша шаһарда 55 білім беру, 8 денсаулық сақтау, 13 мәдениет және спорт нысандары бой көтереді. 13 мың отбасыға тұрғын үй салынады. Жоба жүзеге асқанда өңірдің жалпы ішкі өнімі 1,7 есе ұлғаяды. Шамамен 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Қазіргі таңда Түркістан қаласы үлкен құрылыс алаңына айналып отыр. Бүгін құрылыс нысандарында болып, атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстым. Талқылап, тиісті тапсырмалар берілді.

Түркістан қаласын мәдени-рухани, туристік орталыққа айналдыру мақсатында тарихи нысандар қалпына келтірілетін болады. Енді халықаралық сарапшылар тобымен ақылдаса отырып, Ясауи кесенесінің келбетін жақсарту үшін бекіністік қабырғасын қайта жаңғырту шаралары қолға алынбақ.

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу