Жамбыл облысында жалпыұлттық «Құтты мекен», «Бақытты отбасы», «Ауыл - ел бесігі», «Халыққа көмек» партиялық жобаларын жүзеге асыру жайы пысықталды. Өңірдің түкпір-түкпірінде межелі міндетті жүзеге асыру үшін бірыңғай әлеуметтік терезелер ашылған. Онда партия мен тұрғындар арасында барлық өзекті мәселелер бойынша ашық диалог орнаған.
«Халыққа көмек» партиялық жобасы - Елбасы партияның кезекті съезінде анықтап берген әлеуметтік басымдықтардың бірі. Онда халықты алаңдатқан өзекті мәселелерді шешуге партия тарапынан нақты үлес қосу көзделген. Ол үшін партияның әр филиалында қоғамдық қабылдау бөлмелері ашылған. Тұрғындар осында келіп көкейдегі сан сауалдары мен өзекті проблемаларын ортаға сала алады. Бұл бастама көпшіліктің әлеуметтік мәселелерін шешуге септігін тигізіп отыр.
Самал Багиева, Аса ауылының тұрғыны:
- Халық арасында Елбасының кезекті XVIII съезінде қабылдаған 4 жобасы туралы өте үлкен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ, биыл еліміздегі 6 мыңнан аса ауылды ажарландыруға 920 млрд теңге бөлінетін болды. Ал, партияның әлеуметтік жобаларына жалпы алғанда 3 трлн теңге қарастырылмақ. Ал, бұл бастамаларға бөлінетін мол қаражаттың мақсатты жұмсалу жағы «Nur Otan»-ның жіті назарында болмақ.
Тамара Дүйсенова «Nur Otan» партиясының хатшысы:
- 10 сәуірде Елбасы «Nur Otan» партиясының орталық аппаратымен кездесті. «Nur Otan» партиясының кезектен тыс президенттік сайлауды қолдайтыны және бұл сайлауға белсенді қатысатыны жөнінде тапсырма берілді.
Өңірдің әр саласын аралап, тұрғындармен кездескен партия өкілдері шалғайда жатқан 1781 елді мекенді көркейту партияның басты назарында болатынын айтты. Партия хатшысы елдегі кедейлік шегінің 50 пайыздан 70 пайызға көтерілгенін айтып, аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін көмек бірте-бірте өсе беретінін де жеткізді.
Сәбит ӘЛДЕБАЙ